Қызылша ауруының белең алуына байланысты еліміздегі эпидемиологиялық ахуал көпшілікті алаңдатып отыр. Қызылша — өте жоғары жұқпалы жіті вирустық ауру, ауа-тамшы жолымен беріледі, қызылша энцефалиті, менингит, пневмония, т.б. ауыр асқынулары болуы мүмкін. Одан тек екпе алу арқылы қорғануға болады.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) әлемде қызылшаның өршуі көрсеткіштері туралы мәлімет жариялады. Онда Қазақстан қызылша дертіне шалдыққандар саны бойынша көшбасшылар үштігіне енгені атап көрсетілген. Басылымның мәліметінше, Йеменде қызылшаның 23 мыңнан астам жағдайы тіркелген, Үндістанда — 15 мыңға жуық, Қазақстанда 12 985 адам ауру жұқтырған. Ал Эфиопияда 11 мыңнан астам, Пәкістанда 8 мыңнан астам, Конго Демократиялық Республикасында 6 мыңға жуық және Ресейде 4305 науқас анықталған. Павлодар облысында ағымдағы жылдың басынан бері қызылшаның 335 жағдайы тіркелді. Оның ішінде Екібастұз қаласында 129, Павлодар қаласында –
129, Ақсу қаласында 54, Баянауыл ауданында 9 жағдай, Павлодар және Железин аудандарында – 4, Тереңкөлде 2, Успен, Май, Ақтоғай және Шарбақты аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелген. Қараша айында қызылша ауруы дендеп, 165 жағдай орын алған,  қазан айында 38, қыркүйекте 13 жағдай мәлім болды. Мамандардың айтуынша, қызыл-
шамен сырқаттанушылықтың өсуі ата-аналардың балаларына екпе салдырудан бас тартуына байланысты болып отыр. Екпе алмаған балалардың үлесі ауырған балалар санының 84 пайызын құрады. Қазіргі таңда сырқаттанушылық 28 мектепте тіркеліп, 36  оқушының диагнозы расталған. 32 мектепке дейінгі балалар мекемесінде қызылшаның 50  жағдайы тіркелген. Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқа-нында 8389 адам егілді, оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 1270 бала, 2 жастан 4 жас 29 күнге дейінгі 2892 бала және 2786 медицина қызметкері бар. Қосымша иммундау бойынша 1 жастан 30 жасқа дейінгі 1441 адам егілді. Медициналық ұйымдар мен мекемелерде маска режимін сақтау ұсынылады. Қызылша барлық жастағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіпті және ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін. Ауырмаған және екпе алмағандардың қызылшаға бейім-ділігі – 100 пайыз. Қызылшаға қарсы екпе вакциналаудан кейінгі иммунитетті дамытуға және асқынуларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Т.ӘБІЛДА.