Елімізде халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жобалар жүзеге асуда. Алайда екі қолға бір күрек іздеген тұрғындардың көпшілігі оның талап-тәртібі мен шарттары жөнінде біле бермейді. Төменде аталмыш жобалар аясында жұмысқа орналасудың қандай жолдары бар екенін, жалпы, аймақтағы ахуал қалай екенін саралағанды жөн көрдік.

Алғашқы жұмыс орны

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, былтыр 9 ұлттық жоба шеңберінде 7546 жұмыс орны жоспарланып, 8960 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 1136 тұрақты, 7824 уақытша орын екенін айта кету керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жас мамандарды жұмыспен қамтуға басымдық берілуде. Осы бағытта «Алғашқы жұмыс орны» жобасы қанат қаққан болатын. Бұл — алғаш рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орындарын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Талап бойынша оған 35 жастан аспаған, бұрын-соңды жұмыс істемеген, яғни еңбек өтілі мен тәжірибесі жоқ жұмыссыз азаматтар қабылданады. Бірінші жұмыс орнындағы еңбектің ұзақтығы 18 айдан аспауы тиіс. Ары қарай бұл орында отырған жасқа кемінде 12 айдың ішінде тұрақты жұмыс ұсынылады.

Облыстық еңбек мобильділігі орталығының мәліметі бойынша, 2023 жылы алғашқы жұмыс орнына 333 адам орналасып, жоспар (327 орын) артығымен орындалған. Биыл 299 жасты еңбекке тарту жоспарлануда. Демек, жұмыссыз жүрген аймақ жастары мұндай мүмкіндікті мүлт жіберіп алмағаны жөн.

Жастар тәжірибесі

Оқу орнын аяқтап, белгілі бір маман иесі атанғаннан кейін өз саласы бойынша  жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға да мемлекет талапынан қолдау бар. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы дәл осындай қыз-жігіттерге арналған. Яғни, аталмыш жоба түлектерді өз кәсібі бойынша жұмысқа бейімдеуге бағытталған. Оған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, сондай-ақ, жоғары оқу орындарын аяқтаған, жасы 35-тен аспаған, соңғы 5 жылдың ішінде оқуын аяқтаған жастар ғана қатыса алады. Олар міндетті түрде өз мамандығы бойынша мүлдем жұмыс істемеген әрі жұмыссыздар санатында тіркеуде тұруы тиіс және қатысу мерзімі 12 айдан аспайды, дейді мамандар.

Облыстық еңбек мобильділігі орталығының ақпараты бойынша, өткен жылы өңірімізде 1163 жас еңбекке тартылған. Ал осы жылы 1278 түлекті жұмыспен қамту көзделуде.

Ұрпақтар келісімшарты

Аты айтып тұрғандай, бұл — зейнет жасына жетіп жұмыс істеп жүрген тәжірибелі мамандарды жастармен алмас-тырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға бағытталған жоба. Яғни, жұмыс беруші
6 айлық тағылымдамадан кейін зейнетке шығатын адам босататын орынға үміткерді қызметке қабылдайды. Тағылымдамадан өту барысында жас маманға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде жалақы төленеді. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін әлгі жас лауазымына сәйкес тұрақты жұмысқа қабылданады. Бұл жобаға да оқу орнын бітіргеннен кейінгі
3 жылдың ішінде өз мамандығы бойынша еңбек етпеген, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз қыз-жігіттер қатыса алады.

Былтыр аймағымызда аталмыш жоба бойынша 21 адам жұмысқа орналасып, жоспар 100 пайыз орындалған. Биыл да осы бағдарлама аясында 21 жасқа орын тауып беру жоспарлануда.

Әлеуметтік жұмыс орындары

Бұл — жұмыс берушінің мансап орталықтарымен шарт жасасу арқылы жұмыссыздарды
жұмысқа орналастыратын әрі олардың жалақысы субсидия-ланатын әлеуметтік жұмыс
орны.

Бірден айта кетерлігі, әлеуметтік жұмыс орындары уақытша сипатқа ие. Оған қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жұмыс беруші қарамағындағы жұмысшының жалақысын келісімшартта белгіленген мөлшерді негізге ала отырып, нақты еңбек еткен уақыты үшін ай сайын төлеп тұруға міндетті. Ал оның еңбекақысының белгілі бір бөлігін мемлекет төлейді. Бірақ мемлекеттен берілетін субсидия көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.

Әлеуметтік жұмысқа 16 жастан бастап зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтардың барлығы қатыса алады. Бастысы, олар жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұруы қажет, дейді мамандар.

Облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваның айтуынша, былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына 1195 павлодарлық тұрғын тартылған. Ағымдағы жылы 1 мың адам қамтылады деп күтілуде.

Қоғамдық жұмыстар

Мансап орталықтары арқылы жұмыссыз азаматтарды уақытша еңбекпен қамту қоғамдық жұмыстарға жатады. Бір ерекшелігі, бұл жұмыс түрі қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін қажет етпейді. Яғни, кез келген адамды қоғамдық жұмысқа тартуға болады. Мұндай жұмыстарға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспауы тиіс. Оған тіркеуде тұрған жұмыссыздар, өндірістің тоқтап қалуына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген азаматтар, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысуға құқылы. Бірақ, жастар мен жасөспірімдер оқудан бос уақытында және денсаулығына зиян келтірмейтін әрі оқу тәртібін бұзбайтын, яғни өздеріне лайықты жұмыстарға ғана қабылданады.

2023 жылы аймағымызда 3598 адам қоғамдық жұмыстарға қабылданса, осы жылы 2476 адамды қамту жоспарлануда.

Күміс жас

Елдегі зейнет жасына тақаған адамдарды еңбекпен қамтамасыз етуді мақсат еткен бұл жобаның маңызы зор. Себебі, жұмыс берушілердің көбі егде тартқан адамдарды қызметке қабылдамай жататыны шындық. Ал «Күміс жас» жобасына қатысушыларға мемлекет қазынасынан субсидия берілетіндіктен, көптеген кедергілердің жолын кеспек. Сонымен, аталмыш жобаға зейнеткерлік жасқа толмаған, 50 жастан зейнет жасына дейінгі аралықтағы жұмыссыз адамдар қатыса алады. Жұмыстың ұзақтығы 36 айдан аспайды және белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі.

Айта кетерлігі, былтыр облыс бойынша 527 жасы үлкен адам жұмысқа орналасқан. Осы жылы тағы да 692 тұрғын қамтылмақ.

Бизнеске арналған гранттар

Халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру мақса-тында әлеуметтік санаттағы азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуы үшін түрлі қолдаулар көрсетілуде. Соның бірі —  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз мемлекеттік гранттар беру жобасы. Сол арқылы халықтың осал топтары өз ісін дөңгелетіп, өздерін де, өзгені де тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік алады.

Атап өтерлігі, грант көлемі 400 АЕК-ті құрайды. Мұны әр қатысушы тек бір рет қана алады. Бұл гранттарды иелену құқығы атаулы әлеуметтік көмек алушылар (АӘК), көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар, өңіраралық қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ  мүгедектігі бар адамдар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жандарға беріледі.

Облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваның айтуынша, өткен жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарынан 464 қатысушыға гранттар беріліп, жоспар 100 пайыз орындалған. Атап айтар болсақ, 89 мүгедектігі бар адам, 44 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жан, 181 көпбалалы отбасы, 24 асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алатын шаңырақ, 84 ішкі қоныс аударушы, 15 қандас және 27 атаулы әлеуметтік көмек алушы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, бүгінде өз кәсіптерін жалғастыруда. Ал биыл 443 адамға мемлекеттік грант беру көзделіп отыр.

Ескере кететін жайт, грант-тарға ие болу үшін үміткер міндетті түрде «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алуы тиіс. Бұл құжат 3 жылға дейін жарамды екенін айта кеткен жөн.

 

Нұржайна ШОДЫР