Павлодар қаласындағы бұрынғы онкодиспансердің ғимараты сүрілуі мүмкін. Емдеу мекемесі болған нысан ұзақ жылдар бойы бос тұрып, іші түгел қираған. Аталмыш ғимаратты студенттерге арналған жатақханаға айналдыру мақсатында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің балансына беру туралы шешім қабылданды. Қазір қайта рәсімдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанға техникалық тексеріс жүргізілді.
Олжабай батыр көшесіндегі бұрынғы онкодиспансер ғимараты күзетке алынды. Ғимарат Ғылым министрлігінің балансына өткі-зілгеннен кейін оны дұрыс пайдалану жөнінде сұрақ туындады. Техникалық сараптама нәтижесі бойынша, ғимарат жұмыс істеуге жарамсыз күйде деп танылған. Тірек конструкциялары сақталғанымен жөндеу жұмыстары қыруар қаражатты талап етеді. Одан да жаңа ғимаратты тұрғызған тиімді көрінеді. Өйткені қазір жатақхана стандарты түбегейлі өзгерген.
— Біз бұл ғимаратты инклюзивті ортаға бейімдеуді де қамтамасыз етуіміз қажет. Яғни, ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттер үшін кедергісіз физикалық қолжетімділік жағдайы жасалуы тиіс. Бұл дегеніміз — кең баспалдақтар, есік ойықтарының кеңейтілуі, студенттерге ыңғайлы санитарлық бөлмелер, — деді Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Серік Ильясов.
Қазір есеп-қисап жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер экономикалық тұрғыдан алғанда ескі ғимаратты бұзып, жаңасын салу тиімді болса, нақты шешім қабылданады. Айта кетейік, педагогикалық университеттің қарамағында қазіргі уақытта 2 жатақхана бар. Бұл ғимарат жөнделсе немесе жаңадан салынса, студенттер үшін тағы бір жатақхана беріледі.
Еске сала кетейік, 2019 жылы бұл аумақта жеке инвестор университетпен келісім бойынша жаңа ғимарат салуды бастаған. Құрылысты 8 ай ішінде аяқтау жоспарланғанымен, пандемия кезіндегі қиындықтарға байланысты кәсіпкер жобадан бас тартып, аяқталмаған нысанды сатып жіберген. Қазір сол жерде көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Ал педагогикалық университет басшылығы мұндай жағдай енді қайталанбайтынына сендіріп отыр.
Егер жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданса, құрылысқа жеке кәсіпкерлер тартылуы мүмкін. Алайда нақты мерзім жөнінде айтуға әлі ерте.
Айта кетейік, бүгінде педа-гогикалық университетте шамамен 4500 студент білім алады. Жатақханадағы орын тапшылығы туындамаса да, санитарлық және әлеуметтік нормаларға сай орын саны көбірек болуы тиіс. Сондықтан жаңа нысан бұл бағыттағы мәселені ішінара шешуге мүмкіндік береді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
