Аймағымызда көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жоғары деңгейде тойланды. Облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сарайында үздік деп танылған сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Биыл Қазақстан теміржолына – 120 жыл. Мерейлі дата қарсаңында 200-ге жуық теміржолшы марапатқа ие болды.
Мерейтой иелерін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының басқарма басшысының міндетін атқарушы Нариман Омар құттықтады.
— Көлік кешені – ұлттық экономиканың маңызды элементі. Сала өкілдерінің үйлесімді жұмысы арқасында көлік инфра-құрылымы белсенді түрде жаңартылуда, тасымалдау көлемі артуда. Көлік қызмет-керлеріне жүктелетін міндет зор. Сіздер әр жолаушының қауіпсіздігіне жауаптысыздар. Күрделі саланы таңдап, аянбай еңбек етіп жүргендеріңіз үшін алғыс айта-мын. Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді Нариман Ерғанатұлы.
Бұл күні сала үздіктеріне «Адал еңбегі үшін», «Кәсібі бойынша ең үздік», «Құрметті теміржолшы» төсбелгілері табысталды. Бірқатар теміржолшы облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Құрметке бөленгендердің қатарында Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Ерейментау станцияларының кассирлері, вагон қозға-
лысын реттеушілер, жетекші инженерлер, машинист-нұсқаушылар, пойызды құрас-тырушылар да болды.
Теміржол саласында табанды еңбек етіп жүргендердің қатарында Махмұт Садықов та бар. Ол өзі таңдаған күрделі маман-дықта 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
— Теміржол саласындағы еңбек өтілім 31 жылды құрайды. Жұмыс орнымды ешқашан ауыстырмадым. Қызметте станция кезекшілерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Пойыздарды уақытылы жолға жөнелтеміз. Ұлым да менің жолымды қуып, әріптесім болып жұмыс істеп жүр. Мереке қарсаңында «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін алғаныма қуаныштымын. Көлік қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттық-таймын, — дейді М.Садықов.
Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Атап өтерлігі, Қазақстан теміржолында 2890 павлодарлық қызмет атқарады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.