Қоңыздар күрт көбейді

Мам 29, 2025

Облыстың кей ауылдарында улы жәндіктер, қоңыздың түр-түрі қаптай бастады. Шегірткелер де шаруаларға маза бермеуі мүмкін. Сондықтан өңірде зиянкестерге қарсы өңдеу шараларын кең ауқымда жүргізу керек. Әйтпегенде, ауылдағы ағайын айтарлықтай шығынға ұшырауы әбден  мүмкін.

Көктем келе қыс бойы «қалың ұйқыда» жатқан жәндіктер оянып, адам денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін. Айталық, Баянауыл ауданында қарақұрттар қыстап шықты. Олардың саны күрт көбеймеуі үшін мамандар жұмыртқаларын жинауға кірісті. Сондай-ақ, мердігер компания тиісті препараттармен өңдеуді бастады. Өңірдегі осы және өзге де жайттар таяуда облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиында қаралды. Оның барысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, дезинсекциялық іс-шаралар және өңірдің фитосанитарлық ахуалы талқыланды.

Облыстық санитарлық-эпидемио-логиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, ауа райы жылынғаннан бері облыста кене шағудың 173 жағдайы тіркелген. Салдарынан 22 адам ауруханаға жатқызылды. Тағы 17 тұрғыннан дақ безгегі анықталған. Павлодар облысы кене энцефалиті және Лайм ауруы бойынша эндемиялық аймақтардың қатарына жатпайтынына қарамастан, инфекцияларды басқа облыстардан әкелу жағдайлары тіркелді. Атап айтқанда, Германия азаматының кене энцефалитін жұқтырғаны анық-талды. Сол себепті аймақ басшысы өңірдің барлық медициналық мекемесінде кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулиннің жеткі-лікті қорының болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ал облыс аумағында қарақұрт шағу жағдайы әзірше тіркелген жоқ. Осы жылдың сәуір айынан бастап Баянауыл ұлттық паркінде энтомологиялық мониторинг жүргізілуде. Соның барысында қыстап шыққан қарақұрт жұмыртқаларын жинау және жою жұмыстары қолға алынды. Торайғыр ауылында «Дезус» ЖШС профилактикалық өңдеу жұмыстарын бастады. Осы орайда денсаулық сақтау басқармасына барлық қажетті дәрі-дәрмектер мен жедел жәрдем құралдарының болуын, жәндіктердің белсенділігі жоғары болатын маусымға медициналық мекемелердің дайындығын тексеру тапсырылды.

Сонымен қатар, жиын барысында облыстық аумақтық инспекция басшысы Арман Шүйкенов фитосанитарлық жағдай және зиянкестермен күресу шаралары туралы баяндады. Айтуынша, 2025 жылы шегірткелердің үйірлі және саяқ түрлеріне қарсы күрес аясында облыс аумағының 48,3 мың гектарын, оның ішінде 19,6 мың гектарды — шегірткенің итальяндық прус түріне қарсы өңдеу жоспарлануда. Іс-шараларды өткізуге 89,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның
39,6 миллион теңгесі республикалық бюджеттен түсті. Өңдеу жұмыстары Май және Баянауыл аудандарында басталды. Облыс әкімі басқа аудандарда да өңдеу жұмыстарын уақыт оздырмай бастауды, шегірткелер көрші облыстардың аумақтарынан ауып келетін жағдайда қосымша қаражат бөлу мәселесін қарас-тыруды тапсырды.

Шегірткелерден бөлек, колорадо қоңыздары мен жапырақ жемірі ауылдықтардың еңбегін еш кетіргелі тұр. Әсіресе, саяжай алқаптарында, Ольгинка және Майқайың ауылдарында көп екені байқалады. Тұрғындардан да осы мәселе бойынша шағымдар түсуде. Аймақ басшысы Қаражар ауылында өрмекшілердің жиналуы мүмкін деген ақпаратты тексеруді, жергілікті атқарушы органдарға халықтың осындай өтініштеріне жедел ден қоюды тапсырды.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе — қансорғыш жәндіктермен күрес. Асайын Байханов өңдеуді уақытылы және сапалы жүргізу өңір тұрғындарының денсаулығы мен жайлылығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Бүгінде 29 сәуірде басталған әуеден өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Тиісті кезең аралығында 448 мәрте әуеден өңдеу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда ұшақ 402 рет әуеден өңдеді. Сол сияқты 154 мың гектардан астам жайылма алқабы өңделді. Жұмыстар Павлодар, Ақсу қалалары, Павлодар және Ақтоғай аудандарында толығымен аяқталды. Енді Тереңкөл, Ертіс және Железин аудандарында жалғасуда. Мамандардың болжамынша, әуеден өңдеудің тиімділігі шамамен 90 пайызды құрайды. Әсіресе, шыбын-шіркейдің дернәсілдерін жоюға баса назар аударылды.

Мамыр айының ортасында Ертіс өзенінің арнасына және оның тармақтарына 100 мың литрден астам биологиялық препарат құйылды. Сонымен қатар, 20 мамырдан бастап Павлодар қаласының орталық жағалауында күн сайын күшейтілген тосқауылды өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Ақтоғай және Ертіс ауылдары тұрғындарының өтініштері бойынша қосымша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, екі жағдайда да масалардың адам үшін қауіпті емес қоңырау масаларының түріне жататыны анықталды. Аққулы ауданының Шабар және Шәмші ауылдарындағы су айдындарының маңында өңдеуді күшейту тапсырылды.

— Тұрғындардың әрбір өтініші жедел тәртіппен қаралуға тиіс. Жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, барлық тартылған қызметтер арасында үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету қажет, —
деп атап өтті облыс әкімі.

Жиын соңында Асайын Байханов халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, әкімдіктердің, санитарлық және табиғатты қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, облыстың барлық аумағында химиялық және биологиялық өңдеу мерзімдері мен сапасын бақылауға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Өз тілшіміз.

 

WhatsApp