Облыс орталығында соңғы алты жыл дересінде қоғамдық көліктермен қатынау ақысы тұрақты болған еді. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап автобус, шағын автобус және трамваймен жүретін жолаушыларға қазіргіден көп ақы төлеуге тура келеді.

Соңғы жылдары жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар өкілдері қоғамдық көліктегі тарифті көтеру мәселесін бірнеше рет ұсынды. Мұны 2017 жылғы шығындардың бүгінде екі есеге дейін өсуімен байланыстырды. Жағдаймен жіті танысу үшін Павлодар қалалық мәслихатының бір топ депутаты аталмыш кәсіпорындарға барып, мән-жайды електен өткізген еді. Кейін сессия барысында жолақысын арттыруға қатысты ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Сөйтіп, жолаушылар жаңа жылдан бастап көлік картасы, банктердің мобильді қосымшасы арқылы қазіргі 80 теңгенің орнына 100 теңге, қолма-қол ақшамен өтеген кезде 130 теңгенің орнына 200 теңге төлейтін болады. Негізі жолаушыларды тасымалдаушылар бұдан да артық бағаны сұраған-ды. Олардың есептеуінше, жол ақысының бағасы кемінде 192 теңге болуы керек. Кейбір бағыттарда қатынайтын автобустарда жол жүру ақысының өзіндік құны 700 теңгеге дейін жететінін алға тартты. Күні кеше Павлодар қаласының әкімдігі 100 және 200 теңгелік тарифтер автокәсіпорындардың сапалы жұмыс істеуіне оң әсер беретінін алға тартып, мәлімдеме жасады. Жергілікті билік жол жүру ақысының өсуі қоғамдық көлікті дамытуға, жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға және жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік беретінін алға тартады. Атап айтқанда, жолақының өсуі есебінен №003, 3, 115, 126, 1, 1э, 2, 9, 18, 27 бағыттарда қатынайтын автобустарды жаңарту жоспарланып отыр. Соңғы бір жыл аралығында облыс орталығында үлкен санаттағы 110 үлкен автобус сатып алынған болатын.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.