Барша мұсылман баласы үшін ерекше қасиетті айлардың бірі – Алланың елшісі дүниеге келген Рабиғул әууәл айы. Мұны мұсылман қауымы Мәуліт айы деп атап, айрықша құрметпен қарсы алады. Биыл Рабиғул әууәл айының бірінші күні 4 қыркүйекке сәйкес келеді. Ал Пайғамбарымыз сол айдың 11/12-сі күні дүниеге келген.
Рабиғул әууәл – һижри жыл санауы бойынша үшінші айдың атауы. Бұл айға мұсылмандар ерекше мән береді. Өйткені, Алла елшісі (с.ғ.с) дәл осы айда дүниеге келген. Адамзаттың асылы, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Рабиғул әууәл айының он екісінде, дүйсенбі күні (милади жыл санауы бойынша 571 жылы, 20 сәуірде) дүние есігін ашты. Бұл туралы қасиетті Құран кәрімде («Әнбия» сүресі, 107-аят) «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп жібердік», – деген аят бар. Шынында ол бүкіл әлемге рақым, мейірім, шапағат ретінде жіберілген Алланың елшісі болды.
Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте, бір күні: «Уа, Расулалла! Мүшриктерді қарғап дұға етіңіз!» – деп сұрады. Сонда ол: «Мен лағынет айту үшін емес, рақым ету үшін жіберілгенмін», – деп жауап береді. Тағы бір хадисінде «Мен бүкіл әлемге рақым, тақуалы жандарға һидаят етіп жіберілгенмін», – деп айтқан екен. Мұсылман елдерінде Рабиғул әууәл айы келгенде Алла елшісінің тұлғалық бейнесін үйренуге көбірек мән беріледі, оның өмірі туралы халыққа кеңінен насихатталады. Осылайша бір адамның өмірі арқылы бүкіл адамзат баласына тән жақсылықты, мейірімділік пен шапағатты насихаттайды. Пайғамбарымыздың айтқан әрбір сөзінде, ісінде тіпті үнсіздігінде мұсылмандар үшін үлкен ғибрат бар. Кім оған ерсе, ең жақсы үмметтің дара адамдары қатарынан орын алады.
Мәуліт – адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз дүниеге келген ай болғандықтан, бұл айда қандай да бір жамандық, күнәлі істердің алдын алу керек. Бұл одан кейінгі өміріміздің жақсылық пен ізгілікке толы болуына бастамаша болары анық. Сондықтан, Рабиғул әууәл айында сүйікті пайғамбарымызға салауат пен сәлем жолданады. Алла елшісі бір сөзінде: «Кім маған бір рет салауат айтса, Алла оған он рет салауат айтады», – деген.
Бұл айда Пайғамбардың өмірбаянын, ғибратты ғұмыр жолын тану арқылы асыл дініміздің құндылықтарын бойға сіңіре аламыз. Алла елшісінің өмір жолын тану арқылы біз оның сүннеттерін орындап, Алланың разылығын табады екенбіз. Мұның барлығы қиямет күні пайғамбарымыздың шапағатына жетуге себеп болатын істер деп түсінген жөн.
Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.