Кірпіш қалауды кейбір азаматтар оңай шаруа деп ойлар. Бірінің үстіне бірін айқастыра жапсыра берсең болғаны дер. Ал шын мәнінде, кірпіш қалау — үлкен жауапкершілікті, шеберлікті, көз мергендігін қажет ететін қажырлы еңбек. Сол қызметтің ыстығы мен суығына төзіп, бүгінде хас шеберлер қатарына қосылған жандардың бірі — Қайыргелді Дүйсембаев.

1999 жылы отызға тақаған шағында құрылыс алаңына қарапайым жұмысшы болып қабылданады. «Алып кел, барып кел, бере сал, апара сал» деген шаруаларды тындырумен жүреді. Ерітінді араластырып, құйып, кірпіш қалайтын әріптестеріне тасып беруі тиіс. Яғни, жәрдемші жұмыскер еді. Алғашқы араласқан құрылыс – облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайының ғимараты.

— Меңгерген мамандығым болмаған соң қара жұмысқа кірдім. Қарап отырсам, айналамда 20 жас шамасындағы жігіттер кірпіш қалап, әжептәуір еңбек етіп жүр. Намыстандым. «Бұл жұмыс менің де қолымнан келеді ғой» деп ойладым. Олар түскі асқа кеткенде қолымды жаттықтырып, бір қатарды қалап тастап жүрдім. Қолымнан келетініне көзім жетті. Талпынысымды бригадир де байқапты. Содан ғимараттың ішкі қабырғаларын қалауға араласуыма жол ашты. Сөйтіп, кірпіш қалаушы ретінде алғашқы қадамдарым басталды, —
деп еске алады құрылыстағы алғашқы еңбек жолын Қайыргелді аға.

Одан кейін жеке тапсырыстар алып та жұмыс істейді. Астананың зәулім ғимараттарын салуға да атсалысқан. Жекеменшік фирмалармен де қызмет етеді. Осылайша, тәжірибе жинап, біртіндеп аспанмен таласқан зәулім ғимараттардың сыртын кірпішпен қаптау ісі де сеніп тапсырылады.

— Біздің салада үйлердің, ғимараттардың сыртын кірпішпен қаптау – өте жауапты бағыт. Кез келгенге бұл жұмыс тапсырылмайды. Себебі, мұнда үлкен жауапкершілік жатыр. Бір кірпіш те қиыс кетпеуі тиіс. Асықпай, түзулігін көзбен де, арнайы құралмен де өлшеп, жиі қадағалап отыру керек. Кірпішті таңдап отырасың. Себебі, сынық кірпіш қаланып кетпеуі керек. Қысқасы, сәл де болсын, қателік жіберуге болмайды. Ал ғимараттың ішін бөліп тұратын қабырғаларды қалау жеңілірек, — дейді Қайыргелді Қабдылмәжитұлы.

Кірпіш қалаушы Қайыргелді ағаның құрылыс алаңындағы негізгі «көмекшілері» — күрекше, екі жүзді балға, қалақ. Ал қабырғалардың, есіктер орналасатын тұстардың бұрышын шығарып, қырлау кезінде деңгейлегіш пен тіктеуіш құралдарын серік етеді. Кірпіш қалаудың хас шебері құрылыста негізі төзімді, шымыр, құрыш білекті азаматтар еңбек ететінін алға тартты. Айтуынша, қыста аязда, жазда аптап ыстықта далада бір тыным таппайтын тіршілікке төзетін жастар жағы жыл сайын азайып барады.

Кейіпкеріміз 2006 жылы аймағымыздағы талай көп қабатты үйлер мен түрлі нысанды салған «ГСУ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қызметке орналасады. Содан бері аталмыш компанияда кірпіш қалаушы болып еңбек етеді. Қаладағы талай ғимараттың құрылысында Қайыргелді ағаның қолтаңбасы жатыр. Қаншама әлеуметтік нысандардың қабырғасын қалап, өңірдің өркендеуіне үлес қосуда. Былтыр Павлодар қаласындағы №9 мектепке жапсарлана салынған қосымша ғимараттың құрылысына атсалысқан. Қазіргі таңда облыстық балалар психоневрологиялық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қосалқы ғимаратының кірпішін қалауда.

Құрылыстан тапқан нәпақасы құрыш қолды құрылысшының ұл-қызын, немерелерін ел қатарлы дамытып, олардың биікке самғауына мүмкіндік беруде. Қызы бүгінде шетелде білім алып жатса, «әке көрген оң жонар» демекші, ұлы құрылыс саласында еңбек етуде.

— Ұлымды 17-19 жас кезінде өзіммен бірге ертіп жүрдім. Еңбек демалысыма шыққанда жеке тапсырыстар алатынмын. Сонда маған көмектесетін. Кейін бұл бағыт оның негізгі кәсібіне айналып үлгерді. Ұлым құрылыс саласында жеке фирмасын ашты, — дейді Қайыргелді Дүйсембаев.

Ширек ғасыр уақыт құрылыста жүктелген міндетті әрдайым мінсіз атқаруға күш салатын Қайыргелді аға әлі де еңбегін аямақ
емес.

Сандарды сөйлетсек:

— Алты айда аймағымызда 118 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды.

— Биыл жарты жылда 162 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл былтырғыдан 19,4 пайызға көп.

— Оның ішінде көпқабатты үйлер көлемі 30 пайызға артты.

— Ал қолданысқа берілген жеке тұрғын үйлер аумағы 12,5 пайызға өскен.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.