«Елге ел қосылса — құт!» демекші, жыл сайын аймағымызға алыс-жақыннан көшіп келушілер қатары көбеюде. Олар халық санының өсуіне, жұмыс күшінің артуына оң ықпалын тигізіп жатқан жайы бар. Ал қоныс аударушыларды құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсету мәселесі қалай шешілуде? Жалпы, көшіп келушілер қандай көмек алуға құқылы? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің бас маманы Дастан Бахтиярұлы жауап береді.
— Дастан Бахтиярұлы, алдымен ағымдағы жылы аймағымызға шетелден және оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерге бөлінген квота жөнінде тоқтала кетсеңіз…
— Облысымызға қоныс аударушылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр 4 мың адамға квота берілсе, биыл одан көбірек квота бөлінді. Жоспар бойынша осы жылы Павлодар өңіріне 4 106 адам көшіп келеді деп күтілуде. Оның ішінде 1 056 адам шет мемлекеттерден келетін қандастарымыз болса, қалған 3 050 адам «Оңтүстіктен-Солтүстікке» атты ішкі көш-қон бағдарламасы бойынша қоныс аудармақ.
Жалпы, еліміз егемендік алғалы аймағымызға тек шетелден 40 мыңға тарта қандасымыз келіп, бүгінде үбірлі-шүбірлі болып, ел қатарлы өмір сүруде. Түсінген адам үшін бұл да бір бақыт!
— Өңірімізге көшіп келушілерге мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі? Яғни, олар нені білуі тиіс?
— Әрине, қоныс аударушыларға қолдау көрсету және сол ортаға бейімделіп кетуіне бағытталған іс-шаралар назардан тыс қалмайды. Негізі, бұл мәселеге облыс басшысы да көңіл бөліп, қала мен аудан әкімдеріне тапсырма беріп, жіті бақылауында ұстап отырғанын атап өткен жөн.
Сонымен, мемлекет тарапынан ерікті қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде көшіп келушілерге үш түрлі көмек қарастырылған. Атап айтар болсақ, біріншіден, көшіп келген адамдардың әрқайсысына 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде субсидия беріледі. Екіншіден, қоныс аударушы отбасыларына 1 жыл мерзімге дейін үй жалдап тұруы үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Үшінші көмек түрі – ұтқырлық сертификаты. Яғни, солтүстік өңірлерге алыс-жақыннан көшіп келген адамдардың баспаналы болуы үшін алғашқы жарна әрі көмек ретінде 1 160 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманың сертификаты тарту етіледі. Оны үй сатып алуға, үй салуға немесе баспананы ипотекаға алу үшін пайдалануға болады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін немесе кәсібін дамытқысы келетін ағайындарға қайтарымсыз гранттар беріледі. Ол үшін бизнес идеяларын жазып, қорғап шығуы қажет.
— Қоныс аударушылар қай өңірлерге көбірек баруда? Яғни, елді мекендерді таңдау кезінде неге басымдық беріледі?
— Алдымен елді мекендерге қатысты аналитикалық талдау шаралары жүргізіледі. Бұл жерде аталған аумақтарда халықты жұмыспен қамту мүмкіндігі, басқа да әлеуметтік мәселелер жан-жақты зерттеледі. Содан кейін ғана әр жылдың басында аудан-қала әкімдіктерімен және мемлекеттік орталық органмен келісе отырып, көшіп келушілерді қоныстандыру аймақтары анықталып, бекітіледі. Сол бойынша қоныс аударушыларды қабылдау, орналастыру жұмыстары қолға алынады.
Айта кетерлігі, көшіп келушілердің басым бөлігі Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларын таңдайды. Аудандар арасында Май, Успен, Шарбақты өңірлеріне қоныстанушылар саны сәл басымырақ.
— Жуырда аппараттық жиналыста облыс әкімі ауылдық жерлердегі бос үй-жайларды анықтау жайлы тапсырма берген еді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Иә, бұл бағыттағы жұмыстар үнемі бақыланып, тұрақты түрде мониторинг жасалып тұрады. Себебі, елді мекенге біреу келіп жатса, енді біреу қалаға кетіп жатады дегендей. Бірақ ауыл, аудандардағы сатылатын үйлердің 90 пайызы жеке меншік болғандықтан, олардың иелеріне ешқандай талап қоюға құқығымыз жоқ. Сондықтан бағдарлама шеңберінде сатып алынып жатқан үй иелерімен заң аясында келісімшарт жасалып, сол бойынша ғана рәсімдеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі таңда барлық аудандағы жауапты мекемелер бұл бағыттағы жұмыстарды назарда ұстап отыр.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.