Үй алудың жолдары қандай?

Ақп 19, 2026

Осы жылдың наурыз айынан бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады. «Отбасы банкі» баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қабыл-дауға халықтың әлеуметтік осал топтары, қандастар және ҚР өзге азаматтары қатыса алады. Сонымен, баспана үлестіруде кімдерге басымдық беріледі? Өтінім қабылдаудың негізгі шарттары қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламовпен әңгімелестік.

– Арман Тоқсанбайұлы, келесі айда «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылданатынынан хабардармыз. Жалпы, бұл бағдарламаға кімдердің қатысуына мүмкіндігі бар?

– 2026 жылғы «Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау наурыз айында басталады. Нақты уақыты әзірге белгісіз. Өтінімдер Baspana Market (Баспана маркет) платформасы арқылы онлайн қабылданады. Өтінім берген нақты минут/күн нәтижеге әсер етпейді. Іріктеу балдық жүйе арқылы жүреді.

Ипотекалық бағдарламаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар (оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары), қандастар және Қазақстан Республикасының өзге азаматтары қатыса алады. Шарттар қатысушы санатына қарай өзгереді.

– Басты талап қандай?

– Алдымен өтінім беруші аза-маттың «Отбасы банкінде» шоты болуы керек. Болмаса ашуы тиіс. Сондай-ақ, өтінім берер сәтте жинақта белгілі бір қаражаттың болуы қажет (кемінде 2 млн теңге). Одан бөлек, үміткердің соңғы жылдарда атында немесе отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы керек. Оған қоса, өңір, санат, несие қабілеттілігіне байланысты тексеріледі (табыс, төлем қабілеті және т.б.).

Мөлшерлеме: халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 7 пайыз, басқа санаттар үшін 9 пайыз (ЖТСМ диапазонымен бірге беріледі). Бастапқы жарна кемінде 20 пайыз, қарыз мерзімі 19 жылға дейін есептеледі.

– Бағдарламаға өтінішті қалай берсе болады?

– Алдымен Baspana Market порталына кіріп, «Наурыз» бағдарламасын таңдап, онлайн өтінім беріледі. Өтінім тіркелген соң, банк/платформа кезең-кезеңімен мәртебесін көрсетеді. Іріктеу балдық жүйемен жүргізіледі. Қатысушыларға кредиттік өтінімді белгілі бір күнге дейін тапсыру қажет болғаны туралы ресми хабарламалар жарияланған.

– Ал Жұмысшы мамандықтарға бағытталған «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасына қатысу үшін қандай критерийлерді орындау керек? Бас-тапқы шарттары қандай?

– Қатысу үшін үміткер алдымен жұмыс орнынан белгіленген үлгідегі анықтама алады. Бұл құжатта оның нақты мамандығы мен жұмыс орны көрсетіледі. Одан кейін азамат құжаттарымен «Отбасы банкі» бөлімшесіне жүгініп, алдын ала біліктіліктен өтеді. Банк тарапынан төлем қабілеттілігі мен басқа да талаптар тексеріледі.

Бағдарламаның бастапқы шарттарына келсек, қарыз алу үшін кемінде 20 пайыз бастапқы жарна қажет. Егер сатып алынатын баспана алғашқы нарықтағы таза әрлеумен берілетін тұрғын үй болса, онда бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Сыйақы мөлшерлемесі тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал топтар үшін 7 пайызды, ал өзге санаттағы азаматтар үшін 9 пайызды құрайды (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қосымша есептеледі). Қарыз мерзімі 19 жылға дейін беріледі.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.