Қорғансыз қарттардың халі қалай?

Ақп 20, 2025

«Ақсу қаласындағы пансионатта зейнеткерлерді ұрып-соқты» деген жаға ұстатарлық жайсыз хабарды бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялауда. Құқық қорғау органдарының өкілдері де қарттарға қатыгездік көрсету фактілерінің расталғанын анықтады.

Ай мен күннің аманында қорлық көрген қорғансыз қариялардың мәселесі майшаммен қаралуда. Прокуратура қызметкерлері Ақсудағы қарттарға арналған шағын жинақты пансионаттағы бейнекамералардың жазбасын мұқият қарап, онда қатыгездік оқиғалары орын алғанына көз жеткізді. Ақсу қаласы прокурорының орынбасары Әділет Әлмұхамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда аталған жағдайға кінәлі тұлғалар анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

— Пансионат қызметкерлері тұрақты түрде екі қарт адамды ұзақ уақыт бойы қорлап, зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Жәбірленушілердің бірінің жасы – 84-те. Оларды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыстың суығында сырт киімсіз аулада ұстаған. Қарт адамдарға күш көрсеткен барлық кінәлі адамдар анықталды. Осы факті бойынша Ақсу қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, — деп мәлімдеді Ақсу қалалық прокуратурасы.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, сонымен, қазіргі уақытта бұл қарттардың жағдайы қалай? Осы сауалымызға жауап алу үшін Ақсу қаласындағы шағын жинақты пансионатқа хабарласқан едік. Аталмыш мекеме тізгінін ұстағанына біраз уақыт болған Дана Таңатқызы орын алып жатқан оқиғаға қатысты қандайда бір ақпарат беруден бас тартты.

Осылайша, ол жақ ашпаған соң облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасы арқылы жауапты адамды тауып, тілдесуге мүмкіндік туды. Бұл ретте, оның да айтар өз уәжі бар көрінеді.

— Мен 2019 жылы әлеуметік серіктестік жобасы аясында Ақсу қаласындағы осы пансионатты ашып, өзім басшылық еткен едім. Қазіргі таңда онкологиялық ауруға шалдығып, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан жайым бар. Сол себепті бұл мекемені басқа адамға бас-көз бола тұршы деп тапсырып қойған едім әрі қазір зейнетке шыққанмын. Өкінішке қарай, осындай жайсыз жағдайдың болғаны жаныма батты. Қарттарға қол көтерген кінәлі адам заң алдында жауап береді. Тергеушімен сөйлесіп едім, тәртіп бұзған қызметкер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Ал пансионаттағы қариялардың кейбірін жақын туыстары келіп алып кетіп жатыр. Сондай-ақ, 5 қария Павлодар қаласындағы қарттар үйіне орналастырылатын болады. Сөйтіп, көп кешікпей Ақсу қаласындағы пансионат жабылады, — деді мекеменің бейресми басшысы Жібек Сатабаева. Оның айтуынша, мұндағы 15 қарттың да туған баласы жоқ. Кейбіреуі жанашыр жақынына зәру. Бірінің туысы Ресейде, енді бірінікі Германияда тұрады екен. Бұдан былай бұл қорғансыз жандар қалған өмірін облыс орталығындағы қарттар үйінде өткізбек.

Айта кетерлігі, аталмыш пансионат үкіметтік емес, яғни жеке ұйым болып саналатындықтан, оның жұмысына мемлекеттік мекемелердің араласуына құқығы жоқ көрінеді. Бірақ мемлекеттік тапсырыс аясында мұндағы әр қарияға қазынадан күніне 4 мың теңгеден астам сома көлемінде қаражат қарастырылған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталмыш пансионат аталған мекемемен 15 адамға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша келісім-шарт жасасып, серіктес болып келген. Осы жағдайдан кейін қарт-тардың мемлекеттік мекемелерге ауыстырылуына байланысты бұл бағыттағы жұмыстар да тоқтатылмақ. Сондай-ақ, сот шешімінен кейін басқарма мемлекеттік сатып алу туралы шартты бұзатын болады, дейді мамандар.

Бір анығы, жазықтылар анықталып, заң бойынша жазасын алар. Бірақ күш-қуаты сарқылып, қартайған шағында мекеме қызметкерлерінен таяқ жеп, қорлық көрген қамкөңіл қариялардың жан жарасы жазыла ма?! Бұған кім жауапты? Неге қорғансыз қариялардың тағдыры жеке ұйымдарға тапсырылады? Көкейде сұрақ көп…

Н.АҚЫТЕГІ.