Қаңғыбас иттер қашан азаяды?

Қаң 29, 2026

Павлодар ауданына қарайтын Заря және Подстепка ауылдарының тұрғындары оқушы балаларын мектепке жалғыз жіберуден қорқады. Себебі, ауылда иесіз, қаңғыбас иттер көбейіп, кішкентай балалар түгілі ересек адамдарға қауіп төндіріп тұр.

ҚР «Жануарларға жауапкер-шілікпен қарау туралы» Заңы бойыша ауыл тұрғындары иесіз жүрген ит, мысық және басқа да жануарларды өз беттерімен аулауға, өлтіруге қатаң тыйым салынған. Заңға сәйкес панажайлар немесе уақытша ұстауға арналған пункттер болған жағдайда ғана қаңғыбас иттерді аулауға рұқсат етіледі. Оның өзін осы іске құзыры бар ветеринария саласының мамандары жүргізеді. Міне, мемлекеттің осы қамқорлығын жануарлар да сезген болар, қазір қараусыз иттер ауылда да, қалада да емін-еркін «серуендеп» жүре береді.

Заря ауылының тұрғыны Екатеринаның айтуынша, жаз мезгілінен бастап ауыл аумағында қаңғыбас иттердің саны айтарлықтай артқан. Соңғы уақытта мектептен қайтқан балаларға шабуылдау оқиғалары да бірнеше рет қайталаныпты. Абырой болғанда көшеде жүрген үлкен адамдар дер кезінде әрекет етіп, құтқарып қалыпты, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай туралы ақпаратты ауыл әкімі де жақсы біліп отыр. Тұрғындар үнемі фото және бейнематериалдар жолдап, мәселенің ушығып бара жатқанын еске салып отырады. Ал жауапты мамандар болса сол шағымдардың негізінде ветеринарлық қызметке тиісті өтінім берілген, жуық арада тиісті жұмыстар жүргізіледі деп сендіріп келеді дейді.

— Ауыл тұрғындары мәселенің ушығуына алаңдаушылық білдіруде. Әсіресе, балалар үшін алаңдаймыз. Себебі, балаларымыз күн сайын мектепке жаяу барып, жаяу келеді. Егер, қандай да бір оқыс оқиға болса кім жауап береді?! Осыған байланысты бір шара қолданып, қаңғыбас иттерді алып кетуді талап етеміз. Сонымен қатар, иттерін бақылаусыз қалдырған және қарғыбаусыз көшеге жіберетін тұрғындарға әкімшілік жауапкершілікті күшейтіп, айыппұл салу тетіктерін қолдану қажеттігін ескертеміз, — дейді ауыл тұрғыны Екатерина.

Аталған мәселе бойынша Павлодар аудандық ветеринарлық станция басшысы Әсет Молдашпен хабарласқан едік. Тұрғындардың өтініш-шағымдары ескеріліп, арнайы бригада құрылғанын және бүгін-ертең аулау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Яғни, қолға түскен үй жануарларын уақытша ұстау орындарына жеткізіп, тиісті шаралар қабылданады.

Еске сала кетейік, ҚР Азаматтық кодексінің 246-бабы 3-тармағында көрсетілгендей қолға түскен иттерді уақытша ұстау пунктінде 2 айға дейін ұстап, осы кезде  вакцинациялау және стерилизациялаудан өткізіп, қайта табиғи мекендеу ортасына шығару көзделген.

Тілеуберді САХАБА.