«Қазақтар қай жерде өмір сүрсе де, олардың жалғыз Отаны – Қазақстан. Сондықтан біз үшін шетелде тұратын отандастарымызды қолдау әрқашан маңызды»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екі жыл бұрын еліміздің көші-қон саласына бірқатар өзгеріс енгені белгілі. Соның бірі — шет мемлекетте тұратын этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасының берілуі. Қазіргі таңда аталмыш картаны 65 адам алып үлгерген. Олардың қатарында өз ісін дамытуға дайын 27 бизнес-иммигрант және сұранысқа ие 38 маман бар. Ал «Ата жолы» картасына қол жеткізген бір кәсіпкер Павлодар облысын таңдаған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, «Ата жолы» картасы шет елдерде тұратын этникалық қазақтарға 10 жыл мерзімге берілетін ерекше құжат болып табылады. Картаны берудегі басты мақсат – алыстағы ағайынның тарихи Отанымен байланысын нығайтып, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту. Нақтысын айтқанда, аталмыш картаны алған шетелдік қандастарымызға атамекенінің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, олардың осы елде кәсібін жалғастыруына және жұмыс істеуіне жан-жақты жағдай жасалады. Сонымен қатар, осы құжат шетелде тұратын этникалық қазақтарға ғана азаматтығын сақтай отырып беріледі.
Қуантарлығы, елімізге келген «Ата жолы» картасын алушылар арасында химиялық технологтар, инженер-физик, инженер-математик, жақ-бет хирургиясының дәрігерлері, тәжірибелі педиатр- лар және басқа да сұранысқа ие мамандар бар. Олардың көбі Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Германия, АҚШ, Израиль, Ұлыбритания, Франция, Нидерланды, Финляндия сынды шет мемлекетте тұрған азаматтар.
Сөз басында атап өткендей, «Ата жолы» картасының иегерлері Қазақстанға кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады және еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін өз қалауынша таңдайды. Нәтижесінде, карта иегерлеріне қазақ елінде емін-еркін жүріп-тұруына жол ашылады. Сондай-ақ, олар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емдеу мекемелерінің қызметіне жүгінуге толық құқылы. Яғни, медициналық көмек қолжетімді болады. Заңдық құқықтары да сақталады. Мәселен, ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес ел аумағында жұмысқа орналасуға, Кәсіпкерлік туралы кодекске және ҚР өзге де құқықтық актілері бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, ҚР «Білім туралы» Заңы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім, мемлекеттік орта арнаулы және жоғары оқу орындарында конкурстық негізде білім грантын иеленуге, ақылы оқуға, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу құқығын толық иелене алады. Алайда олардың азаматтығы басқа мемлекеттікі болғандықтан «Ата жолы» картасы бар адамдар ҚР Парламенті мен мәслихаттарына сайлануға, сайлауда дауыс беруге, республикалық референдумға қатыса алмайды және мемлекеттік қызметке де қабылданбайды.
Ескере кететін жайт, егер карта иегерлері Қазақстан азаматтығын алатын болса, онда Карта жарамсыз деп танылады. Сонымен қатар, азаматтық алғандар жергілікті тұрғындармен бірдей дәрежеде тең құқыққа ие болады.
Бүгінде облысымызға «Ата жолы» картасымен келген алғашқы кәсіпкер — Өзбекстан мемлекетінің азаматы. Ол осы жақта тігін тігу бағыты бойынша кәсіп ашып, ел дамуына өз үлесін қосуға ниет білдірген.
— Қазақстанда қолданысқа енгізілген жаңа құжаттың этникалық қазақтар үшін де, еліміз үшін де маңызы зор. Шеттегі көзі ашық, көкірегі ояу және қалталы азаматтарымыз атажұртындағы ағайынмен араласып, елдің дамуы үшін жұмыла жұмыс істейді. Бұл – екі тарап үшін де керемет мүмкіндік, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.
Н.ШОДЫР.