Биыл қар әдеттегіден ерте түсіп, әбігерге салды. Жылыту кезеңіне толық аяқ бастық. Осыған орай, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен қысқа дайындықтары және жылыту маусымындағы төтенше жағдайдың алдын алу бойынша ақпарат алдық. Павлодар облысы ТЖД бастығы, полковник Рустамбек Амрин бүгінгі таңда өңірдің барлық аумағын қамтитын жаңа техника алынғаны және қауіпсіздік бойынша өткізілген шаралармен бөлісті.
– Рустамбек Нұрланұлы, биыл қар әдеттегіден ерте түсті. Десек те, қысқа дайындық қалай жүргізілуде?
– Қысқы уақыттағы төтенше жағдайларды жоюға байланысты азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдар күшінің көмегімен бүгінгі таңда 2788 адам, 411 бірлік қар тазалау, 393 бірлік инженерлік, 149 бірлік эвакуациялық техника және жоғары өтімді техниканың 201 бірлігі өз жұмысын атқарады. Сондай-ақ, шекара маңындағы Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстары және Ресей Федерациясының Новосібір, Омбы, Алтай өлкесі трансшекаралық облыстары қыс мезгілінде халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін облыс ұйымдары арасында өзара іс-қимыл жоспарлары түзілді. Ал Ақмола облысы ТЖД-мен бірлесіп, ағымдағы жылдың қыркүйек айында штабтық жаттығу өткізіп, «Астана-Ерейментау-Шідерті» республикалық маңызы бар автомобиль жолының неғұрлым проблемалық учаскесіне баса мән берді. Сонымен қатар, облыстық «Қазгидромет» ұйымымен ақпараттық қатынасымызды нығайтып, ауа райынан алдын ала хабардар боламыз.
– Қыс мезгілінде қолданатын көлік саны ұлғайды ма? Қандай өзгерістер орын алуда?
– Биыл Павлодар облысының төтенше жағдайлар департамен-тінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Республикалық бюджет есебінен жеті заманауи өрт сөндіру-құтқару машинасы, ал жергілікті бюджет есебінен Toyota Hilux жедел ден қою автокөлігі және «Газель» жүк көлігі сатып алынды. Сондай-ақ, 165 бірлік өрт-техникалық жабдықты алып, оның ішінде электр генераторлары, мотопомпалар, үрлегіштер, экшн-камералар және бейнетіркегіштер бар. Сонымен қатар, құтқарушылар жылу-түтін камерасы, дыбыстық ескертуі бар дрон және жаңа нысанды киіммен жабдықталды.Бұл құтқарушыларға заман ағымына ілесіп, жұмыстарын сапалы әрі тиімді орындауына ықпал етеді.
– Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша қандай шаралар жүргізілді?
– 2025 жылдың басынан бастап Павлодар облысы ТЖД бөлімшелерімен апаттарды жоюға байланысты 3186 жағдай орын алып, оның ішінде 541 құтқару операциясы жүргізілді. Нәтижесінде 196 адам аман қалды. Көпшілік жиналатын нысандарда 328 дәріс пен нұсқама өткізілді. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігі бойынша 175 ашық сабақ ұйымдастырылды, 89 жаттығу эвакуация және өрт сөндіру бөлімдеріне 70 экскурсия өткізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарымен ерекше жұмыс жүргізіліп, есепте тұрған 1 289 тұрғын үйдің барлығы алдын алу шараларымен таныстырылды. Жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен бұл санаттағы үйлерде 550 улы газ датчигі орнатылды.
– Жылу маусымына дайындық қандай деңгейде?
– Құтқарушылар жылыту маусымына байланысты алдын алу шараларын қолға алды. Жылыту маусымының басталуымен Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері халық арасында профилактикалық жұмысты күшейтті. Негізгі мақсат – тұрғын үй секторында өрт пен көміртегі тотығымен улану жағдайларының алдын алу. Ал өткізілген шараларға келетін болсақ, мұқтаж азаматтардың үйлерінде қызметкерлер көміртегі тотығы датчиктерін орнатты. Бұл құрылғылар қауіпті концентрацияны уақытылы анықтауға және қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғын үйлерде 533 көміртегі тотығы датчигі бар.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Салтанат ҒАББАС.