Үш мереке тоғысқан күн

Шіл 24, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ақсу қаласының жұртшылығы айтулы күндер – қала күні, металлургтер күні мен «Қазхром» компаниясының 30 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Шағын ғана өндірістік елді мекеннен бастау алып, бүгінде іргелі қалаға айналған шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерт ұсынылып, түрлі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан, металлургия саласын ілгерілетуде аянбай еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді.

Биыл Ақсу қаласының құры-лғанына 64 жыл толып отыр. Шаһар тарихы мен бүгінгі бейнесі металлургия саласымен тығыз астасып жатыр. Бүгінде көптеген әулет өз өмірлерін осы кәсіпке арнап, кәсіби шеберлік пен еңбекке деген сүйіспеншілікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Атап айтқанда, 7 мыңға жуық тұрғын Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Ақсулықтардың күнделікті ерен еңбектерінің арқасында зауыт озық технологиялармен жұмыс істейтін, ел экономикасының алдыңғы сапында тұрған ірі кәсіпорынға айналды Шағын шаһардағы әр отбасының метал-лургия саласына қатысы бар десек те, артық айтқандық емес.

Сондықтан болар, үш мереке аясында ұйымдастырылған мәдени-спорттық шараларды тамашалап, қатысуға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Қалалық мәдениет және демалыс саябағына жиналған ағайын назарына қолөнершілердің туындылары қойылған көрме ұсынылды. Келушілерді аниматорлар қарсы алып, бірден тамаша көңіл күйге бөледі. Сол сияқты тақырыптық экспозициялар, балаларға арналған ойын, спорттық бағдарламалар, ересектер арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Ал салтанатты кешке облыс әкімі Асайын Байханов арнайы қатысып, Ақсу қаласының жұртшылығын айтулы күнмен құттықтады.

— Ақсу — бұл жай ғана өндірістік қала емес. Бұл – мыңдаған еңбекқор, қажырлы әрі өз ісіне берілген жандардың алтын ұясы. Осындай жандардың тынымсыз еңбегінің арқасында қала жыл сайын өсіп-өркендеп, болашаққа нық қадам басуда. Ақсудың жетістіктері – алдымен осы қала тұрғындары еңбегінің жемісі.

Қала жас болғанымен, Ақсу халқының табанды еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасында бұл қала болашағына сеніммен қарайды. Жуырда ғана болған табиғи апаттың салдарын бірге еңсеріп, бірлік пен төзімділік, өзара көмек үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл Ақсудың күші оның адамында екенін тағы бір дәлелдеді. Сіздер – осы қаланың ең үлкен байлығысыздар, – деді аймақ басшысы.

Мереке аясында металлургия саласы мен қала дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттарға ие
болды. Атап айтқанда, аймақ басшысы қара металл өндірісінің бақылаушысы, АЗФ «Қазхром» ТҰК» АҚ қызметкері Лариса Архиповаға «Еңбек даңқы» III дәрежелі орденін, ферро-қорытпа балқытушысы Қуаныш Сатыбалдиновке «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Шаһардың өркендеуі жолында ерен еңбек етіп жүрген тағы бір топ азамат «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Өз кезегінде Ақсу ферро-қорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев та Жұмысшы мамандықтар жылымен орайлас келіп отырған металлургтер күнімен құттықтап, осы салада маңдай терін төккен ардагерлердің, бүгінгі таңда олардың еңбек жолын жалғап жүрген білікті мамандардың еңбегін ерекше атап өтті. «Қазхром» компаниясының
30 жылдығы аясында әрі кәсіби мерекеге орай ферроқорытпа зауытының бірқатар мықты маманына түрлі марапат табыстады.

Орталық алаңдағы салтанатты кеш мерекелік концертке ұласты. Ақсу қаласының жергілікті өнер-паздарымен қатар аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі, отандық эстрада жұлдыздары — Дильназ Ахмадиева мен Мирас Жүгінісов кештің көрігін келтірді. Думанды той жарқын отшашумен аяқталды.

Айнагүл МАМЫРОВА, Ақсу қаласының тұрғыны:

— Ақсу қаласының әкімдігі жергілікті жұртшылыққа әдемі кештер сыйлап, керемет концерттер ұйымдастырып, жақсы көңіл күй сыйлап келеді. Таяуда «Ақсу толқыны» маусымының ашылуы жоғары деңгейде өтсе, енді қала күні мен металлургтер күніне орай өткізіліп отырған кешке жиналдық. Жалпы, біздің шаһар – нағыз қызған еңбектің ортасы. Мұндағы тұрғынның әрқайсысының металлург туысы, досы бар. Сондықтан дәл осы кәсіби мереке бәріміздің жанымызға жақын. Түрлі қиындыққа, жұмыстың ауыртпалығына қарамастан, өңірдің экономикасын ілгерілетіп, дамуына үлес қосып жүрген зауыт жұмысшыларын төл мерекемен, шаһар жұртшылығын қала күнімен құттықтаймын. Ақсу өсіп, өркендей берсін!

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Ақсу қаласы.