Өткен аптада «Майқайың алтын» кенішінде жер қазу жұмыстары кезінде  шұңқырға опырылып  түскен автобуста болған құтқару-шының бірі табылды. Іздеу жұмыстары жарты жылдан астам уақытқа созылды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі 19 шілдеде құтқарушының денесі 70 метр тереңдіктен табылғанын мәлімдеді. Бұған дейін іздеу жұмыстары ақпан айының ортасына дейін жалғасып, топырақтың опырылу қаупі болғандықтан уақытша тоқтатылған болатын. Шілде айының басында қайта жанданды. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы мамандары  табылған құтқарушының денесін жердің бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды. Нәтижесінде сараптама жүргізіліп, құтқарушының жеке басы анықталды. Табылған жетон мен киімінен құтқарушылар взводы командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі табылғаны белгілі болды.

Облыс әкімі Асайын Байханов марқұмның ата-анасына, жұбайы Нұрсұлуға, сондай-ақ, туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

– Өздеріңіз білетіндей, орын алған апаттың бірінші күні екі құтқарушының – Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денелері табылған болатын. Енді туыстары Айдос Шаймерденді де жер қойнына тапсырып, дұға жасай алады. Марқұмға иман байлығын берсін, – деді Асайын Байханов.

21 шілдеде қаза тапқан құтқарушыны жер қойнына тапсырды. Облыс әкімі жаназаға қатысып, денесі әлі табылмаған автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің отбасына барды.

– Жақын арада біз оны тауып, туыстарына бере аламыз деген үміттемін, – деп жазды облыс әкімі өзінің Instagram парақшасында.

Аймақ басшысы іздестіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді. 17 маусымда сканерлеу арқылы автобустың нақты орналасқан жерін анықтау үшін «Алтын-алмас» АҚ мамандары тартылды. Зерттеу нәтижелері бойынша пайда болған шұңқырдың  түбінен 12 метр тереңдікте автобустың болжамды орналасқан жері анықталды. Шұңқырдың түбінде топырақты қайта экскавациялау жалғасуда. Жұмыстар аса сақтықпен және барлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып жүргізілуде.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайың-алтын» кеніші аумағында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. ТЖД құтқарушылары қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич.

Қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайың-алтын» АҚ екі миллион теңге төледі. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталығы бір миллион 846 мың теңге мөлшерінде қаржы аударды.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.