Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, тағдыр айдап шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың ат басын атамекенге бұрған ұлы көштің керуені басталып кеткен еді. Міне, содан бергі 30 жыл ішінде миллионнан астам қандастарымыз елге оралды. Дегенмен қандастарды құжаттандыру, оларды қоғамға бейімдеу және жұмысқа орналас-тыру мәселесі әлі түйткілді күйде қалып отыр. Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас-
шысы Альмира Дисюповамен әңгімелестік.
— Альмира Аманқызы, биыл қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша қанша квота бөлінді?
— Ағымдағы жылы ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде Павлодар облысына
қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабылдауға 3505 адамға квота бекітілді. Оның ішінде қандастар — 1252 адам, жұмыс күші артық өңірлерден — 2253 адам. Бүгінгі күнде өңірлік квотаға 2648 адамды құрайтын 591 отбасы қосылды. Оның ішінде қандастар — 989 адам, ішкі қоныс аударушылар — 1870 адам. Көшіп келгендердің ішінде 1270 адам жұмысқа қабілетті жаста, жұмысқа орналасқандар саны — 751 адам. Сондай-ақ, 54 адам жеке кәсіппен айналысуда, 3 адам қайтарымсыз грантқа ие болды. Қоныс аударып келгендердің ішінде 145 адамның жоғары білімі бар, 140 адам орта біліммен және 187 адам — техникалық-кәсіптік білімі бар азаматтар. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 943 адамға қандас мәртебесі берілді.
— Теріскейге ат басын бұрған азаматтар қайда жұмысқа орналасуда?
— Педагогикалық білімі бар қоныс аударушылар мектеп және мектепке дейінгі мекемелерге жұмысқа орналыстырылды. Сондай-ақ, келген азаматтардың ішінен жалпы практика дәрігерлері, эпидемиолог және хирург мамандары бар. Бұдан басқа, ауылдық жерлерде қоныс аударушылардың көпшілігі жергілікті шаруа қожалықтарына механизатор, тракторшы, жүргізуші, түрлі аппараттардың операторы ретінде жұмысқа орналыстырылды. Ішкі қоныс аударушылардың басым бөлігі Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарынан келсе, қандастарымыз Моңғолия, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінен қоныс аударып жатыр. Көшіп келгендердің көбі мұғалім, медицина және ауылшаруашылық, қызмет көрсету саласындағы мамандар болып табылады. Өңірлік қабылдау квотасына қосылған қандастармен қоныс аударушылар бағдарлама шеңберінде барлық мемлекеттік қолдау шараларына ие болды.
— Көшіп келген қандастар мен оңтүстік өңірлерден қоныс аударған азаматтардың әлеуметтік келісімшарттары тексеріле ме? Қайта көшіп кеткендер болды ма?
— Әрине. Облысымызда бүгінгі таңда 2023-2024 жылда көшіп келген қандастар мен қоныс аударушылардың әлеуметтік келісім шарт талаптарын сақтау бойынша мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі күнде шығу жұмыстары Аққулы, Железин, Ақтоғай, Ертіс және Шарбақты аудандарына жүргізілді. Аталған аудандарда 298 адамның қоныстану өңірінен өз бетінше шығып кеткені анықталды, сондай-ақ, 157 адамға төленген қаражатты қайтару туралы хабарламалар жіберілді. Қалған бағдарлама қатысушыларына қаражатты қайтару туралы жұмыстар жүргізілетін болады.
— Қандастар мен қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алуға экономикалық-ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл бағдарламаға тағы кімдер қатыса алады?
— Қоныс аудару бағдарламасына «Әлеуметтік кодекстің» 112-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыс іздеуші, жұмыссыз ретінде тіркелеген және қандастар мәртебесі бар азаматтар мен жұмыс берушілердің қатысу мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына экономикалық-ұтқырлық сертификатын беру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Кейін экономикалық-ұтқырлық сертификатын алуға өтініш келіп түскеннен соң, Мансап орталығының мамандары сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі туралы ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығы мен толықтылығын, сондай-ақ, мұқият және толық тексеру үшін қосымша шығу арқылы тексеру жұмыстарын жүргізеді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.