Тереңкөл ауданында XIV республикалық Құран байқауына іріктеу сайысы өтті. Байқауға облысқа қарасты қала, аудан және ауыл мешіттерінің шәкірттері қатысып, Алланың сөзін оқудан сынға түсті.
Асыл дінімізде Құран оқудың да, жаттаудың да, тыңдаудың да сауабы жоғары. Өзін Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбеті санаған әрбір мұсылман қасиетті кітапқа қатысты осы үш міндеттің бірін орындауы керек. Яғни, мұсылман адам үшін Құранды оқып үйренудің, одан ары қарай мүмкіндігі болса жаттаудың сауабы зор. Егер бұлардың бірін де орындай алмаса, тыңдау арқылы Алланың сөзін ақылына сіңіріп, шын өмірде қолдану қажет.
Құран оқу байқауына мешіттер мен медреселерде діни сауатын жетілдіріп жүрген 30-ға жуық шәкірт қатысты. Сайысқа Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің имамдары мен Құран жаттау курсының ұстаздары төрелік жасап, үздіктерін таңдады. Төрешілер қатысушылардың Құранды оқу мақамына, әуезді үніне және сұрақ қойылған жерден қатесіз жалғастыруына айрықша мән беріп, бағаларын берді. Сонымен қатар, шәкірттердің тәжуйд ілімін, яғни, Құран оқу ережесін қаншалықты меңгергені де сарапқа салынды.
Сайыс нәтижесіне келсек, бірінші орынды Ақтоғай ауданынан келген үміткер Ержан Әміралинов жеңіп алды. Екінші орын тағы да ақтоғайлық Әлихан Мұратовқа бұйырса, үшінші орынды Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің шәкірті Шышнәби Өтеулиев иеленді. Байқауға қатысушылар да жоғары дайындықпен келіпті. Жеребе бойынша тараған әрбір сүрені ерекше мақаммен, ерекше үнмен оқып, көрерменнің жүрегін тебірентті.
Жеңімпаздарды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы құттықтап, ақшалай сыйлықтар табыс етті.
— Бұл шараның басты мақсаты – Құранды дәріптеп, жастардың рухани дамуына жол ашу. Сонымен қатар, Алланың сөзі бойынша жүрегіне сіңіру арқылы асыл дінімізді тану, түсіну. Міне, жастарымыз жастайынан Құран нұрымен сусындап өссе, олардың болашағы да баянды болмақ. 14-ші республикалық Құран жарысы Талдықорған қаласында болады. Осы сайыстың қорытындысы бойынша үздік деп танылған шәкіртіміз — Ержан Әмірәлинов сол байқауда Павлодар облысының намысын қорғайды,- деді Жолдас Қоспақұлы.
Тілеуберді САХАБА.