Қасиетті Құранда алты түрлі жемістің аты аталған. Бұл өсімдіктердің барлығының құрамында адам ағзасына пайдалы дәрумен бар және көптеген ауруға ем екенін заманауи медицина дәлелдеп келеді. Ендеше, қасиетті кітапта жазылған қандай жемістер?
Құрма
«Құрманың діңін өзіңе қарай сілкі. Саған жаңа піскен құрма түседі. Же (Құрмадан), су іш әрі тыныштыққа бөлен!» Құран Кәрімнің «Мәриям» сүресінің 25-26-аяттарда осылай делінген.
Құрманы түрлі минералдар мен дәрумендердің қоймасы десек, артық айтқандық емес. Оның құрамында мыс, темір, магний, мырыш, марганец, фосфор, натрий, алюминий, кадмий, кобальт, күкірт, бор, т.б. минералдармен бай. Сонымен қатар, алмада, бананда, апельсинде жоқ 23 амин қышқылы бар. Сондай-ақ А, В1, В2, В3, В6, PP дәруменіне де өте бай. Ғалымдардың зерттеуінше, 10 түйір құрма адамға магний, мыс және күкірттің тәуліктік мөлшерін бере алады. Ер адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына бейім келетіні бүгінде ешкімге жасырын емес. Мұны статистикалық деректер де растайды. Ал құрмада көп мөлшерде кездесетін калий жүрек бұлшық етінің жұмысын жақсартып, қысымды қалыпқа келтіреді. Магний күйзелісті жеңуге көмектеседі. Сондықтан дәрігерлер адамдарға құрманы көбірек жеуге кеңес береді.
Інжір
«Ант етемін інжір және зәйтүнмен». Бұл — «Тин» сүресінің 1-аяты. Бұл жемістің де пайдасы ерекше, түрлі дәруменге бай. Атап айтсақ, құрамында C, B1, B2 дәрумендерімен қатар каротин, кальций, калий, фосфор, қант пен пектин бар. Інжірдің құрамындағы эфир майы қанның қоюлануына жол бермейді. Інжір фармацевтикалық құндылыққа ие болғандықтан, адам денсаулығында ерекше рөл атқарады. Інжір қақырықты түсіріп, тамақ, кеуде, суық тию, тұмау ауруларының алдын алады. Жөтелді басуға көмектеседі. Інжірдің жүкті немесе бала емізетін аналар үшін орасан зор пайдасы бар. Інжір қан қысымын төмендетуге, қандағы қант деңгейін бақылауға көмектеседі. Бірінші дәрежелі қант диабетімен ауыратын он адамға таңғы асқа інжір жапырағынан әзірленген шай берген кезде олардың инсулинге деген қажеттілігі төмендеген.
Зәйтүн
«…Сондай-ақ, жүзімнен бақтар және бір-біріне ұқсайтын, ұқсамайтын зәйтүн мен анар шығарамыз. Олардың жеміс салған және жемісі пісіп жетілген кезіне назар салыңдар…» («Әнғам» сүресі, 99-аят).
Зәйтүннің қасиетіне қарап оны сұлулық құпиясы деуге толық негіз бар. Оның құрамындағы А және В дәрумендері теріге жағымды әсер етеді, шаштың өсуін нығайтады және жылтыратады. Ал оның майларындағы А және Е дәрумендері әйелдің жүкті болу мүмкіндігін арттырады. В6 дәрумені жүктілік кезіндегі варикоз бен тромбоздың алдын алады. Зәйтүн майын тамақпен бірге күніне кем дегенде бір рет қолдану әйелдердің омырау безі обырының алдын алады. Себебі зәйтүн омырау безі обырының пайда болуына себеп болатын HER-2/neu онкогеніне қарсы тұруға қауқарлы. Зәйтүнді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жақсы көріп, күнделікті қолданған. Хадистерде бұл майды бет күтіміне, шаш, қас күтіміне пайдалану керектігі айтылады. «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар, өйткені ол – мүбәрак ағаш» деген. Тағы бір хадисінде Алла елшісі: «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар. Расында оның бойында жетпіс түрлі дертке шипа бар. Оның ішінде алапес (ауруына да ем)» деген.
Банан
«…Және жемістері шоғырланған банан ағаштары арасында» («Уақиға» сүресі, 29-аят). Бананның 100 грамында 376 миллиграмм калий бар, бұл шамадан артық сұйықтықты ағзадан шығару үшін жеткілікті. Тропикалық елдерде бананның езбесі нәрестенің тамағы болып есептеледі.
Себебі банан аллергия тудырмайды және баланың ағзасын пайдалы заттармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, тропикалық жеміс көзге де ерекше пайдалы. Әдетте сәбіз көзге оң әсер етсе де, банандар торлы қабықтың зақымдануы және орталық көру қабілетінің бұзылуымен күреседі.
Жүзім
«…Құрма бақтары және жүзім-діктер жасадық және ол жерден бастаулар ағыздық» («Йәсин» сүресі, 34-аят).
Жүзім қандағы азот оксидінің деңгейін көтеріп, қанның қоюлануына жол бермейді. Жүзім шырынына келетін болсақ, оның әсері мен пайдасы өте зор. Шырынды аш қарынға ішу қажет. Жүзімнің бірнеше түрі бар. Мысалы, жасыл түрінен алынған шырын иммунитетті көтеріп, сергектік пен күш-қуат сыйласа, қара жүзімнен алынған шырынды ісікке қарсы қолдануға болады. Сондай-ақ, ол мидың жұмысы мен көздің көру қабілетін жақсартуға көмектеседі. Қызыл түсті жүзім денені микроағзалардан, бактериялардан, вирустардан және паразиттерден қорғайды. Айта кету керек, бұл өзіңіз жасаған табиғи шырын туралы. Ал дүкеннен сатып алынған шырынға химиялық заттар, консерванттар, бояғыштар қосылуы мүмкін.
Анар
Анар шырыны асқазан, бүйрек, бауыр, өт, диабет, анемия ауруларына ем болады. Сондай-ақ, анар шырынын физикалық, лазерлік, химиялық терапия мен радиациялық сәулелер қабылдағаннан кейін ішкен жөн. Себебі анар шырыны емнен кейін ағзада қалып қойған зиянды қалдықтардың көзін жояды.
Тілеуберді САХАБА.