Соңғы кездері қосымша демалыс күндерінің енгізілуіне байланысты ұсыныстар көбеюде. Әртүрлі мекеме қызметкерлері мерекеге орай жұмысынан бір күн демалғанды жөн көрсе, енді біреулері экономикалық тұрғыдан кері әсерін тигізетінін айтады. Елімізде бүгінде 10 мемлекеттік мереке атап өтіледі. Балалар күні ресми түрде демалыс күні бола ма? Ұсыныстар қай уақытқа дейін қарастырылады? Сұрақты «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Динара Айтжанова, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшысы:
– Алдағы уақытта 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде мемлекеттік мереке деп танылса, отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал етіп, ата-аналарға мектеп демалысының алғашқы күнінде мерекелік шара ұйымдастыруына мүмкіндік береді. Десек те, жаңа мерекелік күнді белгілеу – күрделі әрі бірнеше сатыны қамтитын маңызды процесс болуы мүмкін. Соңғы кездері халық арасында жиі қозғалатын ұсыныстардың бірі болғандықтан, жоғарғы тұлғалар оған баса мән беріп, елімізге әсер ететін оң мен сол тұстарын қарастырып барып, дұрыс шешім қабылдаған жөн. Елімізде жыл сайын атап өтілетін мерекелердің қатарында тарихи және ұлттық маңызы зор күндер бар. Сондай-ақ, ұлттық құндылықты дәріптейтін мерекелер жылдан-жылға көбейіп барады. Оларды демалыс күні деп белгілемесек те, әрбір мекеме мереке қарсаңында шара ұйымдастырып, халық арасында өзіндік дәстүр қалыптастыруына ықпал етуде. Сондықтан аталмыш мерекелік күнді күнтізбеге енгізбес бұрын, қоғамдық кеңес, ғылыми орта, ақпараттық ұйымдармен талқыланып бір шешім қабылдауы керек.
Еркеғали Жанғазы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
– Менің ойымша, тек ұлттық дәстүрлі мерекелер кезінде демалған жөн. Ал әртүрлі сала мамандарының төл мерекесін атап өту үшін жұмыстан босату дұрыс емес. Ұлттық шаралардың тарихы терең, қоғам арасында маңызы зор, әрі танымдық қабілетті дамытуына ықпалын тигізеді. Қазіргі таңда еліміздің аталып өтіп жатқан мемлекеттік мерекелердің барлығы орынды. Соңғы кездері қоғам арасында қызу талқыланып жатқан қосымша демалыс күндері күнтізбеге енгізілетін болса, ел экономикасына кері әсерін тигізетіні анық. Мысалы, үзбей жұмыс істейтін кәсіпорындардың қызметкерлері мерекеге орай демалған кезде төтенше жағдай орын алса, жұмысшылар сол әкімшіліктің кесірінен зардап шегуі мүмкін. Сол себепті алдымен зор жауапкершілікті қажет ететін сала мамандарының жұмыс барысына мән беру керек. Дамушы мемлекеттер қатарына қосылуды мақсат етсек, демалыс күндерінің санын ұлғайтпай, керісінше көп еңбек етіп, нәтиже көрсетуіміз керек.
Данара Құнанбай, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі мерекелер саны қазіргідей көп емес еді. Ұмыт болған тарихи маңызы зор мерекелердің қайта жандануы ұлтымыздың алға дамуының көрсеткіші деп ойлаймын. Сондай-ақ, халықтың ұсынысына назар аударып, әрбір шаңырақты нығайтатын балалалар күні мерекесін демалыс күні деп қарастырса, жоғарғы тұлғалар мен халықтың байланысы күшейе түсуші еді. Мысалы, Қытай елінде балалар күніне орай демалыс беріледі екен. Яғни атаулы күні ата-аналар балаларымен көп уақыт өткізіп, мерекенің қызығын толығымен көреді.
Өзім білім ордасында еңбек етемін. Бал аларымның бірі мектеп оқушысы, екіншісі балалабақшаға барады. Олармен бірге ойнап-күліп уақыт өткізгім келеді. Алайда тек кешкі уақытта дастархан басында бас қосып, бір күндік жаңалықпен бөлісеміз. Келесі жылы екінші балам балабақшамен қоштасып, алғашқы оқу жылына аяқ басады. Бүлдіршіндер тез есейіп, бақытты балғын шақтарының әр сәтін бірге өткізіп, еске сақтағың келеді. Осыған байланысты елімізде мерекелер күніне тағы бір балалар күнінің мерекесіне орай демалыс күні қосылса, барлық ата-аналар қуанар еді. Оларға бағалы уақытыңды бөліп, балаша ойнап, керемет отбасылық демалысқа бөленер едік.
«Алаңды» үйлестірген – Салтанат ҒАББАС.