Қоғамның қозғаушы күші

Қаз 30, 2025

Облыс орталығында Республика күні қарсаңында «Жастар – ел тірегі» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Аталған шарада қоғам өміріне белсене араласып жүрген жас азаматтар Алғыс хаттармен марапатталып, «Жастар картасы» жеңілдік карталарына ие болды.

 

Жастар бастамаларын дамыту орталығының инс-пекторы Зарина Ахметзянованың айтуынша, мұндай рәсім жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биылғы артықшылығы, белсенді жастар қатары артқан. Мәселен, осы жолы шамамен
70 ұйым мен жас белсенді ілтипатқа ие болған.

– Бұл марапаттар – жастардың еңбегін бағалаудың және олардың азаматтық жауапкершілігін арттырудың айқын көрінісі. Бүгінгі марапат иелерінің қатарында білім беру мекемелері, еріктілер қозғалысы, әскери бөлімдер, өндіріс орындары, спорт орталықтары мен мәдени ұйымдар бар. Олардың барлығы да — қаланың дамуына өз үлесін қосып жүрген жандар, – дейді ол.

Жеңімпаздарға табысталған «Жастар картасы» жобасы – белсенділерге арналған ерекше мүмкіндік. Бұл картаның иегер-лері қала дүкендері мен қызмет көрсету орындарында жеңілдік-терге ие болады. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай бастама жастарды ынталандырып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға жол ашады.

Марапат иелерінің бірі – «ERG Service» жастар лигасының жетекшісі Александра Гнедаш.

– Жастар лигасы бес жыл бұрын құрылған. Мен оған соңғы екі жыл бойы жетекшілік етіп келемін. Біз кәсіпорын ішінде спорттық, мәдени, еріктілік және кәсіби даму бағыттарында түрлі жобаны жүзеге асырамыз. Негізгі мақсатымыз – жастардың өз әлеуетін танытып, компания мен қоғам өмірінде белсенді болуын қамтамасыз ету, – дейді ол.

Ал машина жасау колледжінің еріктілері әлеуметтік жобалар мен игі істердің бел ортасында жүр.

– Біз зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетеміз. Мысалы, көмір тасу, аула тазалау, үй шаруасына жәрдемдесеміз. Сондай-ақ, жастар арасында есірткіге қарсы акциялар, балалар үйлері мен ауруханаларға бару, экологиялық сенбіліктер өткіземіз, – дейді колледж студенті, ерікті Егор Ковалёв.

17 жастағы жас белсенді қоғамдық жұмысты өз өмірінің бір бөлшегіне айналдырған. Оның айтуынша, өзгеге көмек көрсету – зор рухани қуат пен шабыттың көзі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілдері ерекше нұсқада өткен марапаттың нәтижесінде белсенді азаматтар қатары көбейеді деп сенеді. Олардың пікірінше, мұндай құрмет жастарды жаңа бастамаларға жетелеп, қоғамның өркендеуіне тың серпін береді.

Айдана БОРАНБАЕВА.