Өмірде қай істі бастаса да, шаруасын дөңгелетіп, ұршықша  иіріп әкететін қабілетті адамдар болады. Осындай қабілетті жандардың бірі Төтенше жағдай-
лар департаментінің баспасөз хатшысы – Майгүл Қамидоллақызы Хамитова. Ол кісінің өмірбаянымен танысқанда қызметіне жанын салатын қайратты жан екенін байқадық.

Майгүл Хамитова Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Алмасай атты қазақы ауылда үлкен отбасында туып-өскен. Алпамыс, Қобыланды, Манас  батыр жырларын оқып өскен қыз тіл маманы болуды армандайды. Өмірдің ағысымен түрлі салада қызмет атқарғанымен, сол бір балалық арманы ойынан кетпейді. Сөйтіп, Майгүл Хамидоллақызы жүрек қалауы болған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп, жоғары оқу орнын үздік бітіріп шығады.

2003 жылы Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар басқармасына бас маман болып қызметке тағайындалған Майгүл Қамидоллақызы – осы салада мол тәжірибе жинаған білікті маман. Қазіргі таңда Павлодар облыстық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы ретінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Күн-түн демей сала жаңалықтарымен бөлісіп, БАҚ өкілдеріне қажетті ақпаратты таратады. Жақында осы еңбегі лайықты бағаланып, мемлекеттік мекемелердің арасында өткен «Үздік баспасөз хатшысы» аталымында жеңімпаз деп танылды.

– Төтенше жағдайлар қызметі – қиын да қызықты сала. Қызметте мен үшін қиын болғаны – екі тілде қатар сауатты сөйлеу және жазу. Баспасөз хатшысы жан-жақты болуы тиіс. Күнделікті бір жұмыс қайталана бермейді, әртүрлі жұмыспен айналысамын. Бір күні азаматтар сауалына жауап берсем, ертеңіне рейдке шығуым мүмкін. Тағы бірде мекемелерде төтенше жағдайдың алдын алу туралы дәріс оқысам, келесіде төтенше жағдайлар болған жерге баруға тура келеді. Міне, осылайша үздіксіз жалғаса береді, – дейді М.Хамитова.

Майгүл Қамидоллақызы қызмет барысында болған есте қаларлық оқиғасымен бөлісті. Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы демалыс күндері кезекшілік атқаратын кез. Кезекшілікке түскен қызметкер қолына рация, фотоаппарат, видеокамера алып, оқыс оқиға орнына баруы керек.

– 2009 жылдың жаз айында Екібастұз қаласынан 50 шақырым жерде үлкен жол апаты болды. Жүргізушімен оқиға орнына келсек, екі жеңіл автокөлік соғылысып, 9 адам көз жұмған. Жастар екен. Сонда өзімді ұстай алмай, көз жасыма ерік бердім. Осы кезде полиция қызметкері Тереза Владимировна: «Ты же в ЧС работаешь!» деп ескерту жасағаны есімде. Қызметім осындай қиын шақта өзімді ұстауға үйретті. Қандай қиындықты да сабырмен жеңіп шығуға қайраттандырады, – дейді Майгүл Хамитова.

Кейіпкеріміз жұмыс күндері өзіне жүктелген міндетті атқаруға жанын салса, демалыс күндері отбасының қамында. Жолдасы – қарапайым жұмысшы. Мамандығы – ауыр кран жүргізушісі. Майгүл Хамидоллақызы – отағасымен бірге екі ұл тәрбиелеп өсіріп, үш немере сүйіп отырған бақытты жан. Балалары – еліміздің көркеюіне үлес қосып жүрген жоғары білімді мамандар.

Майгүл Хамитованың айтуынша, жастарға оқуда да, қызметте те таныс-тамыр жағаламай, әрдайым өз күшіне сену қажет. Таңдаған мамандығын игеріп, маңдай терімен табысқа қол жеткізген адам еңбегінің жемісі тәтті болады. Кез келген қиындықты сабырмен жеңе білген адам – шын мықты. Жоққа сабыр, барға шүкір етсе, ешқашан ұтылмайды. Өмірде неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым сыйлы болмақ.

– Кішкентай баланың да, ересек адамның да тілін таба аламын. Журналистер қауымымен де тіл табысу қиын емес. Менің ойымша, кез келген мәселені  ұрыс-керіссіз, ақылмен шешуге болады, – дейді білікті маман.

Көп жыл бойы мемлекеттік қызмет саласында қызмет етіп жүрген Майгүл Хамидоллақызы халқымыз ана тілінде еркін сөйлеп, ісқағаздары толық мемлекеттік тілде жүргізілсе деп армандайды. Барлық іс-шаралар да қазақ тілінде өтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі күннен-күнге асқақтай берсін деп тілейді.

– Бұрынғы кеңестік идеология «Орыс тілін білмегендер адам болмайды» деп өзге тілді күштеп үйреткені сияқты елімізде мемлекеттік тілді білмеген адамдар нан тауып жей алмайтын халге жетсе, өздері-ақ мемлекеттік тілге мойын бұрар еді, – деген пікірде.

Майгүл Қамидоллақызы ана сүтімен даритын ана тілін дамытуда құндақта сәбиі бар аналардың да рөлі маңызды деп есептейді. Ол үшін баланы қазақша әлдиімен тербетіп, қолына алғанда кошақаным, құлыншағым, балапаным деп еркелетіп өсіруі қажет. Ананың мейіріне қанып, ұлттық тәрбие алған баланың болашағы жарқын боларына сенеді.

Торғын ОРАЗАЛЫ.