XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында ислам дінінің кең таралуы жолында үлкен қызмет атқарған адамдардың бірі – татар көпесі Абдулфаттах Рамазанов. Ол 1905 жылы облыс орталығындағы «Ақмешіт» мешітінің бой көтеруіне ықпал етіп, қалың мұсылманның басын бір шаңыраққа жинады. Ал жақында жергілікті зерттеушілер кезінде А.Рамазановтың өзіне тиесілі болған діни кітаптарын, фотосуреттерін және жеке заттарын тауып, оларды тиісті мекемелерге табыс етті.
Алланың асыл дініне шын жанашырлық танытып, Павлодар қаласының бірінші мешітін салған Абдулфаттах Рамазанов өзі де білімге құштар, тақуа адам болған дейді білетіндер. «Татар-башқұрт» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Рустам Мазгутов көпеске тиесілі кітаптар жиынтығын, фото суреттерін және мөрлерін тауып, оны қомақты қаражатқа сатып алған. Айтуынша, жәдігерлер кезінде Рамазановтардың сенімді қызметкерінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп келген.
— Мен Рамазановтар әулетінің тарихымен 5 жылдан бері айналысып келемін. Бес жыл бұрын біз марқұмның қабірін тауып, қоршауын қалпына келтіріп, мешіт аумағына ескерткіш тас орнаттық. Биыл біз көпестен қалған бір топ коллекцияны таптық. Онда рухани мазмұндағы кітаптар, энциклопедиялық сөздіктер, екінші гильдия көпесінің мөрі бар. Бұл жәдігерлер XIX ғасырдың соңына тиесілі. Бұл – өңір тарихы үшін үлкен құндылық, – деді ол.
Табылған кітаптардың қатарында екі үлкен Құран тәпсірі бар. Оның бірі 1891 жылы, екіншісі 1899 жылы басылған. Бірінің мұқабасындағы қосымша парақта: «Қалам Шәриф (Құран кәрім). Бұл тәпсір «Фәуаид тәпсірі» деп аталады. Автор бұл еңбекті Құран сөздерінің мағыналарын айқындау, олардың мәнін түсіндіру және түсінікті ету мақса-тында жазған. Барлық мақтау-мадақ — жара-тушы Раббымыз, Аллаға! Ол қаламмен (жазуды) үйреткен, барлық нәрсені біліммен білдіруші Рахман әрі Рахим. Ол Құранды түсірген — бүкіл әлемге ескерту және нұр болу үшін. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) сәлем және салауат болсын. Бұл тәпсір 1891 жылы басылып шыққан» деген түсін-дірмесі берілген. Қос
кітап енді «Ақмешіт» мешітінің жеке кітап-ханасында сақталатын болады.
— Мешіт меншігіне екі үлкен Құран тәпсірі тапсырылды. Бұл — біз үшін және біздің жамағат үшін үлкен олжа. Мешіт салған көпестің өзіне тиесілі тарихи мұралар мен жәдігерлер барынша сапалы сақталатын болады. Себебі, қиын-қыстау, қилы заманда Алланың асыл дініне жанашырлық танытып, жамағат үшін мешіт салу – үлкен ерлік. Біз сондай ерлікке барған адамдарды барынша құрметтеуіміз керек. Осы тақырыпта ауқымды зерттеу жұмысын жүргізіп, артында қалған мұраларын қолға түсірген азаматтарға алғысымызды білді-реміз, — деді «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Әбілқайыр Қылышев.
Рамазановтар әулетінен қалған мұра мешітті ғана емес, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың сирек кітаптар қорын да толықтырып жатыр. Мұнда үш кітап тапсырылды. Тапсырылған кітаптар: Біріншісі – 1907 жылы жарыққа шыққан мұсылман күнтізбесі. Екіншісі — 1908 жылы жарық көрген энциклопедиялық сөздік. Үшіншісі – 1907 жылы Қазан қаласында жарыққа шыққан жарнамалық брошюра. Бұл кітаптар араб алфавитімен османлы тілінде жазылған екен. Мәселен, күнтізбелік кітаптың бірінші беті намаз уақы-тымен басталып, басқа да құнды мағлұматтар келтірілген.
Сонымен қатар, Рустам Мазғұтов Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіне Рамазановтар әулетінің отбасылық фотоальбомын
тапсырды.
Тілеуберді САХАБА.
