Естай атындағы Мәдениет сарайында Республика күніне арналған салтанатты кеш өтті. Мерейлі мерекенің мәні айшықталған шараға аудан-қалалардан әр саланың майталмандары, ардагерлері жиналды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Салтанатты жиынға қатысқан аймақ басшысы Асайын Байханов өңір жұртшылығын ұлық мерекемен құттықтап, егемендік еліміз үшін қастерлі ұғым, бабалар аманаты екенін атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің тұтастығы мен тұрақтылығы ең басты құндылығымыз деп айқындады. Шынында да, Қазақстан Республикасы – жан-жақты дамыған, еңбекқор халқымен бүкіл әлемге танымал ел. Мұның бәрі — қажырлы еңбектің нәтижесі. Сол үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіріп, бас иемін. Бірлігіміз нығайып, елімізде келісім мен бейбітшілік салтанат құра берсін. «Бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ» деген халқымызда жақсы сөз бар. Сондықтан бабаларымыздың аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау — біздің қасиетті парызымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, еліміздің еңсесі биік, егемендігіміз мәңгі болсын, — деді Асайын Қуандықұлы.
Мерекелік кеште аймағымыздың алға басуына әр салада еңбек етіп, елеулі үлес қосып жүрген жандар жоғары марапаттарға ие болды. Екібастұздық шаруа, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров «Парасат» орденін кеудесіне тақса, жеке кәсіпкер Марат Ізбастин, «Павлодаржолдары» ЖШС бас директоры Рустам Мазгутов, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» қоғамдық қорының бас директоры Дүйсен Мерғалиев, Ақсу қаласының еңбек ардагері Елубай Оразалинов, Павлодар қаласының еңбек ардагері Балтабай Сыздықов «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жалынға төтеп беруші маманы Денис Боргуль мен Ақсу ферроқортпа зауытының шебері Мәди Дюзеевке табысталды. Бұдан бөлек, бірқатар азамат «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Жоғары мемлекеттік марапатқа лайық деп танылған «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров ел дамуына әлі де үлес қосудан аянбақ емес. Ол еңбегінің еленгеніне риза.
– 2000-жылдары 12 мал басымен шаруашылық жұмысын бастадым. Қазіргі таңда шаруашылығымда 2500-ден астам ірі қара мал, екі мың бастан астам жылқы бар. 2014 жылы Президент қолынан «Құрмет» орденін алу мәртебесі бұйырды. Ауыл шаруашылығында атқарған жұмысым, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан туған ауылыма жасаған жақсылықтарым ескерілді деп ойлаймын. Ауылыма мектеп, спортзал салып бердім. Бұл — маған мемлекет жасаған қол-даудың қайтарымы. Кезінде біздің шаруашылықтың өркендеуіне жан-жақты қолдау берілді. Аяғымыздан тұрған соң біз де айналамызға жәрдемдесуіміз керек деп санаймын. Республика күнінде айтарым егемендікке қол жеткізген күнімізді бәріміз қастерлей білейік, қадірін түсініп, оны нығайтуға күш салудан тартынбайық, — дейді Манат Алғамбаров.
Салтанатты жиын республикалық және облыстық өнерпаздардың ән кешіне ұласты. Өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, Қазақстанның эстрада әншісі Мәди Сыздықов, опера әншісі Сүндет Байғожин және «Кешью» тобы өнерлерін ортаға салды. Елдің еңсесін көтерген күнге арналған мерекелік концертте ұлтымыздың рухын көтеретін әндер де, классикалық туындылар да орындалды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

