Әне-міне дегенше әйелдер мерекесі де келіп жетті. Шыны керек, жер-жаһанға шуағын шашқан көгілдір көктеммен бірге оралатын осынау мерейлі мейрам қарсаңында көпшіліктің қыз-келіншектерге деген құрметі бұрынғыдан да арта түсетіні белгілі. Бұл — қуантарлық жағдай, әрине.
Иә, ұрпақ жалғастырып, бір-бір шаңырақтың шырағын жағып, ұйытқысы болатын әйел затына әрдайым ыстық ықылас, зор ілтипат көрсету ешқашан артықтық етпесі анық. Десе де, бүгінгідей қым-қуыт өмірде күйбең тірлік үшін жанталасып жүрген кейбіреулер мұндай ізгі қасиеттерге баса мән бере бермейтіні де жасырын емес. Осындай жандар нені ескергені жөн? Жалпы, қыз-келіншектерге қалай құрмет көрсетілуі керек? Сауалымызға жауап іздеп көрген едік…
Жұмахан ДОСПАЕВ, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
— Қазақ елі үшін әйел атаулының орны қашанда бөлек. Біз ежелден аяулы ананы, асыл жарды, ардақты апа-қарындасты, алтындай қыздарымызды алақанымызға салып, құрметтеген текті халықпыз. Ақындарымыз да аналарға арнап көп жыр жазып кеткен. Соған сай, қазақтың қыздары да салиқалы, ибалы болған. Тарихқа көз жүгіртсек, арысы Айша бибі, Домалақ ана, Зере әже, берісі Әлия, Мәншүк, Хиуаз және өзге де біз үлгі тұтатын қазақтың дана әрі дара қыздары аз емес. Солармен мақтанамыз. Ал облысымызға келер болсақ, мен 1990-2015 жылдар аралығында П
авлодар қаласында өтетін барлық мерекені жүргізетінмін. Сол кезде марқұм Зара Қабдешқызы іс-шараның ешқайсысынан шет қалмайтын. Өзі сабырлы, салиқалы жан еді. Ол кісіге деген халықтың құрметі де жоғары екенін байқадым. Міне, қазіргі қоғамда да осындай жандар көп болсын десек, оларды бағалай білуіміз керек.
Жалпы, баланы өмірге әкеліп ұрпақ жалғастыратын да, оны бағып-қағып тәрбиелейтін де, үй шаруасын дөңгелетіп, шаңырақтың шырайын кіргізетін де әйел екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан оларға деген құрмет әркез жоғары болуы тиіс деп ойлаймын. Біздің елдің қыз-келіншектері қандай сый-құрметке де лайық!
Барша әйел қауымын айтулы мерекемен құттықтаймын!
Ербол ҚАЙЫРОВ, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы:
— Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда әйелдер қауымының мойнына артылатын жүк ауыр. Сонымен қатар, бүгінгі балалардың тәрбиесі де оңай емес. Оның үстіне дүниенің бәрі қымбаттаған сайын ұл-қыздың сұранысы да өсіп келеді. Барлығы шеттерінен бренд киім киіп, айфон ұстағысы келеді. Осының бәрін қамтамасыз етіп, ел қатарлы бай-қуатты өмір сүру үшін ер азаматына көмектесіп, ерінбей еңбек етіп, отбасындағы міндетін қоса атқарып жүрген жұмысбасты әйелдер аз емес. Оларға қарап, «қыздың қырық жаны бар» деген нақылдың тегін айтылмағанын түсінеміз.
Міне, мұндай жандард
ы бүгінгі бейбіт күннің батырлары десек, артық айтқандық болмас. «Жақсы сөз — жарым ырыс» демекші, осындай қыз-келіншектерге мереке кезінде ғана емес, жай күндері де бір ауыз жылы сөз айтып, сыйластық танытып, құрмет көрсетіп отырса, шаңырақтар шайқалмас еді деп ойлаймын. Оларды көрген балалар да тәрбиелі, ақылды болып өсетіні сөзсіз. Өкінішке
қарай, кейбіреулер құрмет көрсету дегенді материалдық дүние деп түсінеді. Меніңше, шынайы құрмет адамның жүрегінде, ниетінде болуы тиіс. Сонда ғана отбасы берік болады. Ал берік отбасы — мықты мемлекет қамалы.
Дәурен ЖҮНІСХАН, Аққулы ауданы, Ямышев ауылының тұрғыны, мұғалім:
— Кішкентай кезімізде ата-анамыз: «қыз баланы құрметтеңдер!», — деген сөзді құлағымызға құйып өсірді. Сондықтан да болар, қыздар, жалпы, әйелдер қауымын сыйлап өстік. Өкінішке қарай, кейінгі біздің өкшемізді басқан жас буынның бойынан мұндай қасиеттердің азайып бара жатқаны байқалады. Сондықтан әр отбасында ер азамат өзінің жарын, ал ер балаларына әпке-қарындастарын құрметтеуді үйретуі керек деп ойлаймын. Қыз-келіншектерге, аналарға деген сыйластық осыдан бастау алуы тиіс. Ары қарай отбасын құрған әр еркек әйел затын қолынан келгенше құрметтесін, оның материалдық қажеттілігін қамтамасыз етсін, шамасы келсе қымбат сыйлық сыйласын, ең бастысы, көңіл бөлу керек деген пікірдемін. Сонымен қатар, әйелге деген шынайы сүйіспеншілік, адалдық, түсіністік, ол да — құрметтің ең үлкен белгісі. Тағы бір айтпағым, қазіргі кейбір қатарластарымыздың түсінігіне қайран қалам. Мәселен, үй шаруасына үлгермей жатқан әйеліне көмектескен ер азаматтарды сөгіп, келеке етіп жататындар баршылық. Онда тұрған не бар? Өз басым осындай жағдайда оған қол ұшын беру де құрмет деп санаймын.
Қысқасы, аналарымызға, қыз-келіншектерге деген құрмет ешқашан бәсеңдемеуі тиіс. Оларға үнемі құрмет көрсетіп, көңіл бөлу – нағыз ер азаматтың парызы. Асыл дінімізде де: «Ер азаматтардың ең жақсысы – әйелдерімен жақсы қарым-қатынас жасағандар», — деген сөз бар.
Сауалнаманы жүргізген – Нұржайна ШОДЫР.