Қоныс аударғандарға қандай қолдау бар?

Шіл 17, 2025

Мемлекет тарапынан ерекше қадағалауға алынып отырған мәселелердің бірі – ішкі және сыртқы көші-қон. Еліміздің оңтүстік өңірінен қоныс аударушылар мен шетелден көшіп келетін қандастарды қоныстандыру, тиісті мемлекеттік жәрдемақыларын рәсімдеу күн тәртібінен түскен емес. Ал Павлодар облысы көшіп келушілерді қоныстандыруға Үкімет айқындаған тоғыз өңірдің қатарында болғандықтан, бұл мәселенің өзектілігі біз үшін де жоғары. Ендеше, бір елден екінші елге, бір өңірден екінші өңірге қоныс аударып келген ағайындарға мемлекет тарапынан қандай жәрдем көрсетіліп жатыр? Осы және өзге де мәселелер бойынша «Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орта-лығының» көші-қон және еңбек нарығының мобильділігі бөлімінің басшысы Ринат Қарамбаевпен сұхбаттастық.

— Ринат Жастілекұлы, өңірлік квота шеңберінде келген қоныс аударушыларға қандай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі?

— Қоныс аударушыларға түрлі деңгейдегі қолдау шаралары бекітілген. Егер, рет-ретімен айтар болсақ, біріншісі – көшуге арналған субсидия. Ол – бір рет отағасы және отбасының әрбір мүшесіне беріледі. Көлемі – 70 АЕК. Екіншісі – тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге берілетін субсидия. Ол әрбір отбасыға уақытша үй жалдап тұруы үшін төленеді. Яғни, бір жылға дейін ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін белгіленген. Көлемі тұрақтаған қала, аудан және елді мекеніне байланысты. Үшіншісі – жұмысқа орналасуға арналған субсидия. Яғни, өңіраралық қоныс аударушыға жәрдем көрсететін жұмыс берушіге 400 АЕК көлемінде субсидия беріледі. Жұмыс беруші 2-5 жыл мерзіммен тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтуы керек. Төртіншісі – тұрғын үй алуға бағытталған бірреттік жәрдемақы. Бұл «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» деп аталады. Биыл 4 561 120 теңгені құрайды. Бұл қаржы қолма-қол ақшамен, баспананы ипотекамен алса бастапқы жарна ретінде, үй салса құрылыс материалын алуға пайдалануға болады.

— Ал жеке кәсіп бастаймын деген адамдарға қандай көмек немесе жеңілдік жасалады?

— Жеке кәсіп ашуға ниеттеніп келген адамдарға қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама беріледі. Сонымен қатар, бизнес бастаған азаматтарға қайтарымсыз гранттар қарастырылған. Яғни, үміткерлер 400 АЕК-ке дейін грант алып, кәсіптерін жүргізуге мүмкіндік бар.

— Биыл жыл соңына дейін Павлодар облысына ішкі және сыртқы көші-қон бойынша қанша отбасын қабылдауды жоспарлап отыр?

— Ағымдағы жылы Павлодар облысына өңірлік қоныс аударушылар мен қандастардың өңірлік квотасы бойынша 4106 адамды (819 отбасы) қабылдау жоспарланған. Соның ішінде: қоныс аударушылар – 3050 адам (569 отбасы), қандастар – 1056 адам (250 отбасы). Соңғы мәліметтер бойынша барлығы 405 адам (93 отбасы) квотаға енгізілді. Оның 39-ы оңтүстіктен көшкен, 366-сы – шетелден келген қандастар.

— Құжаттарды қабылдау бойынша қандай жаңашылдықтар бар?

— Бұрын квотаға енгізу үшін құжаттарды тікелей тапсыратын еді. Соңғы жаңашылдықтарға байланысты барлық құжаттар онлайн тапсырылады. Яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап migration.enbek.kz порталы арқылы тапсырады.

— Жалпы, шеттен келген қандастар мен оңтүстіктен көшіп келушілер еліміздің қай өңірлеріне қоныстануда?

— Халық саны тығыз, еңбек күші мол өңір тұрғындарын солтүстік, шығыс және орталық облыстарға тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр.  Сонымен қатар, шетелде тұратын қандастарды атажұртқа тарту мәселесі өзекті. Осы тұста қандастар мен қоныс аударушыларды Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары қабылдап жатыр. Яғни, осы таңдалған облыстарға келген азаматтар ғана мемлекет тарапынан белгіленген квота мен субсидияларға қол жеткізе алады.

— Ақпаратыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.