9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күні. Осы айтулы күн аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Жемқорлық — індет, күресу — міндет» тақырыбында аймақтық форум өтті.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен аталмыш форум аясында қоғамның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, қоғамда сыбайлас жемқорлықты қабылдамауды қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жаңа тәсілдер талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты — қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырып, азаматтарды адал жолға бастау. Сонымен қатар, қоғам дертіне айналған жемқорлықты жоюға арналған озық тәжірибелерді қолдану. Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Маратбек Қасымов жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу мақсатында кешенді жобалар әзірленіп, жемқорлық тәуекелдерінің картасы қолданылатынын мәлім етті. Оның ішіне жемқорлыққа қарсы мониторинг және жемқорлық тәуекелдерін талдау кіреді.
— БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы көптеген ел үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ортақ ісінде біртұтас бағдарға айналды. Қазақстан Конвенцияны 2008 жылы ратификациялады. Осы жылдар ішінде Қазақстан ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Заңнамалық өзгерістермен бірге мемлекеттік органдардың, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, меритократия сияқты жемқорлыққа қарсы маңызды институттар енгізілді, — деді ол. Сонымен қатар, форум барысында «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша төрағасы Нұргүл Қайырденова бүгінгі күннің індетіне айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін ең алдымен кез келген ортада парасаттылық қағидаттарын енгізу, мәдени құндылықтар мен құқықтық сананы дамыту қажет екенін еске салды.
– Жемқорлықпен күрес – қоғамның міндеті. Ал жемқорлық – үлкен індет. Жалпы, жыл басынан бері республика бойынша еріктілердің араласуымен мемлекет меншігіне 14 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Сондай-ақ, республикадағы еріктілердің жұмысы арқылы 68 қылмыстық іс қозғалды, – дейді Н.Қайырденова. Жалпы, бүгінде жемқорлыққа қарсы саясат үш негізгі бағытта жүзеге асырылуда – қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту, жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жою, жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету. Осы қағида бойынша Президент 2026 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Қоғам індетімен қарқынды күресудің жолын қаузаған форум соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті жемқорлықтың жолын кесуге үлес қосқан жергілікті еріктілер жасағын марапаттады. Сондай-ақ, іс-шара аясында журналистер арасында өткен байқаудың жүлдегерлері Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.
А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.