Елімізде «Ұлттық қор — балаларға» жобасының алғашқы төлем-дері түсе бастады. Бағдарламаның әрбір қатысушысының шоттарына 100,52 АҚШ доллары көлемінде ақша аударылды. Көпшілік түскен соманы қалай тексеріп, қайдан көруге болатынын түсіндіріп, бір-бірінен сүйінші сұрап кетті.

Яғни, баланың жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы kids.enpf.kz сайтынан азаматтар балаларының шоттарында қаражаттың бар-жоғын анықтауға кірісті. Содан соң алғашқы түсімге қарап, бала 18 жасқа толғанға дейін қанша сома жиналатынын да есептеп, ел-жұрттың әу баста айтылған бірнеше миллионға жету мүмкін еместігін айта бастады. Естеріңізге сала кетейік, мәселен, 2024 жылы туған бала 18 жасқа толғанда шотында шамамен 1,5 млн теңге, яғни 3,5 мың доллар көлемінде ақша жиналатыны айтылған еді. Ал тұрғындар алғашқы түскен 100 долларды 18 жылға көбейтіп, 1800 АҚШ доллары ғана жиналатынын алға тартуда. Мәселенің мән-жайын мамандар түсіндіруде.

— Шотта жиналатын соманың мөлшері экономистердің стратегиялық есептеулері негізінде алдын ала шамалап шығарылды. Шотқа түскен сомаға жыл сайын аударым жасалады, сондай-ақ, инвестициялық табыс қосылады. Мәселен, биыл 100 доллар болса, келесі жылы Ұлттық қордың инвестициялық табысының, активтерінің өсіміне қарай балаларға аударылатын сома алғашқы аударым мөлшерінен көп болуы мүмкін. Нысаналы жинақтау шотында жатқан ақша Ұлттық қордың валюталық активтері құрамында ары қарай инвестицияланады. Демек, бағдарламаның қатысушылары – балалардың шоттағы сомасы да өседі деген сөз, — дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаева.

Қазақстан бойынша 18 жасқа толмаған 7 млн.-ға жуық балаға аударымдар жасалды. Олардың ішінде 304 мың 815 бала 2024 жылы 18 жасқа толады. Демек, олар кәмелет жасына толуларына байланысты нысаналы шоттағы жинақты екі мақсатқа — тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алу ақысын төлеуге пайдалану құқығына ие болады.

Облысымызда қанша бала қордан қолдау көргеніне келетін болсақ, Нұржамал Шаймұханқызының мәлімдеуінше, алғашқы аударым 213 934 балаға түсті. Яғни, олар «Ұлттық қор — балаларға» жобасының мақсатты талаптар қатысушысы саналады. Олардың шоттарына барлығы 21 504 645 АҚШ доллары көлемінде ақша түсті. Ал аймағымызда 10 501 азамат биыл кәмелет жасына толады. Олар мақсатты жинақты алуға құқығы бар тұрғындар санатына жатады. Нақтысы, шотқа түскен 100 долларын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге жарата алады.

Филиал өкілінің айтуына қарағанда, 18 жасқа толмағандардың аударымы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» шоттарына түспейді. Ол қаражат ұлттық қорда инвестициялық айналымында болады. Ал әр жылдың ақпан айында Ұлттық банк пен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» өз сайтында әр балаға қанша қаржы бөлінгенін, бір жылда қаражат қаншаға өскенін көрсетіп отырады.

Ата-аналар арнайы интернет платформалар, сайттар арқылы баласына аударылған соманы көріп, тексеріп отыруы тиіс. Түспеген жағдайда баласының мәліметтер базасында бар-жоғын айқындап, жоқ болса, тіркеп, дербес деректерін енгізуі қажет.

Сонымен, биыл 18 жасқа толатын балалар шотындағы 100 доллар көлеміндегі ақшасын қалай, қайда аудара алады? Н.Дүйсембаеваның айтуынша, қазіргі таңда өкілетті оператор болып «Отбасы банк» шартқа отырған. Азаматтар осы оператордың электронды платформасы арқылы электронды цифрлық қолтаңбасын қолдана отырып, өтініш береді. Ол өтініште жинақты қандай мақсатта қолданатынын белгілейді. Мәселен, оқу ақысын төлеуге пайдаланатын болса, білім алатын оқу орнын көрсетеді. Ал тұрғын үй алуға бастапқы жарнаға жаратқысы келсе, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» Отбасы банкіне аударады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ