Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қала тұрғындары үндістердің мәдениеті мен өнерімен таныса алады. Облыстық кітапханада Үндістанның бұрышы ашылды.
Салтанатты рәсімге Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, Үндістанның Қазақстандағы елшісі Нагендра Прасад және Свами Вивекананда атындағы мәдени орталықтың директоры Санджай Веди қатысты.
— Павлодар мен Нью-Дели кітапханаларының ынтымақтастығы аясында пайда болған халықтық дипломатия жобасы негізінде екі мәдениеттің достығы мен ынтымақтастығы бұрышы пайда болды. Жалпы, қазақстандықтарды үнді кинематографы, музыка, әдебиет, би өнері тартып тұрады. Қаламыздағы мәдениет бұрышы халықтар арасындағы рухани байланысты одан әрі дамытады. Алда көптеген жаңа идеялар мен қызықты жобалар болады деген сенімдемін, — деді Айзада Құрманова. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанованың айтуынша, Үндістан бұрышын ашу идеясы осы жылдың көктемінде Павлодарға мәдени орталықтың директоры Санджай Веди келген кезде пайда болған.
— Мұнда үнді халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы әдебиеттер ұсынылған. Елшілік ағылшын, хинди, араб және қазақ тілдерінде жүзге жуық кітап ұсынды. Сондай-ақ, осы елдің ерекшелігін көрсететін кәдесыйлар сыйға тартылды. Бұл залда оқырмандарымыз үшін әдеби кештер, поэтикалық кездесулер үнемі өткізіліп тұрады. Елімізде мұндай орталықтар жоқтың қасы. Үндістанның Павлодар бұрышы – бірінші жоба. Торайғыров университетінде оқитын үндістандық студенттер мұндағы кездесулер мен кештерге қатысады. Сонымен қатар, Павлодарда жұмыс істейтін йога орталықтарын да тартуға болады деген ойдамыз, — деді Баршагүл Байжанова. Облыстық кітапхана қызметкерлері осы елмен ынтымақтастықты одан ары дамыту мақсатында желтоқсан айында Үндістанға арналған әдеби кеш, ал келесі жылы Нью–Дели кітапханаларымен онлайн кездесу ұйымдастырмақ. Ерекше іс-шараның қонақтары павлодарлық суретші Светлана Кравченконың тақырыптық сурет көрмесінде көрініс тапқан Үндістан сюжеттерін тамашалады. Суретші Үндістанға алғаш сапарының әсер-лерін авторлық картиналарына арқау еткен.
— Үндістан дегенде әрқашан әдемі мереке көз алдыма келеді. Мен бұл елге әрқашан қуанышпен ораламын. Қарапайым саяхаттан басталған алғашқы сапарымнан бастап осы елге ғашық болдым. 2015 жылы халықаралық көрмеде маған Үндістанды «ашқан» профессор Рам Виранжанмен танысқан едім. Көптеген қалалары мен штаттарында болдым. Менің ойымша, Қазақстан мен Үндістан – қонақжайлылығы, мейірімділігі және бауырмалдығы жағынан ұқсас елдер. Маған суретші ретінде олардың саналуандығы ұнайды. Көрмеге ұсынылған барлық жұмыстарыма Үндістан арқау болды. Кенептегі барлық адамдар шынайы, бұл менің саяхаттарымның сюжеттері. Әрбір жұмысымның өзіндік оқиғасы бар, — деді суретші. Үндістанның Қазақстандағы елшісі Нагендра Прасад екі ел арасын мәдени көпір жалғап тұрғанын айтты. Қазақстандықтар үшін үнді кинематографы мен музыкасымен жақсы таныс, ал үндістер қазақ мәдениетін бағалайды.
Өз тілшіміз.