Биыл ынтымағы мен бірлігі жарасқан, халықтың абзал қасиетімен, қазақы салт-дәстүрімен сүттей ұйыған, сәні мен әні келіскен киелі мекен Аққулы ауданына — 85 жыл. Жуырда аудан тұрғындары аудан мерейтойын Абай күнінде атап өтті. Сондай-ақ, аталған ауданнан шыққан белгілі дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың 105 жылдығы да кең көлемде тойланды.
Мерейтойға жиналған қауым алдымен аудан орталығындағы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейін Шарбақты ауылына табан тіреп, Рүстембек Омаровтың аллеясына тағзым етіп, тұлғаны еске алды. Игі шараға Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш Омарова қатысып, әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті.
— Әкем Павлодар облысы Лебяжі ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келген. Біз Алматыда туып-өссек те, Павлодар өңірі біздің жанымызға өте жақын, адамдарынан бір тазалық лебі есетіндей көрінеді. Әкем де сол топырақтан өсіп-өніп шыққан соң болса керек, ақкөңіл, ашық-жарқын, қашанда көтеріңкі көңіл-күйде жүретін адам еді. Реті келгенде әзіл-қалжыңын айтып, күлдіріп те отыратын. Әкемнің әкесі, яғни атамыз дәулетті адам болған екен. Дәулетті болуымен қатар өнерді жақсы бағалаған, таңды таңға жалғап күй тартатын, сондай-ақ жыраулық өнері де болған. Өкінішке қарай, өмірден ерте қайтып, әкем балалар үйінде ержетіпті. Тағдырдың мұндай қиындықтарына тап болуы әкемді қайсарлыққа, табандылыққа тәрбиелеген. Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Дәулеткерей сынды күйшілердің күйлерін жан дүниесімен беріліп тартатын. Бүкіл саналы ғұмырын күй жолына арнаған тұлға еді ғой. Өзінің таңдаған мамандығына, кәсібіне адал болды, — деп еске алады қызы.
Мерейтойдың негізгі бағдарламасы аудан орталығы Аққулы ауылында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысып, өз сөзінде Абай күнімен тұспа-тұс келген ауданның 85 жылдық мерейтойымен және күйші Рүстембек Омаровтың 105 жылдығымен құттықтап, облыс әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын табыстады.
— Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді Аққулы ауданының 85 жылдық айтулы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Аққулы ауданы – облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуында қомақты үлес қосып келе жатқан және тарихы мен қазынасы мол өлке. Бұл ауданнан шыққан тұлғаларымыз көп. Олардың арасында Әбілқайыр Баймолдин, Сембай Қалиев, Бекмұрат Уахатов, Рүстембек Омаров, Мерғалым ата, Жанпейіс Сыздықов, Балғабай Оспанов, Ғарифолла Есім секілді азаматтар бар.
Ынтымақ пен бірліктің түпқазығы болып саналатын Аққулы ауданында тұрғындар игілігі үшін соңғы жылдары жасампаз жұмыстар атқарылуда. Халық бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқан жүйелі жұмыстарды өзге өңірлер өз тәжірибесіне енгізуде. Ауданда соңғы жылдары барлық сала бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Құрылыс, инвестиция көлемі артып, ауданның бюджеті бірнеше есеге артты. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да бұл аудан облыс дамуының басым бағыттарын жүзеге асыруға үлес қоса бермек, — деп атап өтті С.Батырғожинов.
Серік Барлыбайұлы елдің берекесі мен бірлігін сақтауға үлес қосқан, тәуелсіздік жылдарынан бері ауданда бірнеше жыл табанды еңбек еткен азаматтарға алғыс білдіріп, облыс әкімінің марапатымен және Алғыс хатымен марапаттады. Одан бөлек, Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш Омароваға құрмет көрсетіп, иығына камзол жапты.
Аудан әкімі Руслан Мұқанов та ауданның игілігі жолында туған жердің өркендеуіне адал қызмет етіп келе жатқан түрлі сала иелеріне алғыс білдіріп, бірнеше еңбек ардагерін аудан алдында сіңірген еңбегі үшін медалімен марапаттады.
— Аққулы ауданы – облысымыздың жан-жақты дамып, жаңа көрсеткіштерге ие болып келе жатқан қазыналы мекен. Көлдерінде аққулары мекендеген, тіл үйірер қарбыздарымен, алқапты дархан жерімен, өнердің шың жұлдыздарымен, ғалымдарымен, еңбек-қор, білікті азаматтарымен ауданымыз көпке әйгілі. Бүгінгі таңда жерлестеріміз ауданымыздың игілігі жолында адал қызмет етіп келеді. Қымбатты ауылдастар, сіздерді шын жүректен ауданымыздың 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! – деді Руслан Берекеұлы.
Мерекелік шара барысында спорт ойындары, атап айтқанда қазақша күрес, гір көтеру, садақ ату, қой көтеру және де бәйге ұйымдастырылды. Бәйгеге көршілес Абай облысынан, Ақтөбе облысынан, Павлодар облысынан Ақтоғай, Май ауданы мен Ақсу қаласынан шабандоздар келіп, өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, этноауыл алаңында өңіріміздің жиырма шақты қолөнершілерінің туындыларынан тұратын көрме ұсынылды.
Айдана БОРАНБАЕВА, Аққулы ауылы, Аққулы ауданы.