«…Марат Игіліков. Арнайы «Хабар» арнасы үшін — Павлодардан» деп аяқталатын жаңалықтарды жиі естіген боларсыз. Иә, Марат ағаның есімі көпшілікке таныс болғанымен, көрермен бейнесін сирек көреді. Себебі, ол – телеоператор. Кадрдан тыс жүреді. Иығына камерасын артып, аймағымыздың ең елеулі оқиғаларының ортасында жүретін майталман маманды біз, әріптестері, жақсы танимыз.
Әр түсірілімде асқан ыжда-һатпен басты сәттерді таспаға басып қалуға тырысып, шапқылап жүретініне көбіміз куәміз.
Ширек ғасырға жуық өмірін телеоператорлыққа арнаған Марат ағаны көпшілік кәсіби маман ретінде біледі. Облыстың ауыл-аймағын жұмыс бабымен бір кісідей аралады. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салаға Марат ағаның келуінің өзіндік тарихы да бар. Телеоператорлыққа бет бұруға тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі себеп болған көрінеді.
— Кеңес өкіметі кезінде арнайы кәсіптік техникалық училищесін кең бағдарлы тракторшы-машинист мамандығы бойынша бітірдім. Бірден әскерге аттанып, азаматтық борышымды тәжік-ауған шекарасында өтедім. 1991 жылы еліме келдім. Нағыз нарықтық кезең, тоқырау заманы басталып жатыр еді. Нәпақа табудың жолдарын іздеп, телешебер курсынан өтіп алдым. Ауылдарда сол кездегі шамды теледидарларды жөндеумен айналыстым. Ал 2000 жылдары облыста «Ертіс-Тв» жекеменшік арнасы ашылып, соған телеоператор болып орналастым. Бұрын-соңды істеп көрмеген кәсіпті басынан меңгеруге тура келді. Сол кездегі аға буын Төлеген Ахметов, Александр Колесников, Валерий Павлов, Сұлтан Жолдасов ағалардың кеңесіне құлақ түрдім, білмегенімді сұрап алатынмын. Алдыңғы буынның тәжірибелеріне, түсіру техникаларына әрдайым назар аударып жүріп, кем-кетігімді түзеп алатынмын, — дейді алғаш телеоператорлық жолын есіне алған Марат Темірболатұлы.
Екі жылдан кейін әлгі арна қазіргі «Ирбис» телеарнасымен қосылып кетеді. Сөйтіп, «Ирбис» негізгі жұмыс орнына айналады. Біраз уақыт штатта орын болмауына байланысты жарты күндік ақыға жұмыс істейді. Отбасылы әрі жалдамалы жатақханада тұратын жан үшін жарты күндік ақы аздық ететіні сөзсіз. Содан басшылықтан толық күнге ауыстыруды, жалақыны жоғарылатуды сұрайды.
— Бұл кездері аймағымызда «Хабар» арнасының алғашқы меншікті тілшілер пункті ашылды. Алғашқы меншікті тілші Күлпаш Қоңырова арнамызға келіп, телеоператор іздегені бар. Тәжірибелі бірқатар әріптесім келіспеді. Бір күні басшым шақырды. Барсам, кабинетінде Күлпаш Қоңырова отыр екен. Басшым «жалақы көтеруді сұрап жүр едің, міне, республикалық арнаға телеоператор қажет. Мұнда күнде түсірілім болмайды. Арасында шығып тұрасың. Сондықтан біздегі жарты күндік ақыға қоса «Хабар»-ға да қызмет етесің» деді. Сөйтіп, республикалық арнаға телеоператорлық қызметім баста-
лып кетті, — дейді табанды маман.
Міне, бұл арнада ширек ғасырға жуық еңбек етеді. Содан бері талай бейнематериал өмірге келді. Телеоператорлық жолда талай кезеңді бастан өткізді. Қазір қолданып жүрген камерасы – бесіншісі. Алғашқы кездері бейнежазбаны пленкаға түсіретін. Оны монтаждаудың өзіндік машақаты бар дейді. Кейін бейнежазба флешкаға жазылатын болды. Сәйкесінше, монтаждау ісі біршама жеңілдей түсті. Яғни, Марат аға облыстың қай қиырында жүрсе де, жаңалықты сол жерде ноутбук арқылы монтаждап, редакцияға жөнелте алады.
Түрлі түсірілімде жүреді. Бәрі бірдей есте қалмаса да, мәңгілік көз алдынан кетпейтін сәттер болатынын айтады.
— Бір жылы Екібастұзда жерасты дренаждық шахтасына бардым. Жер бетінен 500 метр төменге түстім. Он жылдам астам қазылған қос шахта түйіскен сәтін таспаладық. Екі шахтаны ай, күн, жұлдыз жарығы жоқ тас қараңғы жерастында шахталарды түйістіру жолын сызбамен реттеп, бағдарын жасап беретін маркшрейдер маман туралы бейнежазба жасадық. Сол бір сәт жадымда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Облыста біз болмаған өндіріс орны, шаруашылық жоқ шығар. Жалпы, телеоператорлық маған ел, жер көру мүмкіндігін берді. Ресейдің бірқатар қаласына, Украинаға, Болгарияға іздестіру топтарымен сапарладық. Облыста қаншама адаммен таныстық. Бәрін есімде сақтай алмаймын. Бірақ кейде көшеде көріп, «сіз бізге келіп едіңіз ғой» деп танып жататын кездер болады, — дейді Марат аға.
Техниканың аты техника. Қай салада болсын кейде кідіріс болып, келеңсіздікке ұшыратады. Бірақ Марат ағада соншалықты сұрапыл жағдайлар орын алмапты. Бұл, әлбетте, майталман маманның өз ісіне жауапкершілікпен қарап, алдағы жұмысына ертерек мұқият дайындалуынан екені сөзсіз. Телеоператорлық негізгі қызметі — бейне арқылы журналистің таңдаған тақырыбын, сюжетін аша түсу. Мұны Марат Игіліков жақсы біледі.
— Түсірілімге шығар алдында журналист қаузалатын тақырыптың өзегін айтады. Соған сай барған жерімде кадрларды таспалап қалуға мән беремін. Тақырыпты түсінбесең, журналистің айтары мен көрсететін жазбамыз үйлеспей қалады. Сондықтан біздің жұмыс тілшімен бірге үйлесім тапқанда ғана тартымды, терең болады. Телеоператор тақырыпты сөзсіз жеткізуге машықтануы тиіс. Осы талаптарды барынша ескеруге тырысамын. Жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соны сезінемін. Жұмысым жаныма жақын. Кейде шаршасаң да, сүйікті ісіңмен айналысқанға не жетсін?! – дейді есімі елге белгілі телеоператор.
Біраз жыл «Хабар» арнасында туған інісі Салауат Темірболатұлымен қызмет етті. Қазір белгілі журналист Қарлығаш Қасиетова, Валентина Леоновамен «Хабар» және «24 KZ» арналарының жаңалығынан түспейді. Тегеурінді телеоператордың талай жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ.
«Ақпарат саласының үздігі» төсбел-гісімен, «ерен еңбегі үшін» I дәрежелі белгісімен, «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталған. Одан бөлек, облыс деңгейінде біршама жоғары марапаттарға ие болған.
Марат аға екі ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғышының телеоператорлыққа, жалпы шығармашылық салаға бейімі бар көрінеді. Екінші ұлы тоғызыншы сыныпта білім алуда.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.