Жақында «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орталығында «Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты «Абай оқулары» қалалық көркемсөз оқу байқауы өтті. 18-35 жас аралығындағы жастар қатысқан байқау бірнеше кезеңнен тұрып, әрқайсысы өнерлерінің қыр-сырын көрсете алды. Ұлы Абайдың шығармаларын мәнерлеп оқып, көрермендер әдебиет пен өнер саласының ұшқынын байқады.
Аталмыш байқаудың басты мақсаты – Абай шығармашылығы арқылы қазақ тілінің көркемділігін, бай қорын насихаттау, оның шығармашылығының өзге ұлт тілдеріне аударылған нұсқаларын танытып, Абай шығармаларын оқу арқылы көркемсөз шеберлігін, тіл мәдениетін шыңдау, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру.
Қатысушылар өлеңдерін жатқа оқу, Қара сөздерін мәнерлеп оқу және орындау сынды үш кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындады.
– Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына байланысты көркемсөз байқауын дәстүрлі түрде өткізуді жөн көрдік. Ереже бойынша бұл республикалық байқауға жастар қатысып, көркемсөз өнер шебері атануында бақ сынасады. Яғни әдебиетке жақын, өнерсүйер жастарды шығармашылық жағынан қолдап, өнерлерін халық алдында көрсетудің бір амалы деп те айтуға болады. Сонымен қатар, байқау тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында өткізілуде. Тұжырымдаманың негізінде мемлекеттік тілді қолдау, әдебиетшіл жастардың жолын ашуға әсер етеді, – дейді Павлодар қаласының мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің сектор меңгеруішісі Мейрам Нұғман.
Байқау жеңімпазы болып Павлодар қаласындағы №21 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Аида Бақтияр танылды. Ол осындай байқау талапкерлерге жеке шыңдалуына, әрі қарай алға жылжуына әсер ететінін айтады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осындай сайысқа қатысып, дайындығымның аздығынан жүлделі орынға ие бола алмадым. Алдағы уақытта міндетті түрде жеңіске жетуім керек деген мақсат қойдым. Қазақ тілін дәріптеу — азамат, ұстаз ретінде парызымыз. Дайындық барысында «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін таңдап, әсем әнді әуездеп жеткізгім келді. Сондай-ақ, терең мағыналы қара сөздерінің ішінде 14-ші Қара сөзін таңдап, білімді болумен қатар, рухани жан-дүниеңді кеңейту мағынасын талдадым, – дейді ол.
Көркемсөз байқауының соңында жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Салтанат ҒАББАС.