Мемлекеттік еңбек инспекциясы өндірістегі жазатайым оқиғаларды дұрыс және уақытылы тергеу мен есепке алуды үнемі қадағалап отырады. Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, еңбек қызметі нәтижесінде алынған жарақаттар мен ауруларға байланысты жағдайлар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Облыстық еңбек басқармасының басшысы А.Қапанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек заңнамасын сақтауға мемлекеттік бақылау жүргізу жұмысының қорытындысы жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы 11 айдың ішінде ведомство азаматтардың 1230 өтінішін қарады. Шағымдардың 86-сы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша, 1 144-і еңбек қатынастары бойынша, онда қойылған мәселелердің басым бөлігі жалақыны уақтылы төлемеуге тиесілі. Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында жүргізілген 600-ге жуық тексеру барысында 999 бұзушылық анықталып, 490 ұйғарым берілген. Оның нәтижесінде Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 54 әкімшілік ескерту жасалып, жалпы сомасы 16,0 млн теңгеге 108 әкімшілік айыппұл салынды. Басқармада жалақының уақытылы төленбеуіне байланысты мәселелерге қатысты қабылданған шаралардың нәтижесінде 46,2 млн теңге сомасына жалақы борышы өтеліп, 205 қызметкердің құқығы қорғалған.
— Тұрақты негізде өндірістік жарақаттанудың жай-күйіне талдау жүргізіледі. 2023 жылдың 11 айы ішінде облыс кәсіпорындарында 101 жазатайым оқиға орын алды. Онда зардап шеккен 106 адамның 60-ы ауыр жағдайға тап болса, 4-еуі қайтыс болған. Мұндай жағдайларға зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, жұмыс өндірісінің қанағаттанғысыз деңгейде ұйымдастырылуы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзуы жазатайым оқиғаларға себеп болады. Тау-кен металлургиясы өнеркәсібі, энергетика өнеркәсібі, құрылыс салаларында зардап шеккендер көп, деді А.Қапанов. Облыс кәсіпорындарында өнді-рістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының талапқа сай болуын қадағалайтын 881 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Өңірдің 21 кәсіпорны өндірістік жарақаттануды, кәсіптік ауруды және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарын азайту, сондай-ақ еңбекті қорғау бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын «Халықтық бақылау» жобасына қосылды.
Т.ӘБІЛДА.