Облыс мешіттерінде жас жеткіншектер үшін «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курстары басталды. Мұнда мектептен жазғы демалысқа шыққан оқушылар үшін алғашқы діни білім беру сабақтары жүргізіледі. Павлодар қаласындағы Ақмешітте діни сауат ашу курсы 9 маусымда басталды. Жазғы курстың уақыты – үш апта.
Дана халқымыз: «Дін — ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп бекер айтпаған болса керек. Себебі, бұл — өте нәзік әрі күрделі сала. Алланың ақ жолын танып, рухани кемелдікке жетудің алғашқы баспалдағы – діни сенімді дұрыс қалыптастыру. Ол үшін жатсар алғашқы діни білімді мемлекет тарапынан рұқсат етілген сенімді ғибадат үйлерінен алуы шарт. Әйтпесе, Алланың хақ жолын өзім табамын деп барып, теріс ағымдағылардың қатарын толықтырып жатқандар да бар. Бұл ең әуелі діни сауаттың жоқтығынан, ізденістің аздығынан және жасынан мешіт қабырғасын көрмегеннен болып жатады.
Павлодар қаласындағы «Ақмешіт» мешітінің жазғы курсы ұл балалар мен қыз балаларды да қабылдап, діни сауат ашу дәрістерін жүргізуді бастады. Мешіт имамы Нұрмұрат Мұсайыптың айтуынша, балалар әлі тіркеліп жатыр. Яғни, балаларына діни білімді арнайы орындардан беріп, Алланың ақ жолын танытуды ниет ектен ата-аналардың қатары көп.
— Біз сабақты мектеп жасындағы балалардың қабылдау дегейінде өткіземіз. Ауыр тақырып қозғап, күрделі дәріс оқып, кішкентай балалардың миына салмақ түсірмейміз. Басты мақсатымыз – асыл дініміз туралы жалпы мағлұмат беріп, діни сенімнің тағанын орнату. Ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дініміздің құндылықтарын жастайынан санасына сіңіріп өскен, дұрысы мен бұрысын ажырата білген бала болашақта жат ағымның жетегіне ермейді. Сондықтан балаларымызға діни білімді неғұрлым мешіт-медреселерден берген абзал. Ал оларды қазірден бастап бақылап, тура жолды көрсетпесек, ертең көлденең көк аттының жетегінде кетуі ғажап емес, — дейді мешіт имамы.
Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, жазғы курсқа жазылған балаларға алдымен Құран әліппесі үйретіледі. Содан кейін барып, Құран оқуға бейімдеп, қысқа сүрелер мен дұғаларды жаттауды бастайды. Сонымен қатар, дін деген не, Пайғамбар деген кім, Аллаға қалай сену керек, ғибадат амалдарын қалай дұрыс жасайыз, ата-анаға қызмет көрсету, ағайын-туысқа жанашырлық, үлкенге — құрмет, кішіге — ізет деген тақырыптар барынша мол түсіндіріледі.
— Ал бұған дейін әліпбиді танып, Құран оқуды үйренген балаларды одан ары дамытып, сүрелерінің дұрыс-терістігін тексереміз. Себебі, Құран сүрелерін жаттаудың өзінің талабы мен тәртібі бар. Оны қате жаттап алуға болмайды, онда мағынасы бұзылады, — дейді имамдар.
Діни сауат ашу дәрісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатымен шыққан «Мұғалім сәни» кітабы бойынша оқытылады. Сол кітапта қамтылған Ислам дініндегі бес парыз, иманның шарттары, діни сенімнің бастау бұлағы деген сияқты алғашқы мәліметтер беріледі. Одан бөлек, балаларды жалықтырмайтын қызықты әңгімелер, ертегілер айтылып, түрлі ойындар жүргізіледі. Бұл — балалардың мешітке деген оң көзқарасын қалыптастыру, ұстазға деген сенім мен үмітті нығайту мақсатында туындаған тәсіл.
Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, жаз мезгілін тиімді пайдалану мақсатында діни сауат ашу курс-тарына қатысушылардың саны жыл санап артып келеді. Сабақ аптасына бес күн, үш апта жүргізіледі. Қыз балаларға арналған сабақ таңғы сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін жалғасса, ер балалар үшін 14.00-17.00 аралығында өтеді.
Тілеуберді САХАБА.