Бүгінде облыс аумағында 16 нысанның құрылысы жалғасуда. Бұл мақсатқа 18,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы жаңа ғимараттардың үлесі басым.
Кеше облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Соның барысында белгілі болғандай, бүгінде денсаулық сақтау саласында 6 нысанның құрылысы қолға алынған. Павлодар ауданы Набережное ауылында, Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылында, Екібастұз қаласына қарасты Әлкей Марғұлан ауылында дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік бекет және медициналық бекеттердің құрылысы жалғасып жатыр.
Облыстық құрылыс басқар-масының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, мердігерлер анықталған. Жұмыстар кестеге сай атқарылуда. Уақытылы аяқталмай қалады деген қауіп жоқ.
– Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухана қайта жаңғыртудан өтуде. Тиісті жұмыстар 2024 жылдың ақпан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Әу баста кестеден кешігу мәселесі туындаған болатын. Қазір проблемалар жойылды. Қосымша жұмысшылар тартылды. Бұдан бөлек, Павлодар қаласында Иса Байзақов көшесіндегі жатақхананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын, – деді Қ.Сәтиев.
Медициналық жоғары колледж меншігіндегі Байзақов көшесі, 151/2-үй ғимаратында бұған дейін №1 емхана мен аймақтық денсаулық сақтау басқармасы орналасқанын атап өткен жөн. Бұл жоба 2020 жылы жүзеге асыру жоспарланғанымен, пандемияға байланысты кейінге шегерілген болатын. Жаңа баспанаға меди-циналық колледж студенттері ғана емес, дәрігерлер мен жас мамандар да қоныс теппек. Атап айтсақ, жатақхана жөндеуден өткен соң 69 жас маман баспанамен қамтылып, 107 студент жатақханадан орын алады деп күтілуде.
Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, №1 емхана ұжымы ғимараттың бірінші және екінші қабатын пайдаланып жатқандықтан, жатақхананы уақытылы іске қосу бойынша проблемалар туындауы мүмкін.
Аппараттық жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова арнаулы әлеуметтік қызметтер және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны ұйымдастыру туралы баяндама жасады. Белгілі болғандай, облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы ортаны қамтамасыз ету талабына сәйкес келетін бірде-бір нысан жоқ. Тіпті, бір ғимараттың өзінде 4-5 кемшіліктен бар.
Облыс әкімі Асайын Байханов 2024 жылдың бюджеті қарастырылғанда ең әуелі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі назарға алынатынын, соның негізінде аудандарға қаражат бөлінетінін атап өтті.
Оралхан ҚОЖАНОВ.