Осыдан бір жарым ай бұрын Мемлекет басшысының қатысуымен ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен болатын. Алты алаштың айтары бар зиялылары бас қосқан алқалы жиында адалдық, адамгершілік, ауызбіршілік және ұлт руханиятын дамытуға бағытталған өзге де мәселелер жан-жақты талқыланғанын білеміз. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде аталмыш құрылтайдың құндылықтарын халыққа түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Соның дәлеліндей, таяуда аймағымызға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, «Достық үйіндегі» дөңгелек үстел отырысына қатысты.

Павлодарлық зиялы қауым бас қосқан жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Адаладам — Адал еңбек — Адал табыс» атты сөйлеген сөзінің мән-маңызы түсіндіріліп, берілген тапсырмаларды іске асыру мәселесі талқыланды. Алғаш болып аға буын атынан сөз алған Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Кенже Кеңесбаев құрылтайдан үлкен ой түйгенін айтты.

— Президентіміз айтқан «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген бір-бірінен ажырамас үш ұғым көпшіліктің назарын аудартты. Бүгінгі отырыстың өзі осыған дәлел. Менің «Құрылтай» десе, құлағымды түріп отыратын әдетім бар. Себебі, 1992 жылы Алматыда дүниежүзі қазақтар алғашқы құрылтайы өтті. Өңіріміздің ресми делегациясын сол кездегі облысымыздың басшысы Асхат Жабағин бастап барды. Оның құрамындағы Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаев, елінің елеулілері Қанат Даржұманов, Қуат Есімханов, Қазкен Мұқашев сынды азаматтардың арасында мен де бар едім. Содан бері қаншама өзгеріс болды. Дүние жүзіндегі дамыған мемлекеттердің қата-рына қосылдық, ұлтымыздың саны өсті, мәдениетіміз, салт-дәстү-ріміз, тіліміз, дініміз жылдан-жылға дамып келеді. Көпұлтты, тату-тәтті өмір сүріп жатқан халқымыз бар. Ал Атыраудағы құрылтайға келер болсақ, ондағы талқыланған мәселелер мемлекетіміздің, бұқара мен биліктің саяси, рухани деңгейі жоғары көтерілгенін көрсетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде болып жатқан оң өзге-рістермен қатар, көптеген кемші-ліктерді де жасырмай, ашық түрде айтып кетті. Бұл айтылғанның бәрі адал адам формуласының қағидаттарына толық сәйкес келеді. Әрі «Әділетті Қазақстан» қалыптастырудың айқын жолын көрсетті, — деді Кенже Кеңесбаев. Бұдан кейін баяндама жасаған облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова лайықты еңбек пен соған сай қолдау қажет екендігіне тоқталды.

—  Ұлттық құрылтай миссиясы аясында кәсіподақтардың қаты-суымен аймақ деңгейінде әлеуметтік әріптестік қалай дамып жатқаны туралы өз пікіріммен бөліскенді жөн көрдім. 2024 жыл — ҚР Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің шешімімен «Лайықты еңбек жылы» деп жарияланды. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестермен бірлесіп  еңбек саласындағы құқықтарды іске асыру, халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және өндірістік жағдайларды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Өңірдің кәсіподақ бірлестіктері лайықты еңбек жағдайларын жасау мақсатында барлық қызметкер үшін де, белгілі бір санаттар үшін де қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қамтитын ұжымдық шарттар әзірледі және қабылдады. Қазіргі уақытта Павлодар облысында 6051 ұжымдық шарт жасалды, — деді халық қалаулысы. Сондай-ақ, осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарын да жеткізді. Яғни, ол жұмысшылар мен жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының негіздеріне бірлесіп оқыту, кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, әлеуметтік әріптестіктің құқықтық жауапкершілігін күшейту жайлы ойларын ортаға салды.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, Торайғыров университетінің профессоры Серік Елікбай қазақтың ұлы тұлғаларын кейінгі жастарға дәріптеу жағы әлі де кемшін екенін алға тартып, осы істі қолға алатын уақыт жеткенін сөз етті. Сондай-ақ, ол Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Иса Байзақовтың қазақ әдебиеті оқулығының ішінде жоқ екеніне өкініш білдіріп, сол үшін Кереку-Баян өңірінің кітаптарын қайта шығару қажет деген ойын айтты. Марғұлан университетінің Марғұлан орталығының директоры Тимур Смағұлов жоғары оқу орны тарапынан жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары жөнінде баяндап берді. Ал Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев ұлттық құрылтай ұрпақты ортақ мақсатқа ұйыстырар ауқымды шара екеніне кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде құрылтай шақыру — ерте замандардан келе жатқан ата дәстүріміз екенін айтып, ашық пікір айта алатын ақылды адамдар бас қосқан мұндай жиындарда талай мәселе шешілетінін жеткізді.

— Қазақ құрылтайларының бәрі түйткілді мәселелерді шешіп, елдің дамуына, ұлттың ұйымшылдығына тың серпін әкеліп отырды. Мәселен, Ұлытауда, Түркістанда, Атырауда өткен құрылтайлардың маңыздылығы қандай? Бірден айтайын, бұл алқалы жиындардың  елдік мәселелерді талқылаудағы форматы өзгеше, ауқымы зор, тиімділігі тез нәтиже беруімен ерекшеленді. Мысалы, көтерілген сұрақтардың дереу орындалу механизмі қалыптасты. Себебі, құрылтайға дейін секторлық жұмыстар жүргізіледі. Ұлттық құрылтай мүшелері атқарушы органдардың өкілдерімен кездесіп, мәселені талқыға салады. Кімнің не істейтіні, қай салаға жауап беретіні анықталып, бағдарлама дайындалады, жоба жасалады. Бұл — бер жағы. Тіпті, Ұлттық құрылтайдың нәтижесі бойынша заңдарға өзгеріс енгізіліп, жаңа заң жобасы қабылданып жатыр. Анығын айтқанда үш заң жобасы қабылданды. Олар — «Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіз-дігін қамтамасызу ету», «Шегуге болмайтын темекі өнімдері мен вейптерге тыйым салу», «Мемле-кеттік наградалар туралы». Тағы алты заң жобасы биыл жыл аяғына дейін күшіне енеді. Бұдан артық не нәтиже керек?, — деді Болат Аманбаев. Сонымен қатар, ол осындай маңызды шараларды болашақта Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесі орналасқан Ескелді жазығы немесе тарихшылар Шайбани ұрпағы хандық құрған деп жорамалдайтын атақты Исабек ишан кесенесі орналасқан Екібастұздағы әулиелі Ақкөл жерінде өткізсе, «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы жаңаша қоғамдық іс-шараға айналар еді деген ұсынысын да тілге тиек етті.

Дөңгелек үстелде, сондай-ақ, өңірдегі педагогтардың алтын ұясы атанған Марғұлан университетінің жастармен жұмыс істеудегі озық тәжірибесі де таныстырылып, «Адал азамат» жобасының жүзеге асу барысы баяндалды.

Шара соңында Мәлік Нұржанұлы барша қатысушыға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, айтылған ұсыныстар алдағы уақытта назарға алынатынын мәлімдеді.

Нұржайна ШОДЫР.

 

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.