Баянауыл ауданындағы Шалқар көлін мекендейтін шамамен 150 дала құсының өлексесі табылды. Үйрек тұқымдас сарыалақаздардың нақты неден қырылғаны әзірше белгісіз. Мамандар бұған қатысты бірнеше болжам жасап отыр.
Күркелі ауылының маңындағы Шалқар көлінде аққу, үйрек, қаз, сарыалақаздар бар. Бірақ басқа құстардың барлығы дін аман. Тек жыл құсы болып есептелетін шамамен 150 сарыалақаз жағаға шығып қалған. Олардың барлығы дерлік – балапандар.
Ветеринария саласының мамандары 6 тамыздан бастап аталмыш аумақта жұмыс істеп жатыр. Күні кеше өлекселердің барлығын жинап, инсинаторда өртеді. Сол арқылы өзге құстарға төнуі мүмкін қауіптің бетін сейілтті. Сондай-ақ, құстардан материал алынып, Астанадағы ұлттық зертханаға жіберілді. Сараптама қорытындысы әзірше шыққан жоқ.
— Шалқар көлі негізі екі бөліктен – ащы және тұщы судан тұрады. Соңғы жылдары олар кемерінен асып, бір-бірімен қосылды. 10-15 жылда көлдің конденсаты бөлініп отыратыны тағы бар. Яғни, тұздың көлемі күрт көбейеді. Сарыалақаздардың қырылуына сол себеп болды ма деген болжам бар. Себебі балапандарды басқа су айдынына жібергенде олар «есін жиып» алады, — дейді жергілікті ветеринарлық пункт меңгерушісі Ғылымбек Жұмабеков.
Бұл ретте облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев тағы бірнеше болжамды алға тартты.
— Аталмыш көлдің маңында егін салатын алқаптар бар. Сондағы гербицидтер құстарға кері әсер етуі мүмкін. Ылғалдық жоғары болуы салдарынан өсімдіктерден у бөлініп, қаздар сол улы өсімдіктермен қоректенуі де ықтимал. Бір анығы, бұл – жұқпалы ауру емес. Яғни көлдегі өзге құстарға зиянын тигізбеуі тиіс, — дейді А.Тілеубаев.
Мамандардың болжамынша, жыл құстары саналатын сарыалақаздардың иммунитетін басқа құстарға қарағанда төмен болуы мүмкін. Сондықтан жоғары тұздылық, гербицидтер немесе улы шөп бірден әсер етуі ықтимал.
Қазіргі таңда осы ауыл мен өзге де жақын елді мекендер маңындағы көлдер тексерілуде. Бірақ өзге су айдындарында мұндай жағдай әзірше тіркелген жоқ.
Өз тілшіміз.