Қоршаған орта, климаттың өзгеруі, ауаның тазалығы сынды мәселелер қоғамның әрбір мүшесін алаңдататыны анық. Өйткені, айналамыздың «амандығы» —
адамзаттың дұрыс өмір сүруінің кепілі. Осыны ескерген павлодарлық азаматтық қоғам белсенділері өңірлік 13-ші Азаматтық форумға дәл осы қоршаған ортаны қорғау мәселесін тақырып етіп алыпты.
Кеше Достық үйінде басталған алқалы жиында табиғатты қорғауда қоғам болып бірлесудің маңыздылығы айтылды. Форумға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров, Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева және өңіріміздің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.
— Мұндай кездесулерде ортақ жұмысымызды айқындаймыз. Өңірімізде саяси партиялар, жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар, бастамашыл топтармен жүйелі қарым-қатынас орнатылған. Қазіргі уақытта барлық әлеуметтік маңызы бар жобалар қоғамдық талқылаусыз, бірде-бір шешім азаматтық сектордың бақылауынсыз қабылданбайды. Жалпы, азаматтық сектордың өңіріміз үшін алатын орны зор, — деді Айзада Құрманова. Президенттің жуырдағы Жолдауынан үзінді келтірген Айзада Амангелдіқызы жалпы Әділетті Қазақстан құру үшін қоғамдық сананы, азаматтардың ниетін өзгертудің маңыздылығын тілге тиек етті. Форумға «Азаматтық қоғамның қолайлы қоршаған ортаны құрудағы рөлі» тақырыбының таңдалуы да бекер еместігін, өңіріміздің қоғам мүшелерінің қоршаған ортаны қорғау жолында тәжірибесі мол екенін атады. Енді әлі де жетілдіру бойынша ұтымды ұсыныстар айтылаты-нына сенім білдірді. Ал вице-министр Д.Қадыров азаматтық секторды қолдау бағытында министрлік тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде тиісті заң жобаларының қабылдануына күш салынып жатқанын атады. Мәселен, «Мемлекеттік тапсырыстар туралы», «Қайырымдылық туралы», «Қоғамдық қорлар туралы» заңдарға өзгерістер енгізілген. Қазіргі таңда «Қоғамдық бақылау туралы» заң Сенатта қаралуда. Мәжілісте «Қоғамдық бірлестіктер туралы заңға өзгерістер енгізу жөніндегі» заң жобасы қарастырылуда. Міне, осы өзгерістер ҮЕҰ жұмысын жетілдіруге септігін тигізеді деп күтілуде. Кем-кетік тұстардың барын жоққа шығармады, бірақ, бірлесе отырып, оң шешім қабылдауға дайынбыз, деді. Қазақстанның Азаматтық Альян-сының Президенті Б.Нұрғазиева өзекті мәселелерді әр өңірде талқылау тиімді болып жатқанын атап өтті.
— Азаматтық Альянстың республикалық форумы екі жылда бір рет өткізіледі. Оған ары кетсе 300 адам жиналады. Бұл, аз деп есептедік. Қоғамдық мәселелерге азаматтық секторды барынша тарту қажет деген ойға келдік. Сөйтіп, биыл еліміздің 20 өңіірінде ең өзекті деген 20 мәселені көтеріп отырмыз. Өңірлік жиындарда талқыланған мәселелерді, ұсыныс-
тар жинақталып, құзырлы министрліктерге жеткізіледі. Одан кейін 11-ші республикалық форумда талқыланбақ, — деді Бану Ғаниқызы. Сондай-ақ, ол мемлекеттік тапсырыс турасында әлі де жетілдіретін тұстарды алға тартты. Әсіресе, тапсырысты әр өңірдің өз ұйымдары ұтқанына мүдделі. Әйтпесе, өзге өңірден жеңіп алған ұйымның алыстан біреуді жалдап атқарған ісінің сапасы сын көтермейтінін алға тартты. Ал Орталық Азия аймақтық экология орталығы филиалының директоры Н.Сәтімовтің айтуынша, қоршаған ортаны қорғау үшін мәселеге адамдарды көбірек тарту әрі олардың мәдинетін өзгертуге күш салынуы қажет. Ол климаттық миграция мәселесін көтерді. Яғни, қуаңшылық артқан жерден адамдардың біршама жайлы жаққа үдере көшу жағдайлары жиілеген көрінеді. Мұндай қорытынды Бүкіләлемдік банк жүргізген зерттеуде көрініс тапқан. Онлайн байланыс арқылы форумға қосылған халықаралық сарапшы Б.Есекин елімізде су тапшылығы, қуаңшылықтың жағдайларының жиілеуі, оңтүстік аймақтарда температуралық толқындардың болуы, су тасқындары мен табиғи аймақтардың жылжуы сияқты факторлар көптеген қиындықтарға әкелуі мүмкін екендігін айтты. Яғни, салдарынан өнімділік 37 пайызға қысқаруы, жұмыс орындары мен табыстың кемуі, түрлі сырқаттардың өсуіне, ретсіз көші-қон, түрлі келіспеушіліктер орын алуы ықтимал. Мамандар табиғи ресурстарды үнемдеуге көшудің кезі келгенін қадап айтты. Бей-берекет тұтынған жағдайда тапшылыққа тірелеміз, деді. Бұл ретте, адамдардың санасын түбегейлі өзгерту керек. Әйтпесе, бүгінде, ауызсумен көлікті жуып кететін жағдай көпшілікке таңсық емес. Сондай-ақ, қар суын кәдеге жарату ісіне де көп көңіл бөлінуі керек, деді. Жалпы, суды үнемдеу және тиімді пайдалану бойынша облыстық, қалалық және аудандық бағдарламалар түзілуі тиіс, деді. Ал «Human Healty Institute» директоры А.Қаппасов ауаның ластануына алаңдаушылық танытты. Айтуынша, әлемде жыл сайын 7 млн. адам ластанған ауа салдарынан өмірден ерте кетеді. Дүниежүзінде әрбір он адамның 9-ы ластанған ауамен тыныс алады. Содан болар барлық онкологиялық сырқаттардың 29 пайызы өкпе обыры болып отыр. Ауасы ластанған елдер тізімінде 131 елдің ішінде Қазақстан 44-ші орында көрінеді. Маманның мәліметінше, елімізде 7,5 млн. адам ауылда тұрғанымен, сапалы көмірдің қолжетімсіздігінен тұрғындар қолда бар затты жағып, жылу алады. Бұл дегеніңіз, ауаға зиянды қалдықтар көп шығады. Сонымен қатар, Қазақстанда ауа сапасы стандартын өзгертетін кез келгенін айтты. 1980 жылдары қабылданған құжат бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Сондықтан, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының талабына сәйкестендіру қажет, деді. «Эком» ҚБ директорының орынбасары М.Поух елді мекендерді көгалдандыру, кесілген ашатың орнын толықтыру мәселелеріне тоқталды. Павлодар қаласында жүргізілген зерттеулерінің нәти-жесін көрсетті. Көп жағдайда отырғызылған ағаштың сарғайып, жерсіну көрсеткіші тым төмен. Осы ретте, «Павлодар облысының Азаматтық Альянсы» қауым-дастығының төрағасы Светлана Могилюк құзырлы органдар, ағаш отырғызатын мердігер ұйымдар қай жерге жасыл желек еккендерін фото-бейнежазбалармен дәлелдеп, экологиялық ұйымдардың оны еркін көруіне мүмкіндік жасауды сұрады. Дегенмен, мамандар 2021 жылмен салыс-тырғанда отырғызылған ағаш-тардың бейімделіп кету көрсеткіші біршама жақсарғанын айтты. Екі күн бойы өтетін жиында азаматтық қоғам белсенділері секцияларға бөлініп, ұтымды ұсыныстар түзеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.