Басшының іскерлігі кабинетте шіреніп отырумен бағаланбайды. Ұжымдағы жұмыстың жүруі басшының әріптестеріне деген қарым-қатынасына байланысты. Облыстық әділет департаментін басқарып отырған Маржан Имятова осы ұстаныммен жұмыс істейді.
Маржан Имятқызы әділет органында жұмыс істеуді бала күнінен мақсат еткен. Ақтоғай ауданының тумасы екі бірдей мамандықты меңгерген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогиалық институтында «Физика және математика» мамандығы бойынша білім алса, 2004 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдайды. 1996-2003 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы ішкі істер басқармасында еңбек етеді. Әділет органының табалдырығын 2004 жылы басады. Әу баста облыстық департаментте бас маман болып еңбек етеді. 2005-2007 жылдары аралығында Павлодар қаласы Әділет басқармасы басшысының орынбасары, 2007-2013 жылдары Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары лауазымында еңбек етеді. Кейін Астана қаласындағы Әділет департаментінде бөлім басқарса, 2015-2019 жылдар аралығында Астана қаласы Әділет департаментінің Есіл аудандық Әділет басқармасының басшысы болған. 2019-2020 жылдары Астанадағы Әділет департаменті басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істейді. 2020 жылдың мамыр айынан бастап Павлодар облысы Әділет департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған.
— Отбасында 8 баламыз. Ағаларымның бәрі заң саласында жұмыс істейді. Прокуратурада жұмыс істеген ағам — генерал. Тағы бір ағам құқық қорғау саласында еңбек еткен. Мен — үйдің кенжесімін. Мұғалім мамандығы жаныма жақын болмағандықтан, жүрек қалауымен құқық қорғау саласына ауысуды жөн көрдім.
Ата-анам балаларына адал еңбек етуді үйрете білген ардақты жандар еді. Екеуі бір шаңырақ астында 70 жыл өмір сүрді. Әкем — Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, жол саласына 40 жыл басшылық етті. Ұлы Отан соғысының ардагері, айналасына өте сыйлы адам болды. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көп көмек жасап, қамқорлық танытқан. Анам да өте еңбекқор болды. Ол тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында қызмет еткен еңбек ардагері.
Отбасымызда күнде жылулық, махаббат, береке, ауызбіршілікті ғана көріп өстік. Таңертең ұйқыдан оянғанда нан мен дәмді ботқаның иісі мұрнымызды жаратын. Анамыз балаларына ерекше қамқорлықпен қарайтын. Сол үшін де ата-анамызға ризамыз, — дейді Маржан Имятқызы.
Әділет органына маман болып орналасып, басшы лауазымына көтерілген Маржан Имятқызы әйел адамға департаментті басқару оңай емес екенін жасырмады. Бастысы, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білудің маңызы зор.
— Әр басшының жұмыс істеу стилі бар. Мен облыстық департаментке келген кезде халыққа қызмет көрсетіп отырған мамандарға жағдай жасауға мән бердім. Ең бірінші кезекте мамандарға жеке бөлме қарастырдым. Бұл ретте қабылдау бөлімінің аумағын кішірейтіп, орынбасарға арналған бір кабинетті екіге бөлдім. Еден жуушыларға да жеке кабинет қарастырдым. Бұған дейін сот орындаушылары жеке мекемеде отыратын. Құжатқа қол қойғызу үшін біздің департаментке келетін. Сондықтан бұл мамандарды департаментке көшірдім. Екі конференция залының біреуін сот орындаушылардың құжаты сақталатын мұрағатқа айналдырдық. Бұдан бөлек, жұртшылық тарапынан түсетін шағымдарды азайту мақсатында бірінші қабатта кезекшілер тізімін бекіттім. Өйткені, департаментке адамдар түрлі сұрақтармен жүгінеді. Мысалы, жер алу, банктегі несие, жылжымайтын мүлік сынды мәселелерді арқалап келеді. Мамандар оларды қабылдап, аталған сұрақтардың департамент құзырына жатпайтынын түсіндіріп, қажетті кеңес береді. Бұдан бөлек, фронт-офис аштық. Онда мемлекеттік сот орындаушылары әкімшілік хаттамаларды толтырады. Тұрғындар компьютерді пайдаланып, электронды сандық қолтаңба ала алады. Борышкерлер реестрі арқылы қарызы барын не жоғын тексере алады. Осының бәрі — халықтың игілігі үшін қолға алынған жұмыстар, — дейді М.Имятова.
Маржан Имятқызы — ұлы мен қызынан 5 немере сүйіп отырған ардақты ана, бақытты әже. Әділет органында табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшының қызметіне береке, отбасына амандық тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.