«Қазақстан халқына» қоры бүгінде еліміз бойынша елеулі көмек көрсетуде. Әсіресе, денсаулық, әлеуметтік қорғау, білім беру салаларындағы сұранысты қанағаттандыруға күш салып келеді. Облысымызға осы қордан 3,2 млрд теңгенің қайырымдылық көмегі берілген. Тағы 1,5 млрд теңгеге қолдау көрсетіледі.

Қомақты қаражат қай бағытта кәдеге жаратылғанын Достық үйінде өткен жиында «Қазақстан халқына» қорының атқарушы директоры София Айсағалиева кеңінен баяндады. Мұндай дөңгелек үстел шаралары еліміздің 20 өңірінде өтіп, жұртшылықтың ұсыныс-тілектері жиналуда. Алдағы қазан айында өтетін қордың қорытынды ІІ конференциясында ұсыныстарға талдау жасалмақ. Айтуынша, медициналық қажеттіліктерге басымдық берілуде. Жалпы, қор бүгінде қазақстандықтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 млрд теңгенің 40-тан аса қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын қаржыландырып отыр.


— Былтыр еліміз бойынша 592 ұсыныс қабылдадық. Соның 400-ден астамын қордың бағдарламаларына енгіздік. Көбі денсаулық сақтау саласына қатысты. Одан кейін әлеуметтік қорғау, білім салалары да бар. Павлодар облысына көрсетілген көмектің басым бөлігі, нақтысы, 2,6 млрд теңгесі ауыр және орфандық сырқаты бар 39 пациенттің қымбат дәрі-дәрмегін сатып алуға жұмсалды. Одан бөлек, бізде емі жоқ балалардың шетелде емделуіне де қолдау көрсетілуде. Енді кезекте біз медицинаның кем-кетігін түгендеуге күш саламыз. Яғни, тұрғындарды шетелге жібергеннің орнына өзімізде емдеудің мүмкіндіктерін жасау мақсат етіліп отыр,- деді С.Айсағалиева. Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қордың аймағымыз үшін қолдауы сезілгенін атап өтті. Ірі жобалар іске асқанын атап өтті. Мәселен, Ертіс ауданының №4 мектебі адам танымастай өзгерді. Енді бұл тірек мектеп шағын жинақты мектептерге қолғабыс жасауы тиіс. Жыл соңына дейін облыста тағы үш білім ордасы – Баянауылдағы З.Ақышев атындағы, Тереңкөлдегі Қ.Оспанова атындағы, Аққулы ауданы орталығындағы жалпы орта мектептерінің Назарбаев зияткерлік мектептері стандарты бойынша материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Сонымен қатар, еліміз бойынша көбі жөндеу көрмеген 99 арнайы мектепті жан-жақты жабдықтау жоспарланған. Облысымызда бүгінде мұндай үш мектеп жабдықталса, тағы төртеуі жыл соңына дейін өзгеріп шықпақ. Сонымен қатар, аутист балаларды оңалту орталығының жабдықталуы, ауруханалрдың біріне көз ауруларын емдеуге қажетті диагностикалық, офтольмологиялық жабдықтардың орнатылуы сынды жұмыстар бүгінде көпшіліктің игілігіне жарап тұр. Аймағымызда қордың қолдауымен жаңа туған балалардың денсаулығындағы ақауларды ерте анықтау орталығын ашу жоспарланып отыр. Қазақстан көлемінде осындай 13 орталық ашылмақ. Бұл мекеме балалар мүгедектігінің алдын алуды көздейді. Облыстық балалар ауруханасында нейрохирургиялық қызметті дамытуға да қолдау болмақ. 95,2 млн. теңгеге жабдық жеткізілмек. Ал мамандар Алматыда оқытылады. Осылайша, нейрохирургиялық бағыттағы кейбір қызметтер өңірлердің өзінде көрсетілмек. Сонымен қатар, гематолог, онколог, генетик, узист дәрігерлерді шетелде оқыту және шетелдік мамандарды тартумен шеберлік сағаттарын өткізу жобасы да жүзеге асуда. Сондай-ақ, Павлодар қаласында №1 қалалық ауруханасы базасында елімізде алғашқы оңалту орталығын ашу жоспарлануда.
Жиында аудан-қалалардан келген азаматтар ұсыныстарын айтты. Мәселен, жиынға қатысушылардың бірі ауылдандан оңалту орталықтарына келетін балаларды тасымалдайтын инватакси қарастыруды сұрады. Айтуынша, кез келген такси мүмкіндігі шектелуі жанды алуға келіспейді. С.Айсағалиева мұндай мәселе еліміз бойынша өзекті екенін атап өтті. Алайда, қор тек көлік сатып ала алады. Ал ай сайын шығынын көтеру, қызметін ұйымдастыру жұмыстарына қатыса алмайды. Сондықтан, жергілікті билік оны реттеудің жолын тапса, көлікті сатып алу қор үшін қиынға соқпайды. Сонымен қатар, аутизст балаларды оңалту орталығын кеңейту мәселесі көтерілді. Мұнда бүгінде 100 балаға қызмет көрсетіледі. Тағы 200 бала осындай жәрдемге мұқтаж. Бұл істе де қор жөнделген ғимарат болса, қажетті жабдықпен қамтуға әзір. Сондай-ақ, қор өкілі спорт мекемелері ментальді бұзылыстары бар балалармен жұмыс істеуге бетбұру мәселесі шешілуі керек, деді. Мұндай жеткіншектер бағыт берсе, спортқа бейім келетіні әлемдік жарыста байқалған екен. Азамттардың бірі қор Бюджеттік кодексте қарастырылмайтын тұстарды түгендеуге ден қойса деген тілегін білдірді. София Серікбайқызы қор мен бюджеттің арасындағы жауапкершілік аймақтары айқындалған. Сондықтан, бір-бірін қайталау жағы жоқ, деді. Айзада Амангелдіқызы өз кезегінде алдағы уақытта аймағымызға спорттық бағытта да қолдау көрсетілсе деген өтініш білдірді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.