Темірболатова Жаңыл – жеті баланың анасы. Күміс алқа иегері. Кішісі Мұхаммед бір жасқа толғанда «Алтын алқалы» ана атанады. Баянауыл ауданының Жаңа тілек ауылында тұратын ол мемлекеттің қолдауынан, қамқорлығынан кенде емеспін дейді.

Өзі де қол қусырып отырған жоқ. Мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдалануда. Былтыр «Бастаумен» біліп алып, көпбалалы ана ретінде қайтарымсыз грант алған. Үйде нан-тоқаш өнімдері мен торттың түр-түрін пісіретін ол сүйікті ісін кішігірім кәсіпке айналдыруды жөн көрген.

— 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант алдым. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Той-томалақ кезінде ауылдастарым тапсырыс беріп тұрады. Қазір кенжеміз 3 айлық. Одан үлкендері де арасы жиі. Сондықтан қазір қолым босағанда, азын-аулақ қосымша табыс тауып отырған жайым бар. Балаларым сәл өскен соң кеңейту ойымда бар. Жалпы, бұл көпбалалы аналарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік, — дейді Жаңыл Темірболатова.

Мемлекеттің қолдауы бар. Балаларыма жәрдемақы төленіп тұрады. «Күміс алқа» үшін қосымша ақы бар. «Мектепке жол» акциясы аясында да жәрдем беріледі. Көмірімізді тегін түсіріп кетеді. Түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Әзірге балаларым бақшаға бармайды. Ал балабақшаға барса, көпбалалы отбасы ретінде төлемнен босатыламыз. Бұл да айтарлықтай көмек деп білемін.

— Ауылда тұрғасын көп өнім – өзіміздікі. Нанды да сатып алмаймыз. Бәрін қолдан жаса-ғанды жақсы көремін. Сондықтан болар, бәрі жеткілікті, — дейді көпбалалы ана.

Жаңылдың жары Сүйіндік қорадағы малын өсіріп, әйеліне жәрдемдеседі. Үйдің тұңғышы Зарема да анасының қолғанаты бүгінде. Одан кейін Фатих, Зере, Нұрайым, Ясмина, Томирис есімді ұл-қызын жеткізу үшін Сүйіндік пен Жаңыл Темірболатовтар аянып қалмақ емес. Бұл ретте, мемлекеттің қолдауының барын біледі. Құқықтары мен мүдделері Ата Заңмен қорғалатынына сенімді. Айта кетейік, Конституцияның 27-бабында дәл осы отбасы мен неке, әке мен ана, бала мемлекет қорғауында екені жазылған.

Көпбалалы ана бүгінде елімізде балаларды дамыту бағытында қолға алынған жобалардан да хабардар. Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың қолында!

Г.ТҮГЕЛБАЙ.