Ақсу қаласы ауылдық аймағына қарасты Құркөл ауылында жаңа мешіт ашылды. Бұл мешіттің құрылысы осыдан жеті жыл бұрын басталған болатын. Ауылдан шыққан дін жанашырларының бастамасымен қолға алынған игі іс ауыл тұрғындарының қолдауымен аяқталып, жаңа мешіт тұрғындардың игілігіне берілді.
Мешіт құрылысы алғаш 2018 жылы басталып, тағаны тартылған болатын. Яғни, ауыл тұрғындары бұл ғибадат үйінің іске қосылуын 7 жыл күтті. Бұл сауапты істі сол ауылдың тумалары – Телжан Жайлин және Мирас Бақатов сынды азаматтар бастап, оған ауыл тұрғындары да жұмыла кіріскен еді. Алайда, 2019-2020 жылдары болған пандемия салдарынан құрылыс жұмысы тоқтап, бірнеше жылға кешеуілдеп қалғаны рас. Соңғы бірнеше жылда ауыл азаматтары істі қайта қолға алып, береке мен бірліктің арқасында Алла үйінің құрылысын соңына дейін жеткізіп отыр.
Жаңа мешіттің ашылуына ауыл халқы түгелдей жиналды. Сонымен қатар, облыстық орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қанат Қабаев, Ақсу қалалық мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров арнайы қатысып, мешіт салудың екі дүниедегі жақсылығы, сауабы туралы айтты. Сонымен қатар, құрылысты жүргізген кәсіпкерлерге және атсалысқан ауыл халқына алғыс білдірді.
Одан кейін Ақсу қаласының Құрметті азаматтары Қаршыға Шаяхметов пен Теміржан Қапанов сынды ақсақалдар ашылу рәсімін жасап, ақ баталарын берді. Ақсу қалалық мешітінің наиб имамы Жомарт Семсерхан Құран оқып, барша марқұмдардың рухына бағыштады.
Тілеуберді САХАБА.
