Қоғам қайраткері Нұржамал ТЫШҚАНОВА: Бақытсызбын деуге хақым жоқ!

Нау 5, 2026

Лауазымды қызмет асқан жауапкершілікті талап етеді. Көбінде уақытпен санаспай өзіңе тиесілі мезетті де жүктелген міндетті орындау жолына арнап жіберуге тура келеді. Мұндай жанкештік жайттар әйелдер қауымы үшін оңай емес. Өйткені, қанша жерден басшы болсаң да, үйде – әйелсің, анасың. Қызметіңнен бұрын отбасыңда жылулық, жайлылық күтетін жандар бар. Олардың да көңілін табу керек. Осы орайда, таразының екі басын тең ұстау үлкен ұстамдылықты, пысықтықты қажет ететіні сөзсіз. Сонда ғана үйдегі де, түздегі де тірлік жүйелі, жемісті болмақ. Біздің бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар, «Amanat» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің сарапшысы Нұржамал Сағадатқызы Тышқанова осындай жан десек қателеспейміз. Ол қолға алған әрбір іске барын салады, айналасындағы мамандардың да солай еңбек еткенін қалайды. Талапшыл, қызметте қатал болғанымен жаны нәзік. Қамқорлық танытып, қажет кезінде қол ұшын созуға әзір тұрады. Жомарттығы –  өз алдына. Әріптестері арасында абыройлы. Кейінгі буын мол тәжірибесіне сүйеніп, ақыл алады. Жуырда зейнет жасына толса да, әлі де аймақ дамуына үлес қосудан аянбақ емес. Көктемгі мереке қарсаңында іскер жанмен тілдесудің сәті түсті.

– Нұржамал Сағадатқызы, өзіңізбен әріптес болған, танитын адамдар сіздің кез келген іске білек сыбана кірісіп, соңына дейін жеткізуге жаныңызды салаты-ныңызды біледі. Бойыңыздағы бұл жауапкершілік, табан-дылық қайдан келді?

– Мектеп бітіре, 17 жастан еңбекке араластым. Арманым тарих мұғалімі болу еді. Ресейдің Новосібір облысында өмірге келдім. Көпбалалы отбасында 9 баланың кенжесі едім. Мектептегі ұстазым мықты болды. Пединститутта бір орынға 12 талапкер таласатын кез. Ауылдан барғандықтан конкурстан тыс қатыстық. Бір орынға 4 адам үміткер едік. Кеңес үкіметі кезінде оқуға түсерде шалғай ауылдарда еңбек ететін жас мамандарға квота қарастырылады. Емтиханды жақсы тапсырғаныммен бір жыл алыс ауылда еңбек еткені үшін жас маманға басымдық берді. Үйге келіп, қатты жыладым. Марқұм әкем «түспегенің жақсы болды, көзің ауырушы еді, соны қатты уайымдадым» деп жұбатқаны бар. Бірақ, мен жоқта әкем де көз жасын сығып алса керек. Оқуға түспегенімді естіген аудан орталығында оқыған мектептегі мұғалімім ауылға «Қымбатты, Нұржамалым, түсе алмасаң да, сен мықтысың…» деп хат жолдапты. Кәдімгідей бұл да мотивация берді. Бәрібір оқуға түсем деп бекініп жүрдім. Сол жылы алыс ауылға бір жыл жұмыс істеуге аттандым. Осы кезде зейнеттегі әкем сырқаттанып қалды. Жанында болуды қаладым. Сырттай оқуға құжат тапсырып, түсіп кеттім. Әкемнің қуанышында шек болмады, келген кісінің бәріне айтып, мақтанды. Көп ұзамай әкем өмірден озды. Ауылда екі ағам, жеңгелерім болса да, анамның қасына қайтып келдім. Туған ауылымда мұғалім әрі пионер жетекшісі болып еңбек ете бастадым.

Содан бір күні жұмыстан үйге келсем, аудандық білім бөлімінің басшысы келіп, «қызыңызды мектеп директоры етіп тағайындайық дегенбіз, жіберсеңіз» деп анамнан рұқсат сұрап отыр екен.  Ауылымыздан 16 шақырым жердегі білім ордасына директорлыққа жібермек. Өзім 21 жастамын, институтты оқып жатқаныма 1 ғана жыл болды. Әкем мен анамды жақсы білетіндерін алға тартқан ауданнан келген басшы маған сенім артса керек. Анам рұқсатын берді.

– Сонда 21 жасыңызда сіздің басқарушылық қабілетіңізді байқап отыр ғой…

– Әкем Сағадат пен анам Шәмшияның сол кездегі абыройы әсер еткен деп ойлаймын. Әрине, барған ауылда «жас қой, істей ала ма?» деп күмәнмен қарағандар да табылды. Дегенмен, «Сағадаттың қызы» деген сөзді естігендер, әкемді білетіндер сеніммен қарады. 1984 жыл. Мектепке келсем, электр жарығы, тіпті, сымдары да тартылмаған. Электрик шақыртып, іске кірісіп кеттім. Балаларды оқуға ғана емес, қоғамдық іске, түрлі ой-қабілетін дамытатын шахмат-дойбыға дейін өзім тартып, үйреттім. Аудандық жарыстарға апара бастадым. Жан-жақты дамытуға ден қойдым. Жаңбыр жауған күні айналада езілген балшықты басып балалар келеді. Бір күні еден жуатын әйелді аяп кеттім. Қою батпақты тазалап әлек. Содан ауыл бюджетінен ақша сұратып, аяқ киім қоятын сөре жасаттым. Есік алдына су құйылған леген қойдық. Балалар аяқ киімдерін шайып, сөрелерге қойып, ішке таза аяқ киіммен кіруге бейімделді. Терезелерін шаң басып тұр екен, жуып тазалауды тапсырып едім, келсем айғыздап қойыпты. Өзім шүберек алып, айнадай еттім. Көктемде оқушылармен картоп егіп, оны күзде сатып, балалардың би кешіне қажетті заттар алдық.
Үш жыл осында еңбек еттім. Аудандық білім бөлімінің даңқ тақтасына суретім ілінді. Мектептен кетерімде көбі жылап қоштасты. Қазіргі таңда Новосібірдегі сол кездегі оқушыларым ата-әже атанған. Кездестіріп қалсам, еңбегімді айтқанда кезінде тырысқаным бекер еместігіне қуанамын.

Өмір бақи атақ-даңққа құмар-тпадым. Маған ең бастысы – адамдардың алғысы. Сол қуат беретінін білемін.

– Өзге елде тұрып, абырой биігінен көріну де үлкен еңбектің жемісі екені анық. Ал атамекенге қашан қоныс аудардыңыз?

– Негізі, әкемнің туған жері – Шарбақты ауданы. 1989 жылы Қазақстанға келдім. Менен бұрын көшіп кеткен әпкем Жұмақыз табандап тұрып, шақыртып алды. Әйтпесе, Новосібір аумағында компартия бюросының мүшесі едім. Негізгі қызметтен бөлек, саяси өмірде де белсенді болдым. Кететінімді естігенде аудандық білім бөлімінің меңгерушісі хабарласып, партияның аудандық комитетінің төрағасы шақыртып жатыр деді. Үйге келсем, анамның қасында партия комитетінің хатшысы отыр. Жібермеуге айла қарастыруда. Әпкем «Павлодарда жігітім бар, тұрмысқа шығамын дейсің» деген. Сөйтіп, алғаш рет өмірімде өтірік айттым. «Күйеуімнің» қызметін сұрады, «инженер» дей салдым. Аудандық атқарушы комитет төрағасы «кадрларды бағалаймыз, сізді аудан орталығына алып кетейік, өзіңіз мектеп басқарасыз, күйеуіңіз лампа зауытына инженер болып орналасады» деді. «Ойланайын» деп әзер құтылдым. Әпкеме айтсам, «ойланамын несі, қазақта жігіт қайынжұртқа күшік күйеу болып бармайды, ата-анасы рұқсат етпейді» дейсің деп бәрін үйретіп қояды. Ақыры жіберді. Павлодарға келген соң біраз уақыттан кейін әпкем ауырып, тоқсаныншы тоқырау жылдар, дәрі-дәрмек табу қиын. Новосібірдегі таныстар арқылы дәрісін таптық. Рақметімді айтайын деп аудандық атқару комитетінің төрағасына кірген едім. Хал
сұрасып, «қанша балаңыз бар, отбасыңыз қалай?» дегенде өтірік айтқаным есімнен шығып кетіпті. Ақыры, өтірік айтқанымды мойындауға тура келді. Өміріме өзгеріс енгізе алған әпкеме алғысым шексіз.

 – Ары қарай атамекенде еңбек жолыңыз қалай өрбіді? Белсенді өмірге кірісіп кеткен боларсыз…

– Шынын айтайын, қолымда диплом, үш жылдық мектеп директоры деген еңбек өтілім бар. Сенесіз бе, 8 мектеп, 2 училище, 3 колледжге барып, орын таппадым. «Өзіміздікі жетеді» деген жауап алдым. Негізі, бірден жұмыс табатыныма сенімді болып едім. Әпкем Ақсу қалалық комсомол комитетіне баруға кеңес берді. Партияның аудандық комитетіне жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаушы болып орналастым. Бір айдан кейін Алматыға оқуға жіберді. Көшбасшылық топқа топ ете қалдым. Өзбекстанға сапарлап, білімімізді жетілдірдік. Оған мені сол кездегі облыстық комсомол комитетінің хатшысы Гүлжан Жанайдарқызы Қожамжарова бағыттапты. Орнына үміткер қажет болса керек. Сонда «міне, нағыз кадр, мектеп директоры, бюро мүшесі, орыстың арасында абыройлы болған қазақ қызы, ілгерілетуге әбден лайық» деп жолдады. Енді қазақ тілін үйрен деп кеңес берді. Хатшы етіп тағайындады.

– Еңбек жолыңызда ұстамы мықты ұстаздар жолық-қанын айттыңыз. Өзіңіз де бүгінде өзгеге тәлімгерлік танытып жүрген боларсыз…

– Жүріп өткен жолыма қарасам, ризамын. Еңбек жолым керемет болды. Ақсуда комсомолда жұмыс істеп жүргенде бірінші хатшы етіп тағайындалдым. Ашық дауыс беру арқылы сайландым. Конференцияда 4 адам қарсы шықты. Оған еш ренжіген емеспін. Ұстазым Гүлжан Жанайдарқызы «дұшпаныңды да дос етуді үйрен» дейтін. Біраз уақыт өткен соң әлгі төртеудің екеуі, бастауыш ұйымдардың төрағалары кешірім сұрап, «Біз біреудің азғыруымен теріс қылық жасадық, сіз кек алады деп ойладық» деп келіп тұр. Ондай әдетім жоқ еді. Әркімнің өз пікірін білдіруге құқы бар. Содан бәрімен жинақы жұмыс істеп кеттік.  Ақсу қаласында депутат та болдым. Ақсу қаласының жүрегімде алатын орны бөлек. 15 жыл осында еңбек еттім. Оның 9 жылын әкімнің орынбасары қызметінде болдым. Сол кездегі қызметтес әрбір әріптесіме ортақ мүдде жолындағы еңбектеріне ризамын.

Жұмыстағы негізге бағыттарым – әлеуметтік сала, идеология еді. Әріптестерім әрдайым қолдап, нәтижелі еңбек еттік. Әлеуметтік саладағы әрбір мекеме басшысы, ұжымы бар күш-жігерін салды. Бірлесіп еңбек еткен сол кездегі әріптестерім Светлана Қабидолдақызы, Гүлзира Кәкімқызы, Қабдрахман Байкенұлы, Алма Әнуарбекқызы, Бәтима Әшімқызы,  Наргүл Жамбылқызы, Мұхаметқайыр Тағылымұлы және тағы басқаларының ортақ нәтижеге қосқан үлестері көп. Бір сөзбен айтқанда, мықты команда бола алдық. Ақсу қаласының әкімдері болған Тито Уақапұлы, Нұрлан Абзалұлы үлгі болды, бағыт берді, сенім артты. Басыма қайғы түскенде қолдау білдірді.

Өмір, еңбек жолымда ұстаз-дарым, жанашырларым Гүлжан Жанайдарқызы, Рысты Мағауияқызы, Татьяна Яковлевнадан үлгі алдым.Аға буын әрдайым  бағыт беріп отырды. Олардан өмірдің құндылықтарын, парасаттылықты, еңбекқорлықты үйрендім. Өзім сезінген осындай қамқорлықты әлі күнге дейін айналамдағы адамдарға көрсетуге тырысамын. Ақыл-кеңесімді аямаймын, білгеніммен бөлісіп келемін. Еңбек жолымда жастармен  көп жұмыс істеппін.

– Жастармен жұмыс демекші, тоқсаныншы жылдары Ақсу қаласында жастар ісіне жауапты комитетті басқардыңыз. Бұл қиын кезеңде қандай мәселелермен бетпе-
бет келдіңіз?

– Ақсу қалалық атқарушы комитетіне қарасты жастар істері жөніндегі комитетке төрағалық етуге шақырту алдым. Елде бәрі таратылып жатқан шақ. Жұмыссыздық белең алды. Содан мәселені реттеу үшін жастарды әлеуметтік және еңбекке бейімдеу орталығын құрдық. Мұндай орталық Ақсу мен Екібастұзда ғана болды. Астанадан келіп көрген жоғары жақтағылар республика көлеміне тәжірибемізді таратуды қолға алды. Қалада жастар жаңа кәсіп меңгеретін курстар аштық, сенім телефонын қостық. Есірткіге әуестік жағдайлары тіркеле бастады. Олармен де жұмыс жүргізілді. Оңай кезең емес еді. Бүкіл әлеуметтік сала мекемелерімен бірлесіп, ақсулықтардың игілігіне жұмыс істедік. 1,5 жылдан кейін облыстық жастар істері жөніндегі комитеттің төрағасы Гүлбарам Әуезханқызы Науразбаева өзінің орынбасарлығына алып кетті.  Жарты жыл ғана еңбек еттім. Ақсудың әкімшілік басшысы кері шақыртып алды. Сөйтіп, мұнда ішкі саясат бөлімін басқардым. Айлық айлап берілмейтін кез. Экономикалық тұрғыдан қиын шақ.  1995 жылы қала әкімінің орынбасары етіп тағайындалдым. Қарсылық болды. «Қазақша білмейді» деп жүрген жерімде сынға алындым. Ресейде орысша білім алғандықтан оңай болған жоқ. Намысқа тырысып үйрендім. Атқарған қызметіме емес, тіліме ғана тиісетін. Көп қыспаққа түстім. Жолдасым, арысым Нұрболат мұндай кезде қатты қолдап, жігерлендіріп отырды. Елімізге ағайындар көшіп келіп жатты. Олардың да әрқайсысының жағдайына үңілесің. Әйтеуір, жоқтан бар жасауға тура келген кезде тығырықтан шығудың жолын іздеп, шамамызша еңбек еттік.

Кейін облыстық әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары, облыс әкімдігінде Рысты Мағауияқызының қол астында бас инспектор қызметтерін атқардым. Содан шығыны көп кәсіпорын, аймақтың екі газеті, бір журналдан құралған холдингті басқаруға жіберді. Мемлекеттік қызметтен таңсық салаға баруға жүрексіндім. Алайда, тәлімгерім сенім артты, кәсіпорынды табысты ұйымға айналдыру міндеттелді. «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» газеттерінің редакциялары журналистік, шығармашылық ортаға қабылдап, қолдау білдіргендеріне ризамын. Ұжыммен бірлесіп, межеге жеттік. Түрлі жобалар жасап, ілгеріледік. Одан кейін Ардагерлер үйінде, Торайғыров университетінде еңбек еттім. Университетте этникаралық мәселелерге мән берілетін ғылыми-практикалық орталықта директор қызметін атқардым. 2015 жылы Айзада Амангелдіқызының шақыртуымен «Amanat» партиясының облыстық филиалына келдім. 2018 жылы бір жылдан астам құрбым Майраның ұсынысымен Торайғыров университетінде тағы еңбек етіп келдім. Бұл кезде қара киімге оранған 22 қыз болды. Олармен жүйелі жұмыс жүргізіп, көбінің бетін бері қаратып, ұлттық тәлім-тәрбиені дәріптедік. Осы кезде ұлым да Қарағандыда медициналық университетте студент. Жастар арасында жүріп, студент ұлымның жан дүниесін, қазіргі ортасын терең ұғына алдым. Бұл да бір көмек болды деп есеп-
теймін.

Партиямыздың облыстық филиалы басшылығы зейнет-керлікке шықсам да кәсібилігімді, тәжірибемді бағалап, әлі де жұмыс істеуге қалдырып отыр. Партияның орталық аппаратына да алғыс айтар едім. Өйткені, біздің филиалдан жолданған қаншама жобамыз қолдау тауып келеді.

– Бір сөзіңізде жолда-сыңыздың қолдауын қатты сезінгеніңізді айттыңыз.  Жауапты лауазымдағы әйелге үйдегі жарының демеуі қашан да маңызды ғой…

– 1995 жылы Алтай өлкесінде қазақы Керей ауылында туып-өскен Нұрболат есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Жолдасым жоғары сыныптарда Павлодардағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатында оқыды. Зауытта жұмыс істеді. Қазақшаға судай. Бұл жағынан да жұмысыма көмектесіп тұрды. Кейде дайындалған баяндамаларымды қаратып алатынмын. Мағынасына үңіліп, бір-бірімен қиыспайтын сөйлемдерді, ойды көрсе, түзетіп, жөн сілтейтін. Қиналып қалсам, қашанда қасыңдамын, мен барда ештеңеге уайымдама дейтін.

Қазақ тілін білмеуден бір кісідей зардап көрген соң ұлымыз Ернұрды қазақ балабақшасына беріп, үйде де тек мемлекеттік тілде тілдестік. Бір күні ұлымыз терезеге қарап отырып, «далаға шыққым келмейді» деді. Себебін сұрасақ, қазақша сөйлейтін бала жоқтығын айтты. Кейін анам «бір тілмен шектеме, өзге тілді де үйренсін» деп, жағдайды реттедік. Негізі, жұмыста талапшыл, бар жаныммен беріліп жасаймын. Шын көңілмен жұмыс істейтіндерді жақсы көремін. Көзбояушылықпен жүргенді жек көремін. Жолдасымның қолдауын әрдайым сезініп жүрдім. Ол кейде жұмыста түнге дейін отырып қалсам, қасымдағы жастарды да уайымдап, қарындары ашып қалды ғой деп тамағын көтеріп жететін. Үйлеріне жеткізіп тастайды. Әріптестерім де жаны жомарт жолдасымның жақсылығын әлі күнге дейін еске алып, айтып жүреді. Күйеуіммен 7 жыл отастық. 2002 жылы мезгілсіз өмірден озды. Осы бір қаралы кезеңде де тәлімгерлерім, қызметтегі ұстаздарым қолдау білдіріп, қолтығымнан демеді.

–  Елімізде гендерлік саясатқа көңіл бөлінуде. Десе де, кейде «әйел басшы ер адаммен қатар деңгейде атқара алмайды» деген күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Әйел адамның қазіргі қоғамдағы, саясаттағы белсенділігін қалай бағалар едіңіз?

– Қазіргі уақытта әйелдің рөлі өте жоғары. Әйелдің орны заң тұрғысынан да реттелді. Әйелдің құқығы да заңмен қорғалуда. Негізі, әйелдер керек десеңіз басшы болуға да, жекеменшік компанияға жетекшілік етуге де қауқарлы әрі оны дәлелдеп жүрген замандастарымыз аз емес.  Жас қыздар, аналар да бүгінде заман көшінен қалмай, отбасын да, кәсібін де дөңгелетіп жатыр. Билік тарапынан түгел жағдай жасалды. Кез келген істі ілгерілету адамның өзіне байланысты. Әйел болсын, ер азамат болсын, бәрі – өз қолында. Талпынған мұратына жетеді. Ол рас, кейде шаршаймыз, бірақ, алға қойған мақсат, артылған сенім болса, сол жолда аянбау керек. Күндердің бір күнінде жемісін көресің. Amanat партиясының әйелдер қанатын білесіздер. Қаншама белсенді әйелдердің үй тірлігі мен түздегі жұмысты қатар алып, нәтижелі еңбек етіп жатқанына куәміз. Осы ретте, жас аналардың 3-6 жасқа дейін үйде алаңсыз ұрпақ тәрбиесімен отыруына жағдай жасалса деген арманым бар.

Әрине, біз әйел ретінде де міндетімізді ұмытпауымыз керек. Әйел басшы болсаң да үйді ойлауың керек. Жүрегің қанша жас боп тұрса да, жас шамаңа қарай киіну, сөз саптау да өте маңызды. Ол да – абырой биігіне көтерілудің жолы. Қазақ ұлтында бүкіл тәрбие ұлттық салт-дәстүрімізге негізделген. Содан ажырамасақ болғаны. Әйтпесе, бүгінде түрлі коучтар ақыл айтып жатыр. Ал тәлім-тәрбие тамыры ұлттық отбасылық құндылықтарымызда жатқанын жас ұрпақ ұмытпаса деймін. Заманға сай болайық, бірақ түп-тамырымыз сақталуы тиіс.

–  Қызметте жолым болды дедіңіз, әйел, ана ретінде бақыттысыз ба?

– Нұрболатым жеті жылда алақанға салып, бүкіл ғұмырыма жетерлік жылулық, қамқорлық танытып кетті. Алтын азаматымнан айырылған соң бір сәт те тұрмыс құруды ойлаған емеспін. Туыстарым да ондай әңгіме айтқан жоқ. Өйткені, мұндай кеңес жүрегімді жаралайтынын білді. Нұрболатымның тұяғы Ернұрым үшін өмір сүрдім, күш жинап, алға жүрдім. Ұлым жастығына қарамастан өзіме тірек бола білді. Тіпті, жұмыста күрделі бір кезеңнен денсаулығым сыр бергенде ұлым ойланбастан өңіріміздегі Семей медициналық институтының филиалына ауысып, жанымнан табылды. Жарымның ұрпағын өрбітіп отырған бүгінде келісті келінім бар. Жалғыз ұлым үмітімді ақтап, бүгінде онколог-рентгенолог маман болып қалыптасып, елге қызмет етуде. Ұлыма дән ризамын. Оқумен қатар жұмыс істеді. Санитарлықтан бастады.  Кейін мейіргер болды. Медколледжде сабақ берді. Әкесі сияқты жүрегі жұмсақ, бәрін аяп жүретін. Барлық жағдайды жүрекке жақын алмауды да түсіндірдім.

Студент кезінен ұлым белсен-ділігімен көзге түсті. Әлі де елдік істерге араласады. Мәселен, еліміздегі медицинада оқитын студенттер мен жас дәрігерлердің мүдделерін қорғайтын КаzМСА (Kazakhstan Medikal Students Association) тәуелсіз коммерциялық емес ұйым бар. Ал бұл ұйым – 2016 жылдан бері Медициналық қауымдастықтардың халықаралық федерациясына мүше. Қазақстандық қауымдастыққа Ернұр студент кезінде вице-президент болып тағайындалды. Бір жылдан соң іскерлігі ескеріліп, ұйымның президенті атанды. Биыл Қазақ-станның дәрігерлер Қауымдастығы президентінің шақыртуымен Ернұр Астанада өтетін болашақ дәрігер студенттердің Халықаралық қауымдастығының бірінші Бас ассамблеясын ұйымдастыруға жауапты халықаралық комитетке басшылық етеді.  Келінім Айданам да онколог-хирург мамандығын меңгерген. Былтыр әже атандым. Немерем Әлинұрым атасынан аумайды. Күлгеніне дейін тартқан. Шүкір етемін. Сондықтан, бақытсызбын деуге хақым жоқ.

Өзім де келін болдым. Анамның берген тәрбиесімен екі жақты теңдей көрдім. Әр сапарымнан анам мен енеме бірдей сапада, бірдей бағадағы сыйлық аламын. Анам ылғи «енеңе алдың ба?» деп қадағалап отыратын. Күйеуім ата-апасының қолында өскендіктен енемді тәте дейтінбіз. Өте ақылды жан еді. Бір қолсыз-ақ қаншама тірлік жасайтын, еңбекқор адам болды. Апарған матамнан өзіне көйлек те тігіп алатын. Екі  құдағи сырлас құрбыдай болды. Таңды таңға ұрып әңгіме айтатын. Сондықтан, өміріме ризамын. Барымды бағалаймын. Адал достарым да аз емес. Туысымдай болып, қуанышымда да, қайғымда да қасымнан табылады. 35 жыл ішінде ет жақынымдай болып кеткен Майраның орны ерекше. Ол сырлас, жанашыр құрбы бола білді. Әкем мен анама, ағайын-туысқа, барлық басшыларыма, ұстаздарыма, әріптестеріме, дос-
тарыма алғысым шексіз. Себебі, барлық жетістіктерім айналамда болған әрбір жақсы адамдардың, командалық жұмыстың нәтижесі деп білемін.

– Тәлімі көп әңгімеңізге алғыс айтамын!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.