Жуырда Баянауыл ұлттық паркі 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Елімізде алғаш ашылған парктің аумағы – 98 мың гектар. Осындай киелі өлкеде Қызыл кітапқа енгізілген арқар сынды және бұлан, қабан, қасқыр, т.б. жануарлар түрлері кездеседі. Мерейтойға Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев және өңірдің зиялы қауымдары қатысты.
Аталмыш ұлттық парк 1985 жылы 12 тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданында құрылған. Бірнеше орманшылығы бар, мұнда 24 археологиялық табиғи ескерткіш орналасқан.
– Туризмді дамытудың бас жоспарын түзету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жүктемені Жасыбайдан азайту үшін Торайғыр мен Сабындыкөл көлдерінің маңындағы инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда. Бұл аймақтарда инвесторларға қонақүйлер мен тау кемпингтерін салуға арналған ұзақ және қысқа мерзімді пайдалану учаскелері бөлінеді. Қазіргі таңда оның ішінде 42-сі – ұзақ мерзімді, 24-і қысқа мерзімді жалға берілген, – деді табиғи парктің директоры Алмас Жұмашев.
Одан бөлек, шара барысында орман қызметінің ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Олардың көбі бүгінде жас мамандарға үлгі болып, жылдар бойы жинаған тәжірибелерімен бөлісуде.
Ұлттық парк басшысы Алмас Жұмашевтің айтуынша, мекемеде 157 адам еңбек етеді. Олардың қатарында орман инспекторлары, орманшылар, экологтар және туризм саласының мамандары бар.
Салтанатты шарада парк ардагерлері мен қызметкерлері табиғатты қорғау мен экотуризмді дамытуға қосқан үлестері үшін Құрмет грамоталарына, алғыс хаттар мен ведомстволық медальдарға ие болды. Табиғатты қорғау саласында ұзақ жыл еңбек еткен 18 қызметкерге арнайы төсбелгілер мен Алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында белгілі қорықшы, «Қоңыр әулие» үңгірінің шырақшысы Алтынбек Құрманов та бар.
– Өмір бойы сүйікті ісіммен айналысып, бүгінде «Баянауыл ұлттық табиғи паркіне еңбегі сіңген қызметкер» атағын алу – үлкен жетістік. Осындай атаулы құрметке ие болғаныма ризамын. Бастысы, киелі жеріміз жылдан- жылға көркейіп, келушілер саны ұлғайып, табиғатымызды әрдайым аялай жүрсін, – дейді халықтың ыстық ықыласына бөленген Алтынбек Құрманов.
Айта кетейік, Ұлттық парктің орманмен көмкерілген жерлерінің аумағы — шамамен 19076 гектар. Киелі мекендегі 552 өсімдіктің бесеуі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар, жануарлардың сирек кездесетін 45, құстардың — 11, балықтардың 13 түрі кездеседі.
Өз тілшіміз.