Қыздар да доп тебеді

Нау 5, 2026

Бүгінгі қоғамда басқа түгілі спорттың өзін «ерлерге тән», «қыздарға тән» деп бөліп жүр. Мәселен, күрестің түр-түрі, ауыр атлетика, футбол сынды спорт түрлерін қыз-келіншектерге жат деп есептейтіндер бар. Алайда, нәзік жандыларымыз да  ерлермен тең еңбек етіп, жетістіктерге жетіп келеді.

Қазақ қыздары футболды тамашалап қана қоймай, жасыл алаңда асыр салып, шеберлігін танытып ойнай алатынын да көрсетуде. Соның жарқын үлгісі – жергілікті «Ертіс» әйелдер футбол командасының биыл алғаш рет Қазақстан чемпионатында өнер көрсетуі.

Жалпы, бұл команданың тарихы 2019 жылдан бастау алады. Сол кезде 2005-2006 жылдары туған қыздардан алғаш рет команда жинақталған еді. Ал бүгінде тағы үш топ қатарға қосылды. Атап айтқанда, 2010-2011 жылы туған қыздар QJ лигасында өнер көрсетсе, 2012-2013 жылдарғы және 2014-2015 жылдарғы қыздардан құрылған екі топ біріншілікте доп тебеді.

Негізгі құрам бас бапкер  Ксения Постоваяның жетекшілігімен бірқатар жүлдеге ие болды. Айталық, бірінші лигада бірінші, екінші орындарды иеленсе, былтыр QJ лигасында үздік үштікті қорытындылады. Бүгінде клубтың бас бапкері WU-19 ұлттық жастар құрамасының да тізгінін қолға алды.

Павлодарлық команданы жаттықтыратын білікті бапкерлердің қатарында бас бапкердің ассистенті Айгүл Қырықбаева бар. Ол «Ертіс» футбол орталығында 10 жыл еңбек етіп келеді.

— Менің футболға деген қызығушылығым бала кезден басталды. Ол кезде аулада ұлдармен қатар доп теуіп, алаңда асыр салып ойнайтынбыз. Сол тұста-ақ кейбір қатарластарым қырын көзбен қарап, «Футбол сенің не теңің» деген сыңай танытатын. Бірақ өзіме ұнайтын іспен айналысуды тоқтатқан жоқпын. Бала кездегі қызығушылығым Павлодар педагогикалық институтына жетеледі. Осы оқу орнында дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Студенттік кезде қыздар футбол командасы ретінде де түрлі турнирге қатысып, жүлделі орындар алдық. Бүгінде жинаған тәжірибемді сіңлілеріммен бөлісіп, оларға бар білгенімді үйрету үшін тырысып келемін, — дейді ол.

Өткен маусымның қорытындысы бойынша «Ертіс» футбол клубының негізгі командасы Премьер-лигаға  жолдама алды. Соның арқасында клубтың әйелдер командасы да құрылып, биыл нәзік жандар арасындағы ұлттық біріншілікке қатысу құқығына ие болды. Бүгінде 20 қыздан құралған команда жасақталды. Олар алдағы жаңа кезеңге тыңғылықты дайындалып жатыр.

— «Футбол – қыздарға арналған спорт түрі емес» деген жаңсақ пікірдің әлі де бары байқалады. Бірақ біздің қыздар да ерлермен тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетуге қауқарлы екенін дәлелдей алады. Қазірдің өзінде ерлер командасымен жолдастық кездесулер өткізіп, шыңдалып жүрміз. Бір аңғарғаным, қыздар ұлдарға қарағанда анағұрлым шыдамды. Алаңда 90 минут бойы ойнау, бір қарқынды ұстап тұру оңай емес. Соған қарамастан, қыздар қайсарлық танытып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Олардың жылдамдығы, техникасы мен тактикасы да жақсы, — дейді А.Қырықбаева.

10 наурыз күні қыздар командасы Алматыға оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Жалпы, биылғы қыздар чемпионтында барлығы 20 команда бақ сынайды.

— Біздің қыздар жергілікті футболдың тарихын жазып жатыр. Жоғары деңгейдегі чемпионатқа бірінші рет қатысып жатқандықтан психологиялық, тактикалық тұрғыдан сақадай сай болуымыз қажет. Қазіргі уақытта соған көп көңіл бөліп жатырмыз. Маусым басталғанда да жеңіске жету үшін барымызды саламыз. Үлкен футболға алғаш қадам жасаған қыздарымызға қарап өзгелер бой түзеп, үлгі алса екен дейміз. Ал жанкүйерлерден қолдау күтеміз, — деп түйіндеді Айгүл Ертайқызы.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.