Өкінішке қарай, күн жылына сала балалардың терезеден құлау жағдайы жиілейді. Таяуда ғана Павлодар қаласында төрт жасқа да толмаған бала терезеден құлап, мерт болды. Енді оның анасы баланың қауіпсіздігін сақтамағаны әрі ата-аналық міндетіне салғырт қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұған дейін біздің облыста мұндай жаза қарастырылмаған еді.
6 мамыр күні сағат 20.35-те жедел жәрдем қызметіне облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерден баланың құлап кеткені туралы хабар түскен. Медицина мамандары оқиға орнына жеткенге дейін 2021 жылы туған ұл бала жан тапсырды. Үшінші қабаттан құлаған оның жарақат-тары тым ауыр болып шықты.
Белгілі болғандай, бұл күні балалардың анасы төрт жасқа әлі тола қоймаған баласын 10 жасар қызымен үйде қалдырып, өзі көршілес үйдегі құрбысына жөндеу жұмыстарына көмектесу үшін шығып кеткен. Сол уақытта бала көзден таса қалып, қайғылы жағдай орын алды.
Енді полиция баланың анасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 141-бабы 2-бөлімі – балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіз-дігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді дұрыс орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр.
Атап өтерлігі, бұған дейін терезеден құлап, жарақат алған немесе өмірден өткен балалардың ата-аналары мұндай қылмыстық жауап-кершілікке тартылған емес. Егер айдың-күннің аманында баласынан айырылған 39 жастағы келіншектің кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе осы мерзімге темір тордың ар жағына тоғытылуы мүмкін.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакеневаның сөзінше, ата-ана үшін бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігі болуы тиіс.
— Осы уақытқа дейін Павлодар облысында жоғарыда аталған бап бойынша ата-аналар жауапқа тартылған емес. Оған субъективті әрі объективті себептер болған шығар. Қалай болғанда да ата-ана баланың қауіпсіздігін қадағалауға міндетті. Өкінішке қарай, ананың өз міндетіне салғырт қарауы салдарынан үш жасар баланың өмірі қиылды, — дейді Сәуле Шакенева.
Бұл — өңірде жыл басынан бері орын алып отырған екінші жағдай. Бұған дейін тағы бір ұл бала бесінші қабаттан құлап кетіп, абырой болғанда аман қалған еді.
Жалпы, соңғы бес жылда Павлодар облысында 48 бала терезеден құлап, 11 бала өмірден өтті.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.