Сайын далада осыдан 60 жыл бұрын іргесі қаланып, бүгінде әлемге әйгілі алып кәсіпорынға айналған Павлодар алюминий зауыты мен №1 жылу-электр орталығы айтулы күнді айрықша атап өтті. Металлургтер күнімен тұспа-тұс келген мерейлі дата Естай атындағы мәдениет сарайында сән-салтанатымен тойланды.

 

Мерекелік кешке облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, даңқты еңбеккерлерді айтулы күнмен құттықтап, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген металлургтерге алғысын білдірді.

— Бүгін үш мереке қатар келіп отыр. Алюминий зауыты мен ЖЭО-1 кәсіпорындарына — 60 жыл. Бұл айтулы мерейтойлар металлургтер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздің Президенті әрбір еңбек құрметке лайық болуы тиіс деген еді. Ауыр әрі адал еңбектеріңізбен өңіріміздің, еліміздің дамуына үлес қосып жатырсыздар. ERG компаниялар тобына қарасты кәсіпорындар бүгінде облысымыздың өнеркәсіптік өнімінің шамамен 40 пайызын өндіруде. 60 жыл бұрын құрылған кәсіпорындар даңқты жолмен жүріп өтті. Іргесі қаланғаннан бері алюминий зауыты 70 млн тоннаға жуық глинозем өндірді. «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы — ірі жұмыс берушілердің бірі. 10 мың қызметкерін еңбекпен қамтып, әлеуметтік жауапкершілігін орындауда. Әрбір өндірістік көлемнің артында жерлестеріміздің маңдай тері бар. Ал жылу станциясы облыс орталығы тұрғындарының 40 пайызын жылумен қамтуда. Алып кәсіпорын cеніммен алға басып келеді. Металлургия — төзімдіктің белгісі. От пен жалын арасында жүрген қажырлы еңбек иегерлеріне алғысымыз шексіз, — деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Павлодарлық металлургтерді кәсіби мерекесімен және екі кәсіпорынды мерейтойымен құттықтап келген «Еуразиялық топ» ЖШС бас директоры Серік Шахажанов алдымен ардагер металлургтерге алғысын айтты. Яғни, Павлодар алюминий зауытында глинозем өндірудің әлемде жоқ бірегей технологиясын енгізіп, бүгінде глиноземнан бастап, Лондон биржасында ойып орнын алған жоғары сапалы алюминий өндірісіне дейінгі тізбектің түзілуі үлкен ерлік екенін айрықша атады.

— Біздің компаниялар бір орында тұрған жоқ. Әрдайым жаңашылдыққа ұмтыламыз. Бүгінде экологиялық шараларға басымдық береміз. ЖЭО-1 станциясының №6 қазандығына бірегей сүзгі орнатылды. Бұл әлі де жалғасады. Пештерге гибридті технология қолданыла бастады. Алюминий зауытын жаңғыртуға қадам жасалуда. Алда бокситті қақтаудан күйдіру әдісіне көшу жоспарда бар. Енді бес жылдан кейінгі мерейтойға жаңа технология- мен жетеміз. Біздің мақсат — басты құндылығымыз –
қызметкерлерді қауіпсіз еңбекпен қамту, — деді Серік Кәрімжанұлы.

Мерекелік салтанатта Ақсу ферроқорытпа зауытының, Қазақстан электролиз, Павлодар алюминий зауыттарының даңқты металлургтеріне мемлекеттік наградалар, облыс әкімінің марапаттары, корпоративтік, салалық марапаттар табысталды. «Еуразиялық топ» ЖШС атынан Павлодар алюминий зауыты мен электр станцияға ЛЭД-экран алуға сертификат табыс етілді. Сый-құрмет мұнымен біткен жоқ. Салтанатты кеште «Қазақстан алюминийі» АҚ-да ұзақ жыл адал еңбек еткен, жауапкершілігімен, шеберлігімен көзге түскен үш қызметкері баспаналы болды. Тағы 10 маманы көлік мінді.

Сондай қуанышқа бөленген Мәдина Марденова алюминий зауытында сорғылық қондырғылар машинисі болып еңбек еткеніне 8 жыл болыпты. Ол су, коагулянт, сілті сияқты сұйықтықтарды жеткізетін сорғыларға қызмет көрсетеді. Колледжді аппаратшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Енді биыл кәсіпорын атынан жоғары білім алмақ.

— Кәсіпорнымыздың мерейтойына орай үш бөлмелі пәтердің иесі атанып отырмын. Қуанышымда шек жоқ. Кәсіпорын атынан баспана алуға өтінім тапсырдым. Балл бойынша үміткерлер арасынан іріктеді. Төрт баланың анасымын. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Осының бәрі ескерілді деп ойлаймын. Баспана өте төмен пайыздық ипотекалық бағдарламамен берілді. Отбасымыз үшін үлкен сый —
бұл. Зауытымыздың өркендеуіне үлесімді қоса бермекпін, — дейді
М.Марденова.

Жаңа көлік мінген Сабырхан Оразханов та адал еңбегімен зауыттың дамуына әлі де атсалыса беруге әзір. Ол кәсіпорында гидрометаллург-аппаратшы болып 30 жылға жуық уақыт жұмыс атқарады.  Әріптесі Нұрхан Серқазинге де 25 жылдық мінсіз еңбегі үшін темір тұлпардың кілті табысталды.

— Цех басшысымын. 2000 жылы қарапайым жұмысшы болып еңбекке араластым. 2007-2013 жылдар аралығында шебер қызметін атқардым. Одан кейін цехқа басшылық ету тапсырылды. Зауытымыздың мерейтойында тосын сый жасап жатыр. Астыма ақ темір тұлпар мінгізді. Еңбегіме берілген үлкен баға деп білемін. Қызметте қоластымдағы азаматтардың қауіпсіздігіне, кәсіпорынның алдына қойған мақсаттарын орындауға баса мән беремін. Басшылықтың артқан сенімін ақтауға алдағы уақытта да барымды саламын. Осындай сый табыстаған ERG компаниялар тобының, өзіміздің зауыттың басшылығына ризашылығымды білдіремін, — дейді Н.Серқазин.

Мерекелік кеш еліміздің және өңіріміздің өнерпаздарының концертіне ұласты. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдызы AMRE өнер көрсетті. Сондай-ақ, кеш қонақтары түрлі фильмдер мен сериалдардың әйгілі саундтректеріне жасалған каверлерді тамашалады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген –  Есенжол Исабек