Қыс келгенде Павлодар қаласы өзгеше көрініс табады. Ертіс өзенінің жағалауы қармен көмкеріліп, демалыс күндері қала тұрғындары күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, шаңғы тебетін алаңдар мен мұз айдындарына қарай бет алады. Таза ауа, қардың сықыры және балалардың шат күлкісі қысқы демалыстың басты көрінісіне айналып, шаһарға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Соңғы жылдары павлодарлықтар белсенді өмір салтын таңдауға, қысқы спорт түрлеріне жиі қызығушылық білдіре бастады. Осыған орай біз жергілікті шаңғы базалары мен қысқы демалыс орындарының тұрғындардың қажеттілігін қаншалықты қанағаттандыратынын зерттеп көрдік.
Табиғат, спорт, көңіл
Мәселен, Ертіс жағалауының бойында орналасқан «Зеленая роща» шаңғы базасы (химқаланың шағын ауданы) бүгінде павлодарлықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. Қала тұрғындары мен қонақтары мұнда тек қыс мезгілінде емес, жыл-он екі ай серуендеп, таза ауамен тыныстайды. Әсіресе, қысқы уақытта шаңғы тебуді ұнататындар үшін бұл орын — таптырмас мекен. Бір қуантарлығы, шаңғы тебем деушілерге қажетті құрал-жабдықтар арзан бағада ұсынылады. Тек спортқа деген ынта мен ықылас болса жеткілікті.
Шаңғы базасының жалпы аумағы 3 шақырымды құрайды. Мұнда түрлі спорттық жарыс пен бұқаралық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Қала тұрғыны Әсемгүл Әйтенованың айтуынша, «Зеленая роща» – күнделікті серуендеуге арналған тамаша орын.
— Қыстың күні ауасы ерекше таза. Әр дем алған сайын бойға сергектік ұялайды. Бір айналымның ұзындығы – 3 шақырым. Біз оны әдетте екі рет айналып, 6 шақырым жүреміз. Мұның денсаулыққа пайдасы зор. Жүрек қана емес, бұлшықет пен өкпе де жақсы жаттығады. Демалыс күндері балалармен бірге келіп, таза ауада серуендеудің өзі пайдалы, – дейді ол.
Алайда тұрғындардың пікірлері бірдей болмай шықты. Себебі кейбір демалушылар шешімін күткен мәселелер әлі де бар екенін айтады. Мәселен, Мағрупа Сәдуақасова сырғанайтын төбешіктердің сапасы сын көтермейтінін әрі тозғанын тілге тиек етті.
— Бұрын сырғанақ төбешіктер жақсы жағдайда болатын. Қазір кей жерлері тозып, жерге дейін ашылып қалған. Төменгі тұсында үлкен соққылар бар. Одан балалар құлап, жарақат алуы мүмкін. Бұрын арнайы қызметкерлер кезекшілікте тұрып, қауіпсіздікті бақылап, балаларға қалай сырғанау керегін түсіндіретін. Қазір ондай бақылау жоқ, – деп налиды ол.
Көп жыл бойы павлодарлықтар «Зеленая рощаға» тюбинг тебуге келіп, қысқы демалысты қызықты өткізетін. Дегенмен, осы қысқы маусымда әдеттегі ресми төбешік жоқ. Оның орнына биатлоншыларға арналған пневматикалық тир орнатылып, қоршау қойылған. Алайда қойылған тыйымдарға қарамастан, қала тұрғындары бұрынғы жерге келіп, төбешікте сырғанап жүр. Ал бұл өз кезегінде дене жарақаттары мен қайғылы оқиғаға әкелуі әбден мүмкін.
Ертіс: сырғанап, сергі!
Қыс мезгілінде павлодарлықтар шоғырланатын тағы бір танымал орын – «Ертіс» шаңғы базасы. (Усолка шағын ауданында орна-ласқан) Ертіс өзенінің жағасындағы бұл база қаланың қысқы белсенді өмірінің нағыз орталығына айналған. Мұнда тек кәсіби спортшылар емес, отбасымен демалуды жақсы көретіндер де таза ауада серуендеп, күнделікті қарбаластан уақытша алыстайды. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Әлия Төлеуова «Ертіс» шаңғы базасын қысқы демалыстың нағыз сүйікті орны деп есептейді. Оның айтуынша, бұл жерге әр келген сайын көңіл-күй көтеріліп, күнделікті тіршіліктің уайымынан алыстап, таза ауада сергіп шығуға мүмкіндік туады.
— Мұнда бәрі ойдағыдай ұйымдастырылған. Трассалар әртүрлі деңгейде жасалған. Мысалы, жаңадан бастағандарға арналған жеңіл жолдардан бастап, тәжірибелі шаңғышылар үшін күрделі әрі ұзын бағыттарға дейін бар. Балалар өздеріне лайық трассаны таңдап, қауіпсіз әрі қызықты тәжірибе алады. Мұнда отбасымен келіп, бірге уақыт өткізуге де ыңғайлы, ал балалардың шат күлкісі мен қуанышы одан әрі жаныңды жылытып, көңілге шаттық сыйлайды, – дейді Әлия.
Шаңғы базасына тұрақты келушілердің арасында 72 жастағы Нұрлан Қасен ақсақал да бар. Ол өзінің жасына қарамастан спортпен шұғылдануды күнделікті ісіне айналдырған. Ол қыстың суық күндеріне қарамастан базаның белсенді қатысушыларының бірі болып саналады. Оның қар үстінде тез қозғалып, шаңғы тебетін сәтін көрген адамдар таңданыстан көздерін алмайды.
— Жас кезімнен спортқа, әсіресе шаңғыға ерекше жақын болдым. Қызметтік жылдарымда түрлі спорттық жарысқа қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, өзімді сынап көрдім. Қазір зейнеткерлік жасқа жетсем де, спортты мүлде тастаған емеспін. Керісінше, әрбір сырғанау мені сергітеді, күш-қуат сыйлайды. Мұндай белсенді өмір салты — денсаулықты сақтаудың, көңіл-күйді көтерудің және өмірге құштарлықты сақтаудың тиімді жолы. Қар үстінде шаңғы теуіп жүрген сәтте мен тек физикалық күшімді емес, рухани қуатымды да арттырамын. Мұндай сәттерде жасқа қарамай, өмірдің әрбір күнін бағалағандай боласың. Сол себепті баршаға айтарым: Спортпен шұғылданыңыздар! Жасқа қарамастан, белсенді болыңыздар, денеңізді сергек, рухыңызды мықты ұстап, өмірден ләззат алыңыздар, – дейді ардагер.
«Ертіс» шаңғы базасы өкілдерінің мәліметінше, қысқы маусымда демалушылар саны айтарлықтай өседі. Мәселен, жұмыс күндері шаңғы базасына күніне орта есеппен 20–30 адам келсе, демалыс күндері келушілер саны 100-ге жуықтайды. Келушілердің бір бөлігі шаңғы тепсе, енді бірі коньки тебуді, ал кейбірі сырғанақта сырғанауды жөн көреді. База аумағында шаңғы, коньки және тюбингтер жеткілікті. Сондықтан демалушыларға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселесі еш туындамайды.
– Тұрғындардың шаңғы тебуге, таза ауада белсенді демалуға деген ықыласы артқаны көңіл қуантады. Бұл – адамдардың салауатты өмір салтына бет бұрғанының белгісі. Алдағы уақытта көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтіп, келушілерге қолайлы жағдай жасауға баса мән беретін боламыз, – дейді шаңғы базасының өкілдері.
Қар мен мұз – тегін қуаныш
Орталық жағалау да бүгінде отбасымен демалуға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орынға айналып отыр. Мұнда да қауіпсіздік талаптары сақталып, тұрғындардың қысқы дема-лысын мазмұнды ұйымдас-тыруға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, коньки теуіп, сырғанақ тебетін балалардың қарасы қалың. Бастысы, бұл қызметтер тегін көрсетіледі. Қажетті спорттық құрал-жабдықтарды алу үшін демалушылар тек жеке куәлігін кепілге қалдырса жеткілікті.
Жалпы, Павлодар қаласының аулаішілік мұз айдындарында сырғанау толықтай тегін. Сондай-ақ, Орталық алаңда, Қалалық бақта, Гагарин атындағы саябақта және Малайсары 39 мекенжайындағы жабық хоккей кортында коньки тегін беріледі. Қалған мұз айдындарында тұрғындар өз конькилерімен де сырғануға мүмкіндіктері бар.
Жұмыс күндері: 12:00-ден 19:00-ге дейін, демалыс күндері 11:00-ден 19:00-ге дейін, сейсенбі – демалыс күні.
Сондай-ақ, шаһарда биыл 10 сырғанайтын төбешік орнатылды. Олар Гагарин саябағы, Ertis Olimpic бассейні, Ж.Аймауытов атындағы театр, Химгородок («Гусиный рейсі»), Восточный шағын ауданындағы Малайсары көшесі, 21, Достық шағын ауданында, Металлургтер паркінде, Назарбаев көшесі, 3/2, Павлодар 2 шағын ауданында, сондай–ақ, МДС-Дачный ауданында орналасқан. Қала аумағында «Зеленая роща» және «Ертіс» шаңғы базасында шаңғыларды тегін жалға алуға болады. Жұмыс күндері: 12.00-ден 19.00-ге дейін, демалыс күндері 11.00-ден 19.00-ге дейін, сейсенбі-демалыс күндері ашық. Шаңғы барлық адам үшін қолжетімді.
«Мырзашоқыға» барсаңыз…
Ал егер қаладан тыс жерде демалуды жоспарласаңыз, Баянауыл ауданында орналасқан «Мырзашоқы» тау-шаңғы кешеніне барсаңыз болады. Табиғаты көркем, таулы аймақта орналасқан бұл кешен қыс мезгілінде облыс тұрғындары мен қонақтарының жиі баратын демалыс орындарының бірі болып есептеледі. Мұнда шаңғы тебуге арналған арнайы трассалар дайындалып, белсенді демалысты ұнататындар үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс күндері және жақсы ауа райында демалыс орны күніне екі мыңға дейін адамды қабылдауға қабілетті. Заманауи аспалы жолмен және ұзындығы 1,3 шақырымнан асатын шаңғы трассасымен жабдықталған, сонымен қатар шыңға шығуды жеңілдету үшін орындық көтергішпен жабдықталған. Үлкен креслоның ұзындығы 800 метр, шағын шаңғы лифті 320 метр, одан түсуі қазірдің өзінде 500 метрді құрайды. Бір сағат ішінде орындық лифт 550 демалу әуесқойларын жібере алады.
Ал егер сіз белгілі бір еңіске көтеріле алсаңыз, онда шаңғымен сырғанау, сноуборд тебу, түтікпен сырғанау үшін жабдықты тегін ұсынады. Осылайша, инвесторлар жаңа базаға туристерді көбірек тартуға тырысуда.
Тау шаңғысы курорты жобасы әлі де жүзеге асырылу үстінде. Жақында мұнда бірнеше ағаш үй, екі қабатты қонақ үй, мейрамхана ашылады. Табиғи қар тапшылығы болса, австриялық технология бойынша еңіс жасанды қармен жабылады. Сондай-ақ, ашық ауада іс-шараларды ұнататындар үшін инвентарь қосымша сатып алынады. Шаңғы тебуден басқа демалушылар жаяу серуендеуді және атпен жүруді ұсынатын жергілікті тұрғындардың қызметтерін пайдалана алады.
«Мырзашоқы» тау шаңғысы курортына барар жолдың негізгі тірегі – Баянауыл ауданындағы Қаражар ауылы. Павлодардан ауылға дейін тас жолдың бойымен 200 шақырымнан сәл ғана асады. Немесе қарапайым автобуспен Баянауыл ауылына, одан жеке таксимен немесе шағын автобуспен базаға баруға болады. Жолдың бұл бөлігі небәрі 14 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда демалыс орнында жылу пункттері, асхана және шайхана жұмыс істейді.
Демалушылар да өз ризашылығын білдіреді. Мысалы, Екібастұз қаласынан отбасымен келген Айгерім Сұлтанова: «Қалаға жақын жерде осындай көркем табиғатқа шығып, шаңғы тебу — керемет мүмкіндік. Барлық құрал бар. Қауіпсіздік шаралары да сақталған. Балалармен келуге өте ыңғайлы, – дейді. Ал жас спортшы Ерлан Маханов: «Трассалар жақсы дайындалған, биіктігі де жеткілікті, аспалы жол арқылы таудың жоғарғы нүктесін көріп, кешкі көріністі тамашалау ерекше әсер қалдырды. Қармен жүретін көлікпен таулар мен көлдерді аралау да керемет тәжірибе болды», – деп пікір білдірді. Мырзашоқы тауының қарлы баурайынан атқа мініп, таза ауамен тыныстау үшін мұнда тек Павлодар мен Баянауылдан емес, шекаралас Қарағанды, Астана, Семей және Ресей елінің Омбы мен Новосібір қалаларынан келетін адамдар да бар.
Осылайша, «Мырзашоқы» тау-шаңғы кешені қысқы туризмді дамытуға үлес қосып қана қоймай, павлодарлықтар мен өңір тұрғындары үшін белсенді демалысты ұйымдастыруға қолайлы, барлық жас тобына ыңғайлы орынға айналып отыр.
Керек дерек:
- «Зеленая роща» шаңғы базасында шаңғыны жалға алу сағатына 500 теңгені құрайды. Тюбингтерді де жалға алу 500 теңгеге шақталған. Ал өз шаңғыңыз немесе коньки-
іңізбен келсеңіз, тебу тегін. Сырғанақ та тегін жұмыс істейді. Дүйсенбі – демалыс күні. - «Ертіс» шаңғы базасында шаңғы мен конькилерді жалға алу – тегін. Бар болғаны өзіңіздің жеке куәлігіңізді қалды-рсаңыз болғаны. Дүйсенбі – демалыс күні.
- Павлодар қаласындағы мұз айдындарында коньки мен сырғанақ тебу барлық адам үшін тегін.
- «Мырзашоқы» тау-шаңғы базасында аспалы жолмен
1 адамға 1 рет көтерілуге 1000 теңгеңізді дайындай беріңіз. Ал жарты күнге – 5000 теңге, бір күнге 10 000 теңгені құрайды. Шаңғы мен сноубордты жалға алу құны 1 сағатқа – 1 500 теңге, жарты күнге – 3 000 теңге, бір күнге – 6 000 теңге. Ал егер тюбингті 1 сағатқа жалға аламын десеңіз, 2 000 теңгеңізді, қарда жүретін көлікпен жүремін десеңіз, 5 000 теңгеңізді дайындай беріңіз. Ал егер Баянның табиғатын атпен серуендеп бір аралаймын десеңіз,
1 500 теңгені қалтаңыздан шығарасыз. Бір ескере кететін жайт, өзіңізбен бірге қолма-қол ақшаны да ала салыңыз.
Себебі бұл жерде байланыс нашар болады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
