Мұсылман жамағаты үшін екі үлкен діни мереке бар. Соның бірі — қасиетті Құрбан айт мерекесі. Бұл барша мұсылман халқы үшін сауабы зор құлшылық болып саналады. Биыл Құрбан айт мейрамы 28 маусым күні басталады. Ал айт намазы сол күні әдеттегідей барлық мешіттерде таңғы сағат 7.00-де оқылады.
«Құлагер» ипподромына келіңіздер!
Облыс орталығының жұртшылығы үшін құрбандық шалу рәсімі жылдағыдай «Құлагер» ипподромында өтеді. Облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Қуаныш Қасымовтың сөзінше, Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылына бір келетін діни рәсім үшін бұрынғыдай киіз үйлер құрылмайды, бірақ ет сақтайтын арнайы палаткалар орнатылатын болады.
— Құрбан айт — бай мен кедейді бір бірімен жақындастыратын ерекше ғибратты мереке. Себебі, осы күні жағдайы бар мұсылмандар құрбандық шалып, оның еттерін мұқтаж жандарға таратады. Бұл – үлкен сауап. Қазір Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде мұқтаж жандардың тізімі әзірленуде. Ал құрбандық етін тарату жұмыстарын еріктілер жүргізетін болады. Яғни, тізімге алынған адамдардың барлығын қалдырмай, құрбан етін үлестіруге тырысамыз. Мал шалатын орында тәжірибесі бар қасапшылар жұмыс істейді. Жақында оларға арнайы семинар өткізіліп, барлық талаптары мен шарттары түсіндірілді, — дейді Қуанышбек Әбуталапұлы.
Ал Құрбан айт мерекесінің бірінші күні – 28 маусым, сағат 14.00-де Павлодар қаласының орталық саябағында мерекелік шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Рухани кеште ересектер мен балаларды қызықты бағдарлама күтіп тұр. Ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға және діни сұрақ-жауап сайыстарына белсенді қатысқан тұрғындарға сыйлықтар үлестірі-летін болады.
Сайт іске қосылды
Қазақстан Мұсылмандары діни басқар-масы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған «qurban2023. kz» сайтын іске қосты. Бұл әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін жасалған. Яғни, сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен WhatsApp нөмірге жіберіледі. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын 7 адамға дейін бірігіп шалса болады.
27 маусым – Арапа күні
19 маусым күні һижри жыл санауы бойынша 1444 жылдың зұлхижжа айы басталды. Яғни, Арапа күні биыл 27 маусымға сәйкес келеді. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», — деген. Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Құрбан шалудың тарихы қандай?
Құрбандық шалу — адамзат тарихымен бірге басталған діни рәсім. Адамзаттың атасы Адам атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың арасында орын алған дау құрбандық беру арқылы шешілген. Біз мұны Құран аяттары мен хадистерде баяндалған қиссалардан білеміз. Жалпы, Құран Кәрімде құрбандық шалу оқиғалары туралы бірнеше жерде айтылған. Адам ата мен Хауа ананың балалары екі егіз болатын. Екі егіздің біреуі — ұл, ал екіншісі — қыз. Ұлдары ер жетіп, қыздары бой жеткенде Жаратқан Ие адамзаттың ұрпағын тарату үшін егіздердің сыңарларын бір-біріне қосуды бұйырды. Яғни Абылдың сыңары Қабылмен, Қабылдың сыңары Абылмен тұрмыс құруы керек. Алайда Қабыл өзімен бірге туған егізіне үйленгенді қалайтын. Өйткені ол Абылдың егізіне қарағанда әлдеқайда көрікті, сұлу болатын. Бірақ әкесі Адам өз шешімін өзгертпеді. Қабыл болса інісінің егізіне үйленуден үзілді-кесілді бас тартты. Адам ата бұл мәселенің дұрыс шешімін қалай табуға болатындығы туралы қатты ойланды. Жаратушы Алла Тағаладан тығырықтан шығар жол сұрап жалбарынды. Сонда Алла Тағала екі ұлға құрбандық шалуды бұйырды. Аллаға жақындау мақсатында Қабыл өзі еккен егінінен, ал Абыл өзі бағып жүрген қойынан құрбандық беруі керек. Жаратқан Ие кімнің құрбандығын қабыл алса, соның дегені болмақ. Ағайынды екеуі құрбандықтарын бергенде Алла Тағала Абылдың құрбандығын қабыл алып, Қабылдың құрбандығын қабыл алмады. Осылайша, дауға нүкте қойылды. Бұл адамзат тарихындағы Алла Тағала үшін берілген құрбандықтың ең алғашқысы болатын.
Ибраһим мен Исмаилдың қиссасы
Ислам дінінің басты мерекесінің шежіресі сонау ерте заманнан бастау алады. Ибраһим пайғамбар көп уақыт Аллаға жалбарынып, ізгі ұрпақ тілейді. Алла Тағала тілегін қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмайл атты ұлмен қуантады. Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. Басында күмәнданғанымен, ол түс артынша үш мәрте қайталанып кіреді. Бұл күн қажылық маусымының тәруиә, арафа және айттың бірінші күндері еді.
Пайғамбарлардың түсі уахи болған-дықтан, не де болса бұл бұйрықты орындауға бел байлайды. Баласына көрген түсі жайында хабар берген уақытта ұлы да еш ойланбастан: «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз» деп, мынадай бірнеше тілегін айтады: «Уа, әкетайым! Қолдарым мен аяқтарымды мықтап байлаңыз, тепкіленіп ыңғайсыздық қылмайын. Пышағыңыз өткір болсын. Өзіңізге бұйырылған әмірді орындағанда менің жүзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Алланың әмірін кешіктіруіңіз мүмкін. Жейдемді анама апарып беріңіз. Оны қолына алып, жұбаныш табар», – дейді. Бұл сөздерді естігенде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көзіне жас алып, Алла Тағалаға жалбарынып, өзіне бұйырылған әмірді орындауда бекемдік сұрайды. Сол кезде: «Уа, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз» деген дауыс естіліп, ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі («Саффат» сүресі, 104-аят). Осылайша, әкелі-балалы екеуі өздеріне берілген сынақтан еш мүдірмей өтіп, шүкірлік айтып, үйлеріне қайтады.
Ендеше, құрбан шалу – пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған.
Қандай мал құрбандыққа шалынады?
Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалуға болады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қойды құрбандыққа шалса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабир есімді сахабаның «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қара малды жеті адамның атынан бауыздадық» деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек. Құрбандыққа ниет еткен малдың ешбір жерінде ауруы жоқ, дені сау болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», — деген.
Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.