Өткен демалыс күндері еліміздегі ең үздік қарилар Ертіс-Баян өңіріне жиналып, жергілікті мұсылман жамағатқа екі күн бойы Құранның әуезді үнін сыйлады. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған ХІІІ Құран байқауына еліміздің әр өңірінен 80-ге жуық қарилар және құран курсының шәкірттері қатысты. Биылғы Құран жарысының басты ерекшелігі бас жүлдеге автокөлік тігілуінде болды.
Құран жарысының ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Бүгін Қазақстан мұсылман-дары діни басқармасының бастамасы бойынша қасиетті Ертіс-Баян жерінде ауқымды Құран жарысы өтіп жатыр. Бұл шараның басты мақсаты — қасиетті Құран кітабы-мызды халыққа кеңінен насихаттау. Құранды насихаттау дегеніміз – адамгершілікті, ізгілікті насихаттау деген сөз. Себебі, Құран — адам баласына түсірілген ең қасиетті, ең ұлы кітап. Мұнда адам баласына қажетті құндылықтардың барлығы айтылған. Құранда қоғамға қызмет, ата-анаға құрмет, балашағаға қамқорлық, ағайын-туыс арасындағы татулық сынды бүгінгі қоғамға қажетті дүниелердің барлығы көрсетілген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде «Дін қызметкерлері ұрпақтың болашағын бұзатын лудомания, нашақорлық секілді басқа да түрлі аурудың алдын алуға өз үлестерін қосуы керек» деген болатын. Міне, осындай әрекеттердің бірі – Құран хикметін жұртқа жеткізу, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жарыс төрт номинация бойынша өтті. Атап айтар болсақ, Құранның 10 парасын, 20 парасын, 30 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу. Ереже бойынша төрешілер Құран сүрелерінің кез келген бетінен бір аятын оқиды, ал қатысушылар сол жерден жаңылмай жалғастырып әкету керек. Яғни, бір қатысушыға бес сұрақтан қойылды. Ал мәнерлеп оқу номинациясына қатысушылар өзінің әдемі әуезді үнімен ерекшеленіп, тәжуйд ережелерін сақтай білетінін көрсетуі керек. Міне, осы сұрақтарға сүрінбей жауап берген, сынақтардан мүдірмей өткен шәкірттер ғана үздік шығып, жеңімпаз атанды.
Байқауға қатысушылардың ең кішісі – 10 жасар Дияр Есім. Ол Алматы облысынан келді. Құранның 10 парасын оқу номинациясы бойынша бақ сынап, тыңдарманды өзінің әдемі үнімен ұйыта білді. Ал Түркістан облысынан келген Нұрислам мен Расул — бір үйдің балалары, екеуі де — Құран жаттаған қарилар. Бірі — 11 жасар, екіншісі 15 жасар.
— Мен құранды 7-8 жасымнан жаттай бастадым. 9 жасымда қасиетті кітапты толық жаттап, қари атандым. Жарысқа өткен жылдан бері қатысып келемін. Биылғы байқауға Жаһангер ұстаз дайындап, үлкен үмітпен, сеніммен жіберді. Осындай байқауларға қатысуыма мүмкіндік берген ата-анама және ұстазыма айтар алғысым шексіз, — дейді кішкентай Нұрислам.
Байқауға Ерсін Әміре, Серік Ахметов, Данияр Жұмабаев, Сәдуақас Олжабай және Теміржан Мұратов сынды белгілі қарилар мен дінтанушылар төрелік етіп, жеңімпаздарды анықтады.
— Өткен жылы алғаш рет халықаралық Құран жарысын ұйымдастырдық. Содан кейін өзге мұсылман мемлекеттерінің қарилары бізге қызығушылық танытып, болашақта өтетін жарыстарға қатысуға ұсыныс білдіруде. Ал республикалық және облыстық деңгейдегі байқауға қатысушы қарилардың саны да, сапасы да жылдан-жылға артып келеді. Себебі, қазір елімізде қари дайындайтын медреселердің саны көбейген. Оларда екі мыңнан астам шәкірт Құраннан сабақ алып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен екі ижаза орталығы ашылған. Бұл орталықты тәмамдаған шәкірттер ижаза куәлігіне қол жеткізеді. Бұл – терең діни білім алам, Құранды толық жаттаймын деген жас мамандардың, болашақ ғалымдардың рухани әрі ғылыми орталығы болады. Сол орталықтардың өзінде 30-дан астам шәкірт білім алуда, — деді діни басқарма жанындағы Құран секторының меңгерушісі Серік Ахметов.
Еліміздің әр облысынан келген қарилардың құранын тыңдап, Алланың қасиетті кәләмына құлақ түруге жиналған жамағаттың қарасы көп болды. Солардың бірі – Шерназдан Құсайынов ақсақал.
— Имандылық жолында, діни қызмет бағытында жүрген адамдар үшін құран тыңдаудың артықшылығы, әсері өте зор. Мен бүгінгі байқаудан өте мол рухани азық алып барамын. Иә, Құран адамның жүрегін тыныштандырады, жаныңызды емдейді, Аллаға жақындатады, Жаратушының бұйрықтарына бағынуға септігін тигізеді. Бүгінгі байқауға қатысуға келген әрбір шәкірттің өзіндік үні, өзіндік Құран оқу мақамы бар екен. Қай-қайсысын тыңдасаңыз да жүрегіңізге қонады, құлағыңыздың құрышын қандырады. Сондықтан ең бірініші ұйымдастырушы ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, Мәшһүр Жүсіп мешітінің ұжымына және әр өңірден ат арытып келген шәкірттерге шынайы алғысымды білдіремін, —
деді Павлодар ауданы Әбу Шахман мешітінің азаншысы Шерназдан ата.
Содан кейін ақсақал қос қолын жайып:
Атасызға ата болыңдар,
Батасызға бата болыңдар.
Арып-ашқан ғаріптің,
Жел жағына жота болыңдар.
Панасызға пана болыңдар,
Кек сақтамас адам болыңдар.
Дос сүйініп қас сыйлар
Асу бермес заңғар болыңдар.
Осы байқаудан сүрінбей өтіп,
Отбасыларыңа аман жетіңдер, — деген ақ батасын берді.
Сонымен екі күнге созылған Құран жарысы да өз мәресіне жетіп, әр аталым бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Әрине, 80-ге жуық қатысушыдан үздіктерін іріктеу оңайға соқпады. Дегенмен, қасиетті кітапты басынан соңына дейін жаттап, оның әр сөзін жүректеріне сіңірген қарилар қауымы айрықша ыждахатпен қарап, әділ шешім шығарғандарын жеткізді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге тігілген HAVAL автокөлігі «30 пара» аталымында бақ сынаған алматылық Әбілқайыр Жұбанға бұйырды. Осы аталымда ІІ орын (4 000 000 теңге) Шымкенттен келген Абдулазиз Илхамжановқа, ІІІ орын (3 000 000 теңге) Астана қаласынан келген Мансұрхан Уәлиханға бұйырды. Ал ІV орын (1 500 000) қарағандылық Нұртілеу Сейітқасымның, V орын (1000 000) Жамбыл облысының өкілі Диас Айтмаханның қанжығасына байланды.
«20 пара» бойынша І орынды (3 000 000 теңге) Қарағанды облысының қариы Арсен Есімбек, ІІ орынды (2000 000 теңге) Шымкенттен келген Асадулла Эминтаев, ІІІ орынды (1 500 000 теңге) Түркістанның шәкірті Махмұт Мырзахмет жеңіп алды. Ал «10 пара» бойынша жеңімпаз (1 500 000 теңге) елордалық Дінмұхамед Әбішевке бұйырды. ІІ орын (1 000 000 теңге) Алматыдан Мұхамедәли Шәкіров, ІІІ орын (750 000 теңге) тағы Түркістаннан келген Нұрислам Тұражановқа бұйырды. «Мәнерлеп оқу» бойынша І орынды (700 000 теңге) Атырау облысынан келген Саламат Иманғалиев жеңіп алды. ІІ орын (500 000 теңге) Қарағанды облысының шәкірті Әбілқасым Әбдірахманұлына бұйырса, ІІІ орынды (300 000 теңге) Павлодар облысының медресе шәкірті Әлихан Мұратов еншіледі.
Тілеуберді САХАБА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.